• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 10:00

АҚШ Иранға келіссөзді қайта бастау үшін жаңа талаптар ұсынды

20 рет
көрсетілді

АҚШ Иран билігіне бейбіт келіссөздерді қайта бастау үшін орындауы тиіс бес талаптан тұратын тізім ұсынды. Алайда қос тарап ұсынған талаптар бір-біріне қарама-қайшы келіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Фарс» агенттігінің мәліметінше, Вашингтон Ираннан АҚШ-қа қатысты өтемақы талаптарынан толық бас тартуды сұраған. Сонымен қатар америкалық тарап шамамен 400 келі байытылған уранды АҚШ-қа беруді және елдегі ядролық нысандардың тек бір кешенінің ғана жұмыс істеуін талап етіп отыр.

Бұдан бөлек, АҚШ Иран активтерінің бір бөлігін болса да бұғаттан шығаруға қарсы екенін білдірген. Вашингтон әскери әрекеттерді тоқтатуды келіссөздердің әрі қарайғы барысымен байланыстырған.

Бұған дейін Иран да келіссөздерге қайта оралу үшін өз шарттарын жариялаған болатын. Тегеран барлық бағыттағы соғысты тоқтатуды, санкцияларды алып тастауды, активтерді бұғаттан шығаруды, келтірілген шығын үшін өтемақы төлеуді және Ормұз бұғазындағы Иран үстемдігін мойындауды талап еткен.

Иран билігі аталған талаптар іс жүзінде орындалмайынша жаңа келіссөздердің басталмайтынын мәлімдеді.

Ал Дональд Трамп Иранның ұсыныстарын «қабылдауға келмейтін талаптар» деп атады.

Сәуір айында қол қойылған уақытша бітімге қарамастан, мамырда тараптар қайтадан өзара соққы жасап, келіссөздердің қайта жандану мүмкіндігін шиеленістіріп жіберген еді.  

Ал жуырда Тегеран Ормұз бұғазы арқылы Қытай кемелерінің өтуіне рұқсат берген болатын. 

Соңғы жаңалықтар