Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектепінің оқушылары дауысынан айырылған адамдарға сөйлеу мүмкіндігін қайтаратын VoiceX атты құрылғының прототипін әзірледі. Құрылғы мойындағы өте әлсіз вибрацияларды анықтап, оларды адамның өз дауысына мейлінше ұқсас сөйлеуге айналдырады. Жоба қазір патенттеу кезеңінде тұр, сондай-ақ Samsung Solve for Tomorrow байқауының жартылай финалына өткен, деп жазады Egemen.kz.
«Мен бұрын дауысымды жоғалту дегеннің қандай екенін мүлде ойламаппын. Біз сөйлей алатынымызға үйреніп кеткеніміз соншалық, оны әдеттегі нәрсе деп қабылдаймыз. Алайда бір сәтте біреу үшін дауыс – жай ғана арман екенін түсінесің», – деп еске алды жобаның негізін қалаушылардың бірі Айзере.
Дәл осы ойдан жоба тарихы басталған. Команда өздеріне үлкен мақсат қойды: дауысынан айырылған адамдарға көмектесу және сөйлеу мүмкіндігін қайтаратын технология жасау.
VoiceX қалай жұмыс істейді
Команда жасаған құрылғы мойын аймағындағы микровибрацияларды сенсорлар арқылы тіркеп, алгоритмдер көмегімен оларды мәтінге және сөйлеуге түрлендіреді. Ерекшелігі – синтезделген сөйлеу табиғи естіліп, адамның өз даусына барынша ұқсайды. Ол үшін жасанды интеллектке мыңдаған аудиожазба негізінде үйрету жүргізілген, ал арнайы алгоритм дауыс тембрі, интонациясы мен ырғақтарын таңдауға мүмкіндік береді. Команданың айтуынша, қазіргі бар кейбір технологиялардағы «робот тәрізді» дыбыстан VoiceX дәл осы табиғилығымен ерекшеленеді.
Пайдалану жолы қарапайым: қолданушы даусынан айырылмай тұрған кезде жазылған аудиофайлды қосымшаға жүктейді, кейін құрылғыны мойнына тағады — жүйе сол сәтте-ақ оның өз даусын синтездеп бере бастайды.
«Қарапайым қадамдардың артында үлкен жүйе жатыр: сенсорлар вибрацияларды анықтайды, алгоритмдер оны сөзге айналдырады, бағдарлама бір мезетте адамның өз дауысын шығарып береді», – деп түсіндірді жоба авторлары.
Неге бұл маңызды?
Команда үшін дауыс – адамның тұлғасының бір бөлігі. Зерттеулерге сәйкес, әлемдегі адамдардың шамамен 20 пайызы өмірінде кем дегенде бір рет дауысқа байланысты мәселелерге тап болады, олардың бір бөлігі депрессияға ұшырап, қоғамнан оқшауланады.
«Мен бала кезден ән айтуды жақсы көремін. Сол себепті дауыс мен үшін ең қымбат дүниелердің бірі. Ән айтудан немесе жай ғана сөйлесуден айырылып қалудың қандай екенін елестете алмаймын. Сондықтан бұл идеяны жүрегіме ерекше жақын тұтып, адамдарға қол ұшын беруді өзіме парыз санадым», – деді команда мүшесі Жания.
Жоба командасында жеті адам бар: негізін қалаушылар – Айзере, Ажара, Жания және Бекжан, сондай-ақ топ мүшелері – Мерей, Сұнқар және Асқар. Бірі бағдарламалаумен айналысса, бірі жасанды интеллектіні үйретті, тағы бірі дизайн мен прототипті жасады, қалғандары зерттеу жүргізіп, сарапшылармен жұмыс істеді.
«Біздің жобамызды ойласам, тіпті мектеп оқушылары да адам өмірін өзгертетін жобаларды жүзеге асыра алатыны шабыттандырады. Біз жай ғана идеядан бастадық, ал қазір даусын қайтаратын нақты прототипіміз бар», – деді Ажара.
Сарапшылармен жұмыс және нәтижелер
Жобаны медициналық деңгейге жақындату үшін оқушылар USC және Stanford университеттерінің профессорларымен, сондай-ақ бас және мойын хирургтарымен ақылдасты. Сарапшылардың көмегімен алгоритмдер жетілдіріліп, синтездің дәлдігі артты. Қазіргі таңда VoiceX-тің бірнеше жұмыс істейтін нұсқасы бар, команда дыбыс сапасын одан әрі жақсартып жатыр.
«VoiceX қарапайым жоба емес, ол – жаңа өмірге жол ашатын үміттің символы. Біз үшін VoiceX – әр адам үшін сөйлеу және естілу құқығы бар әлемге жақындататын қадам. Бұл жоба адамдарға қуанышын, қарым-қатынасын және эмоциясын қайтаруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті команда мүшелері.
Жоба бірқатар сайыстарда жеңіске жетіп, беделді Samsung Solve for Tomorrow байқауының жартылай финалисі атанды. VoiceX My Extra Lab және Samsung тарапынан қолдау алып отыр. Қазіргі уақытта жоба патенттеу кезеңінен өтуде. Команда технологияны дамытуды, серіктестер ауқымын кеңейтуді және VoiceX-ті жүздеген, мыңдаған адамның өз даусын – демек өз болмысын – қайта табуына көмектесетін өнім деңгейіне шығаруды көздейді.