Жамбыл ауданының Троицк ауылында бір әжей орманға саңырауқұлақ теруге кеткен жерінен адасып, учаскелік полицияны дүрліктірді. Әжейдің үйге оралмай, адасып кеткені туралы оның жолдасы полицияға хабарлаған, деп жазады Egemen.kz.
Учаскелік инспектор Бекзат Қайсаевтан хабар алған аудандық полиция криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Жоламан Әубәкіров бастаған арнайы топ құрып, әжейді іздеу шараларына кіріседі. Іздеуге ауылдық округ белсенділері, көршілер мен таныстар да қатысты.
Олар кешке дейін жалғасқан жақын ормандарды түгел сүзіп шыққан. Әжей тек кеш бата, көмек сұрап айғайлаған даусынан табылды. Өзі ауылынан 10 шақырымдай алысқа кетіп қалған екен. Әйтеуір аман-есен табылған әжей полиция мен іздеуге қатысқан тұрғындардың бәріне алғыс айтты.
Солтүстік Қазақстан облысы