Биылғы Жолдауда Президент бір палаталы Парламент құру жөнінде ұсыныс айтты. Негізі елімізде парламенттік реформа мәселесінің талқыланып келе жатқанына 20 жылдан аса уақыт өтті. Бірқатар әлем елдері мұның тиімділігін ескеріп, әлдеқашан аталған жүйеге көшіп алды. Inter-Parliamentary Union (Халықаралық Парламенттік одақ) мәліметіне қарасақ, мемлекеттердің басым бөлігі бір палаталы Парламентпен әділдік құрып отыр.
Халық саны аз елдерге ұтымды тәжірибе
Халықаралық Парламенттік одақтың есебіне сәйкес, әлемдегі парламенттік жүйе екі палаталы және бір палаталы болып екіге бөлінеді. Дүние жүзіндегі ұлттық парламенттің 81-і – екі палаталы, 107-сі – бір палаталы, жалпы саны 269 парламенттік палатадан тұрады. Оларда шамамен 44 мың парламент мүшесі бар.
Сарапшылардың айтуынша, бір палаталы парламент негізі унитарлы мемлекеттерде құрылған. Өйткені аймақтарға бөлінбейді. Әсіресе халық саны аз мемлекеттерге бір палаталы жүйе тиімді.
«Шынын айту керек, Президенттің бір палаталы Парламент туралы ұсынысы халықтың көптен бері ойында жүрген мәселе еді. Бір палаталы Мәжілісте 98 адам бола ма, 198 адам бола ма, ол маңызды емес. Бір нәрсе ғана айқын – бюджет қаражаты үнемделеді. Демократиялық қоғамдағыдай партия араларында бәсекелестік күшейеді. Бүгінде Мәжілісте 6 партия болса, келесі сайлаудан кейін партия саны көбеймесіне кім кепіл? Яғни 2027 жылдың басына дейін Сенаторлар мен Мәжіліс депутаттары қалыпты кестемен жұмыс істеп, халыққа қызмет етеді», деген пікір білдірді Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза.
Негізі еліміздегі қос палаталы Парламент те кезінде оңай құрыла салмағаны белгілі. Оның себебін Президенттің өзі де түсіндіріп өтті.
«Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған аса қиын жолдың басында тұрған едік. Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты. Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болып келеді», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, бір палаталы Парламент өкілеттігі жағынан әлдеқайда күшті болуы мүмкін. Өйткені қазір Мәжіліс Премьер-министрді бекітіп, Үкімет құрамын үйлестіреді. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура сияқты Президентке тікелей бағынатын органдардың басшыларын Сенат бекітеді. Сонымен қатар Жоғарғы соттың судьяларын бекітеді.
– Екі палата да Конституциялық соттың мүшелерін тағайындайды. Біріктіру жағдайында бұл шешімдердің барлығын бір палата қабылдайды. Яғни Парламенттің бір палатасындағы партиялық көпшіліктің қолдауымен жүзеге асырылады. Ал сайлау тек пропорционалды жүйе бойынша өтетінін ескерсек, негізгі шешімдер партия депутатының мандатын бақылайтын партия басшылығында қалады. Яғни Парламентте көпшілік орынға қол жеткізген партия жетекшісінің рөлі айтарлықтай артады. Ал бұл көпшілік салыстырмалы, абсолютті немесе конституциялық жағынан неғұрлым ықпалды болса, партия көшбасшысының ұстанымы соғұрлым күшті болады. Мандаттарды бөлудің ерікті тәртібі сақталып, кейбір партия мандаттардың жалпы санының үштен екісінен астамына қол жеткізетін болса, ал партия төрағасы спикер лауазымына Парламентке бару туралы шешім қабылдаған жағдайда, ол бүкіл мемлекетте шешуші рөлдердің бірін атқарады, – деді саясаттанушы.
Еуроодақта бір палаталы жүйе басым
Қазір Еуроодақтың (27 ел мүше) 15-еліндегі Парламент – бір палаталы. Мәселен, Эстония (Рийгикогу), Латвия (Сейм), Литва (Сейм), Дания (Фолькетинг), Мажарстан (Мемлекеттік жиналысы), Португалия (Республика ассамблеясы), Швеция (Риксдаг), Финляндия (Эдускунта), Грекия (Халық жиналысы) бір ғана заң шығарушы органға ие. Бұл елдер де бір кездері екі палаталы Парламенттен бір палатаға көшкен. Бұл жүйе саяси тұрақтылықты сақтап, заң шығару үдерісін жеделдетеді дейді сарапшылар. Мысалы, Швеция 1866 жылы екі палаталы Парламентпен қызмет атқарып, реформалардың нәтижесінде 1971 жылы Риксдаг деп аталатын бір палаталы Парламентке көшкен. Қазір Риксдагта 349 депутат бар, 4 жылға сайланады. Сайлау үдерісі – көпмандатты сайлау округтерінде депутаттық мандаттарды бөлу 12 пайыздық шекті мәнмен пропорционалды жүйе бойынша жүзеге асырылады, округтер бойынша бөлу нәтижесінде қалған мандаттар (соңғы сайлауда 39 мандат) сайлау әкімшілігіне беріледі және республикалық деңгейде 4 пайызды шекті мәнмен пропорционалды жүйе бойынша бөлінеді. Швеция – қос палаталы Парламент кезінде көптеген тиімсіздікке тап болып, халық тарапынан сынға қалған елдің бірі. Ал қазір онда заң шығару үрдісі оңтайландырылып, барлық депутат тікелей сайланады.
Ал екі палаталы жүйе негізінен Солтүстік, Оңтүстік Америка, Орталық Азия елдерінде дамыған. Сондай-ақ Ұлыбритания екі палаталы Парламентпен заңнаманы жүзеге асырып отыр. Өйткені оның құрамына Солтүстік Ирландия, Уэльс, Шотландия секілді елдер кіреді. Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Парламенті – жоғарғы заң шығарушы орган. Британдық «Парламенттегі тәж» конституциялық қағидаты бойынша британдық монарх Парламенттің құрамдас бөлігі. Парламент екі палаталы және Лордтар палатасы деп аталатын жоғарғы палатадан және Қауымдар палатасы деп аталатын төменгі палатадан тұрады.
Лордтар палатасы мен Қауымдар палатасы Лондондағы Вестминстер сарайында бөлек палаталарда кездеседі. Әдеттегідей барлық министр, соның ішінде премьер-министр, тек Қауымдар палатасының ішінен сайланады. Қазіргі уақытта сайланбаған Лордтар палатасының өкілеттігі шектеулі, сондай-ақ егер Қауымдар палатасының көпшілігі оны бірнеше оқылымда қолдаса, кез келген заң жобасына қарсылық көрсете алмайды. Британдық парламенттік заң жоғарғы палатаның көлеміне ешқандай шектеу қоймайды. Мәселен, қазір бір ғана Лордтар палатасында 832 мүше бар.
Бұрынғы кеңес одағына мүше елдердің бірқатары қазір бір палаталы Парламентке көшкен. Қырғызстанның Жогорку Кеңеші, Грузия Парламенті бір палатамен заң шығарып отыр. Аталған елдер қос палатадан бір палаталы жүйеге саяси, экономикалық кірістерді еселеу мақсатында құрылған. Сондай-ақ Түркия (Ұлы Ұлттық Мәжілісі), Сингапур (Парламент), Қытай (Бүкілқытай халық өкілдері жиналысы), Израиль (Кнессет) бір палаталы заң шығарушы органдардан тұрады.