9 мамыр! Осы айтулы күні мен сүйікті Отанымыздың түкпір-түкпіріндегі әр соғыс ардагерін жеке-жеке құттықтағым келеді! Өйткені, олардың барлығы осындай құрметке лайық жандар, ерліктеріне баға жетпейді, нағыз батырлар.
Кішкентай кезімде атамнан оның жасаған ерліктері туралы сұрау ойыма келмепті. Ал қазір осы кемшілігіме қатты өкінемін. Бір қуаныштысы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ресей Қорғаныс министрлігінің «Халықтың қаһармандығы» деп аталатын сайтынан атам – Абдрахман Оспановқа арналған «Марапат қағазы» деген мақаланы оқыдым. Онда атамның «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылғаны туралы анық та нақты жазылыпты.
«Оспанов жолдас 1945 жылдың 16 сәуірінде Бранденбург провинциясының Грос-Ноендор ауданындағы дұшпанның мықты күшейтілген қорғанысын бұзып өтуде 3-ші Екпінді армияның 79-шы атқыштар корпусына қарасты 150-ші атқыштар дивизиясының 674-ші атқыштар полкі құрамындағы 1-ші батальонға үлкен қолдау көрсетті. Бұл ұрыс қимылдары Берлинге жақын тұстарда да жалғасын тапты. А.Оспанов қарша жауған оққа қарамастан, жаудың бір пулеметшісін жер жастандырып, екі пулеметінің үнін өшірді. Бұған қоса, жаудың екі жаяу әскер взводының күл-талқанын шығарып, өзінің қолдау көрсетуіндегі бөлімшелердің Берлинге шабуылдарын табысты жалғастыруларын қамтамасыз етті».
Марапатқа ұсыну қағазын 276-шы Ленин орденді Қызыл тулы жеңіл артиллерия гвардиялық полкінің командирі полковник Медведев толтырыпты. Осы жерде менің ойыма атамның тағы бір «Қызыл Жұлдыз» ордені бар екені оралды. Сондай-ақ, омырауында «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Кенигсбергті азат еткені үшін» медальдары жарқырайтын.
Бүгінгі күні атамның сұрапыл соғыста қандай ауыртпалықтарды басынан өткергенін көз алдыма елестетуімнің өзі қиын. Есесіне, бейбіт Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Атама және басқа да Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бүгінгі ашық аспанымыз үшін зор ризашылығымды білдірсем деймін.
Қажымұрат ОСПАНОВ.