Аңғал батыр ауылының ақсақалдары ел газеті – «Егеменге» арыз-шағымдарын айтып арнайы хат жолдапты. Ондаған адам қол қойған, ел мұңын арқалаған хат мазмұнын жалғыз ауыз сөзбен түйіндесек, жандарына бататыны – жол жайы.
Жол – тіршіліктің күретамыры дейтұғын сөздің астарындағы мазмұнды осы жолы қапысыз ұққан сыңайлымыз. Біржан сал ауданының бірнеше елді мекен тұрғындары Үлгі – Жаңалық ауылдары бағытындағы алпыс шақырым жолдың әбден тозығы жеткендігінен азап тартып келеді. Аудандық маңыздағы, Үлгі ауылынан бастау алып, Солтүстік Қазақстан облысының шекарасымен түйісетін жол күрделі жөндеу көрмегелі көп жыл өткен. Аңғал батыр ауылының тұрғыны Жексенбай Ыбыраевпен аудан орталығында жолықтық. Ақсақалдың айтуына қарағанда, күре жолдың бойындағы үш ауыл көрешекті жолдың жоқтығынан көріп келеді. Баяғы кеңес заманында салынған жолдың әбден тозығы жеткен. Әлденеше рет жол апаты да болған. Тіпті жол деген аты ғана. Көлікпен жүру мүмкін емес. Тасшалқар, Аңдығожа батыр, Аңғал батыр ауылдары осындай күйде. Мың шұңқыр жолда зәуі бір себеппен амалсыздан жүрген өкпек жолаушының көлігі қирайды, жүйкесі тозады. Сондықтан осы ауылдардың тұрғындары аудан орталығына Бурабай, Қатаркөл елді мекендері арқылы келеді. 40 шақырымның орнына 110 шақырым жол жүреді. Зая кеткен жанармай, есіл уақыт. Әсіресе жедел жәрдем жүргізушісіне обал. Кей күндері бірнеше рет қатынауға тура келеді. Мектеп оқушылары ауданда өтетін пән олимпиадалары мен спорттық-мәдени іс-шараларға зордың күшімен келеді. Былтырғы оқу жылында өткен көрмеге келгендер жиған-терген заттарын шашып алып, енді көрмегеніміз көрме болсын деп күйініп отырған көрінеді.
«Жолаушылар жұлым-жұлымы шыққан жолмен жүруден әбден шаршады. Осы төңіректегі ауылдардың соңғы қазықтарын суырып қоныс аударуы жолдың жайына байланысты, – дейді Жексенбай Ыбыраев. – Біздің ауылда 500 отбасы бар еді, қазір содан қалғаны жүзге жетер-жетпес. Табиғатымыз тамаша, жұмақ жер. Орман да, көкорай шалғын да бар. Мал, егін шаруашылықтарын дамытуға әбден болады. Бурабайдың баурайы, көркем табиғаттың бір мүйісі. Туризмге сұранып тұрған жер. Киелі жерлер қаншама. Әйтсе де, бар түйін күре жолдың күйіне байланысты. Аңғал батыр ауылында орта мектеп, балалар бақшасы, екі дүкен бар. Тек мәдениет үйі, жастардың бос уақыттарын өткізетін мазмұнды орын жоқ».
Жол мәселесін ауыл тұрғындары талай рет көтерген, тиісті орындарға қаншама рет хат жазған. Жиі ауысып жататын аудан әкімдерінің халықпен кездесуі кезінде де айтылған. Депутаттарға да сауалдарын жолдаған. Әйтсе де, шешімін таппай келеді.
Ж.Ыбыраевтың айтуынша, 2024 жылы ел құлағына жақсы хабар жеткен. Жобалық-сметалық құжаты дайындалыпты. Осындай хабарға сусап отырған ел елең ете түскен, үміт оты тұтанған. Жазда жолдың құрылысы басталады дескен. «Үйдегі көңіл күйді базардағы нарық бұзады» демекші, әне-міне жол құрылысы басталады деп отырғанда бар қаражат көктемгі су тасқынының зардабын жоюға бағытталып, қаны шығып тұрған мәселе кейінге шегерілген.
«Әрине, су тасқынының зардабын жою – өте өзекті мәселе. Оны жақсы түсінеміз, – дейді ауыл ақсақалы. – Бірақ біздің де жайымызды түсінетін бір жан табылар ма екен? Аудан басшыларына айта-айта жағымыз талған соң, беделді республикалық басылымдарға хат жазып, мәселенің мәнісіне үңілуді сұрадық. Су тасқыны жылда болып жатқан жоқ қой, жол мәселесі шешілсе, ауыл адамдарының үдере көшуі тоқтар ма еді, кім білсін?»
Аудан әкімі Бауыржан Қасенов бұл қызметте биылғы қаңтар айынан бастап істейді. Жол жайымен жақсы таныс. Мәселенің орын алып отырғанын да біледі. Өткен жылы біз жайын айтып отырған алпыс шақырым жолдың жөндеу жұмысына байланысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Жоба құны – 4,2 миллиард теңге. Аудан бюджетінің қауқары жетпейді. Таяуда аудан орталығында облыс әкімі жергілікті жұртпен кездесу өткізген кезде осы мәселе тағы да көтерілген. Облыс басшысы үшжылдық бюджетті қалыптастыру кезінде ескеріледі деген уәде беріпті.
«Жобалық-сметалық құжат бар. Жылдың басында өтінім берілді, егер жолға қаражат бөлінсе, күрделі жөндеу басталады. Бұл жол ауыл тұрғындарына ғана емес, аудандағы туризмді дамытуға да қажет, – дейді аудан әкімі. – Қазір аудандағы автокөлік жолының 40 пайызы тозып тұр».
Жол ауылмен қатар өнеркәсіпті дамытуға да қажет екені белгілі. Ауданда бірнеше өндіріс орны бар. Соның бірі – «Көкше Цемент» ӨБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестіктің 40 тонналық көліктері көктем мен күзде онсыз да тозығы жетіп тұрған жолды талқандап тастайды.
«Жол мәселесі бизнестің дамуына кері әсерін тигізіп отырғандығы рас, – дейді кәсіпорын басшылары. – Ірі компаниялар да тапсырыс береді. Егер олар екі мыңнан бес мың тоннаға дейін өнімімізді алатын болса, теміржол арқылы жөнелтеміз. Теміржол Ерейментау бағытында. Ерейментау арқылы Астанаға апарады. Алдағы уақытта жол болмағандықтан, Көкшетау қаласына жеткізіп, сол жерде сатсақ деп ұйғарып отырмыз. Қиындықтан шығар жалғыз жол осы. Әйтпесе бірнеше тұтынушымыздан айырылып қалдық».
Ендігі мәселе қалай шешілмек, тиісті қаражат бөліне ме, жоқ па? Ауыл тұрғындарын қатты алаңдатып отырған мәселе осы.
«Ауданның автокөлік жолдары мұндай күйге жаңа ғана түсіп отырған жоқ. Ондаған жыл бойы шешімін таппай отырған мәселе, – дейді аудан әкімі. – Біз тиісті мекемелермен сөйлесіп жатырмыз. Бәлкім күрделі жөндеу басталғанша қиыршық тас төсеп, тегістеуіміз керек шығар».
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы