Әлемде жыл сайын 62 миллион тонна электронды техника жарамсыз күйге өтеді. Оның ішінде ноутбук, смартфон, теледидар сынды тұрмыстық құрал-жабдықтар бар. Бірақ соның тек төрттен бірі ғана қайта өңделеді, ал қалғаны қоқыс полигонына жіберіледі.
БҰҰ болжамынша, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы 20 миллион тоннаға артады. Ал негізгі үлес Азия елдеріне, әсіресе Қытайға тиесілі. Ғалымдар мұндай электронды қалдықтың табиғатқа өте қауіпті екенін айтып жатыр. Себебі жарамсыз техника құрамындағы ауыр металдар мен химиялық заттар топырақ пен жер асты суларына сіңіп, адам денсаулығына кері әсер етеді. Нәтижесінде, жүйке, ас қорыту, иммундық жүйе әлсіреп, өкпе мен бүйрекке, тіпті көз бен теріге дейін зиянын тигізеді.