• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 09:30

Бейбіт бейнелеген Бекзаттың болмысы

30 рет
көрсетілді

Астанада жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» атты кітабының таныстырылымы өтті. Бұл деректі роман жиырма жасында Олимп шыңын бағындырған даңқты боксшы Бекзат Саттархановтың чемпион болғанға дейінгі өмірі мен балалық шағын, оның адамдық асыл қасиетін арқау еткен.

Кітаптың таныстырылымында Парламент Сенатының депутаты­ Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жандарбек Әшімжан, Жазушылар ода­ғы­­ның Астана қалалық филиалының дирек­­­торы Бауыржан Бабажанұлы, жазушы Қанат Әбілқайыр, «Beles» құры­­лыс­ компаниясының басшысы, осы шығар­маның жазылуына мұрындық бол­ған Махат Төрәлі пікір білдіріп, туын­ды ­туралы жылы лебіздерін жеткізді.

«Әр қазағымның шаңырағында тұр­са, әрбір қазақ баласы оқып өссе, сол арқылы жас өрендеріміз Бекзaттай бекзада болмысты ұл болып, ұлтының туын асқақтатса екен деген ізгі ниетпен осы кітапты жарыққа шығарып отырмыз. Бұл туындыны жиырма жасында халқын таусылмас қуанышқа кенелтіп, мәңгі өшпес жарық жұлдызға айналған Бекзат батырдың рухына арнаймыз. Мен Бекзатты студент күнімнен-ақ үлгі тұттым. Ол бізден екі курс жоғары оқыды. Оның әрбір жекпе-жегін көрген сәтте жүрегіміз дүрсілдеп, намысымыз қайралатын. Ол бізге жеңістің қандай болатынын ғана емес, нағыз адамдықтың да өлшемін көрсетіп кетті», деді Махат Төрәлі.

Содан соң «Beles» құрылыс ком­па­ниясының басшысы осы жиынға ар­найы келген Бекзаттың анасына алғыс білдіріп, пәтер кілтін табыстады. Сырлыкүл Саттарханова ұлының есімін ұлықтап, рухын ардақтаған туынды авторы мен демеушісіне, жиналған жұртқа ризашылығын жеткізді.

«Жас бала туғанда анасы жөргекке орайды. Ол өсіп, азамат болса, елін сүйсе, жұртына адал қызмет етсе, ха­лық ондай ұлды жүрегіне орайды. Біз Бек­затты сондай, халқының жүрегі­не оранған ұл деп білеміз. Ал Бейбітті бұрын мықты сатирик ретінде танитынбыз. Енді спорт тақырыбында көркем дүние жазғанын көріп, қуанып отырмыз. Авторға шығармашылық табыс тілеймін», деді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.

Жиын барысында Әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық университетінің док­то­ранты Баян Хасанова аталған кітап төңірегінде баяндама жасады.

«Бекзат» романының сюжеттік желісі қазақ халық ауыз әдебиетіндегі батырлар мифімен сарындас. Ежелгі ертегілер мен жырларда батырдың тылсымға толы туу тарихы, көз ілеспес жылдамдықпен өсуі – (бұл романда да автордың уақыты өте жылдам өтеді, жылдар тез сырғиды) және ер адамның психологиясына тән өзіне кеңістік іздеп, жер-әлемді бағындыруға ұмтылуы (шығармада Бекзаттың чемпион болуға ұмтылуы арқылы көрініс табады), ерлікке бас­тай­­тын сапары, сол сапарында алды­нан шыққан кедергілер мен оны еңсеру, махаббат оқиғасы мен оның машақа­ты – бәрі көркем мифтер мен ертегілер­де кездесетін таныс мотив. Бір ғана «Ер Төстік» ертегісіндегі Төстіктің өмірге келу хикаясын алайық. Халықтың қиялында ол ұзақ жыл бала көтере алмаған ана­сының «төстік» жеуімен тікелей байланысты болса, «Бекзат» романында бас кейіпкердің дүние есігін ашуын автор Сырлыкүлдің бала көтеру денсаулығына қауіпті екенін біле тұра, түсіндегі аянға сенім артып, шешім қабылдауымен байланыстырады.  Асқақ арман жолында­ғы жас спортшының Олимп шыңын бағындырғанша жанында болып, таланты мен болашағына сенім артып, ақыл-кеңес беріп, үкілеп баптаған барлық жан, оның ішінде – әкесі Сейілхан, қос ағасы, жаттықтырушылары Қадыр, Нұрлан, Анатолий Визирякин, боксшы Ермахан, досы Арман т.б. өмірінде алдынан шыққан әрбір ізгілік таратушы, тіпті кей тұста Бекзаттың өзі де «данагөй» архетипінің жүгін арқалаған», деді ол.

Ал кітап авторы Бейбіт Сарыбай­дың айтуынша, біз білетін Бекзат­тың боксшылығы – оның небәрі бір қыры ғана.

«Білесіздер ме, Бекзат шын мәнінде ақын болған. Иә, ол тек спортшы ғана емес, сан-салалы, әмбебап тұлға екен. Бұған Түркістанға барып, Сырлыкүл апамыздың шаңырағында жата-жастана әңгімелескенде анық  көзіміз жетті. Чемпионның ағалары мен жеңгелері­нен де, достарынан да көп нәрсені сұра­дық. Сонда қазіргі жастарға қарым-қабі­летімен қатар адами болмысымен де үлгі боларлық әдеби кейіпкер Бекзат екенін іштей сездім. Өйткені ол – білімді, ақылды, мейірімді, шебер, жанкешті. Жалпы, шығарманы жазар алдында біраз дерек жинадым, түрлі кітаптарды да оқып шықтым. Бұған дейін Бекзат тұлғасы туралы екі кітап жарық көрген екен. Оларды өте жақсы жазылған деп айтуға болады. Алайда ол дүниелер негізінен ақпараттық деректерге құрылыпты. Мен Бекзаттың өмірін жай ғана баяндап қоймай, оған сезім қосып, жан бітіргім келді. Шығарманы жазып аяқтаған соң, кітаптың алғашқы нұсқасын Сырлы­күл апамызға жеткіздім. Ол кісі романды оқып, ризашылығын білдірген соң, осы туындыны көпшілік назарына ұсынып отырмыз», деді автор Бейбіт Сарыбай.