• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Елорда Бүгін, 15:50

Астанада Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

40 рет
көрсетілді

Елордада Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 650 тоннадан астам өнім ұсынды. Жәрмеңке сөрелерінде ет, сүт өнімдері, балық, ұлттық тәтті-дәмділер және басқа да тауарлар бар, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңке таңғы 9-да ашылды. Осы уақытқа дейін-ақ мұнда сатып алушылар көп жиналған.

«Біз Қызылорда облысынанбыз, жерлестеріміз келгенін естіп, арнайы жетіп, күріш пен қауын алдық. Қызылорда – күріштің отаны, мұнда қауын мен асқабақ та өте дәмді. Сол себепті барлығын сатып алып, үйде дәм татуды жөн көрдік. Биыл күріш бағасы өткен жылға қарағанда арзандау екен, бұл бізді қуантты», – дейді Жанат есімді қала тұрғыны.

Жәрмеңке күні елордалықтар Ақтөбе облысының шұжық өнімдерін де татып көріп, сатып алды. Олар ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие.

«Біздің шаруашылықта шұжық цехы бар. Өнімдеріміз жылқы еті мен сиыр етінен жасалады. Шұжық, қақталған қазы мен жая, пісірілген шұжық және шикі өнімдер – жылқы етінен дайындалған деликатестерді ұсынамыз. Бүгінгі жәрмеңкеге біз 1500 тонна өнім әкелдік», – дейді Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы шаруашылық иесі Салима Үсебаева.

Айта кетейік, өңірлердің жәрмеңкелері елордада жыл сайын қазан айына дейін әр сенбі-жексенбі күндері өткізіледі. Биылғы жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тас жолы, 1) өтіп жатыр. Сондай-ақ тұрғындар мен қала қонақтарының ыңғайлығы үшін жәрмеңке орнына №18, №37 және №303 автобустар қатынайды.