Өңірдегі 941 өнеркәсіптік кәсіпорынның шамамен 800-і өңдеу секторына тиесілі. Былтыр кәсіпорындар 3 трлн теңгеден астам өнім өндіріп, жаңа межеге қол жеткізді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 64%-ға өсіп, шамамен 1,5 трлн теңгені құраған. Ал биыл 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделіп отыр. Оның ішінде 723 млрд теңге өнеркәсіп саласына бағытталады дейді облыс басшылығы.
«Қарағанды облысы экономикасының өсімі тұрақты сипатқа ие. Бұл – Мемлекет басшысы межелеген міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуына негіз болып отыр. Жыл сайын барлық салада даму қарқыны артып келеді. Оның ішінде жетекші рөлді өнеркәсіп, әсіресе өңдеу секторы атқарады.
Өңірде еліміздегі кокстелетін көмірдің түгелі, энергетикалық көмірдің үштен бірі, түрлі-түсті және қымбат бағалы металдардың қомақты бөлігі, сондай-ақ жалпақ прокаттың 100%-ы өндіріледі. Бұл – аймақтың ғана емес, тұтас елдің өнеркәсіптік қуатының тірегі», дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Бизнес өсімі мен инвестиция тартуға, экономиканың түрлі салаларын дамытуға жан-жақты жағдай жасалып отыр. Соның нәтижесінде облыс ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып, жалпы ішкі өнім көлемі бойынша төртінші орынды иеленіп отыр.
Биыл 7 айда облыста 2,7 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш 7,3%-ға артты. Өңір ішкі жалпы өнім көрсеткіші жөнінен республикада 4-орын алып отыр. Былтырдан бастап облыста жалпы құны 4,5 трлн теңгені құрайтын 120 инвестициялық жоба пулы жасақталып, 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Биылдың өзінде 29 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, соның 15-і – өнеркәсіп пен өңдеу саласында.
Жыл басында мырыш зауыты өз жұмысын бастады. «Silk Road Electronics» кәсіпорнында «Samsung» теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығару желісі іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы бірнеше өндіріс нысаны пайдалануға беріледі. «Тэмпо Казахстан» болаттан тік жікті құбырлар өндірісі, «Силумин оф Казахстан» алюминий радиаторларының жаңа легі, «Qaragandy Power Silicon» кремнийлі қорытпалар ісі, «Гиперборея» атты қуаты 150 МВт жел электр стансасы іске қосылады деп күтіледі. Әкімдік инвесторлармен тікелей жұмыс істеуге ынталы. Бұл ретте Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп, инвестициялық штаб өзекті мәселелерді жедел қарастырып, нақты шешімдер қабылдайды.
«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы да бүгінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Мұнда жалпы көлемі 211 млрд теңге инвестиция тартылды. Өндіріс орындары 258 млрд теңгенің өнімін шығарып та үлгерді. Соның нәтижесінде мемлекет қазынасына 26 млрд теңге салық түсті. Аймақта 1 300 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мұнда 24 қатысушы тарап тіркелген, оның ішінде 11 жоба іске қосылып, 13-і жүзеге асырылып жатыр.
«Дәстүрлі металлургиядан бөлек, машина жасау, резеңке мен пластмасса бұйымдары өндірісі және басқа да салаларды дамытып жатырмыз. Машина жасау өндірісінің өсімі 1 400 автобус пен арнайы техниканың шығарылуы есебінен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, 131 мың тұрмыстық техника мен 372 мың автокөлік шинасы өндірілді. Мұның барлығы өңір экономикасын әртараптандырудың негізгі қозғаушы күшіне айналды», дейді облыс әкімінің орынбасары.
«Saran» индустриялық аймағында «HOWO» маркалы жүк техникасын шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Жоба ауыр техниканы импорттауға тәуелділікті азайтуға бағытталған. Оның жүзеге асуы шамамен 1 000 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Толық қуатқа шыққан соң зауыт жылына 10 мыңға дейін техника өндіреді.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіпорындар мен колледждердің байланысы күшейген. Қазір 8 жоғары оқу орны, 52 колледж бар, оның 40-ы дуалды оқыту жүйесінде. Жалпы, 33 мың студент білім алып жатыр. Саран қаласында да өндірістік қажеттілікке сай жаңа мамандықтар ашылды. Атап айтар болсақ, резина-техникалық өндіріс, шиналар өндірісі, «QazTehna» үшін автокөлік бояушысы және автоқұрастырушы мамандықтары. «Qarmet» оқу орталығы базасында корпоративтік университет құрылып, «Jumys tap» және «WorldSkills» жобалары арқылы қайта даярлау мен біліктілікті арттыру бағдарламалары қолға алынды.
«Өңірдің кен байлығын ескере отырып, шетелдік компаниялар барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Яғни минералды-шикізат базасын кеңейтіп, сирек кездесетін және қымбат металдарды қайта өңдеуге арналған жаңа өндірістерді салуға тың мүмкіндік береді. Мысалы, Құйрықтыкөл кен орнында геологиялық барлау жұмыстары аяқталды. Сирек кездесетін жер металдарының болжамдық қоры – 28,2 млн тонна. Алтын, мыс және вольфрамның әлеуеті зор кен орындары да қосымша анықталды», дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Қарағанды облысы