• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:00

Өңдеу өнеркәсібінің жаңа орталығы болудан үмітті өңір

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керектігін атап өтті. Бұл орайда ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Сондай-ақ Президент әр өңірде дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін біртұтас желі қалыптасуы қажеттігін айтты.

Жолдауда жүктелген міндет­терді жүзеге асыру мақсатында Мақ­та­арал ауданы, Атакент кеден бекеті маңындағы «Орталық Азия» халық­аралық өнер­кәсіптік кооперация орта­лығының (ХӨКО) аумағында өнер­кәсіптік парктің ірге­тасы қаланды. Жо­ба­ның жалпы инвестициялық ­құны – 123 млрд теңге, ал ашылатын жұ­мыс орын саны – 3 000-нан ас­пақ. Қазірдің өзінде орталық аума­ғын­да жергілікті кәсіпкерлер өз жобасын бастап жатыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда өңдеу өнер­­кәсібі саласына инвестиция тарту мін­детін қойған болатын. Осы бағытта өңір әлеуетін дамыту үшін біз «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік коопе­рация орталығында қы­тай­лық инвесторлардың қа­тысуымен жүзеге асырылатын индустриялық парктің ір­гетасын қалап отырмыз. Бұл жерде электр энергиясын та­ратуға арналған жабдықтар, өнер­кәсіптік автоматика жүйе­лері, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру бойынша кәсіпорындар ашу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар өңіріміздің республикалық бюджетке тәуелділігін төмендетіп, жергілікті тұрғындарды жұ­мыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зауыттардан түсетін салық арқылы республикалық және жергілікті бюджетке түсетін кіріс көлемі артады», деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

«Орталық Азия» ХӨК орта­лығы өңірдегі ең ірі жүк ағын­дарын бі­ріктіру, өңдеу және тарату, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі аясында өндірістік кооперацияны дамыту орталығы ретінде қызмет атқарады. Сонымен қа­тар бұл орталық аймақтың логистикалық әле­уетін арттырып, Орталық Азия елдері ара­сындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын ірі платформа болмақ. 2027 жылға қарай мұнда 60-тан астам ірі жоба іске қосылып, 13 мыңға жуық жұмыс ор­ны ашылады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде, Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібінің жаңа орталығына айналуға тиіс. Цифрлық өндіріс, автомат­тандыру және жасанды интеллект сала­ларындағы заманауи шешімдер енгізіледі. Жаңа өндірістік, қоймалық, көліктік желілер салынып, логистика жеңілдейді.

Кейінгі жылдары өңірде агро­өнеркәсіп кешенін қайта өң­деуге басымдық беріліп, жаңа өндірістік қуаттар іске қосылып жатыр. Со­ның бірегейі – «Түркістан текс­тиль» ЖШС қолға алған мақта-мата кластері еліміздегі ең ірі то­қыма клас­терлерінің бірі болмақ. Жалпы құны 86,5 млрд теңге болатын өндіріс кешенінде 2 345 адам тұрақты жұмыспен қамтыла­ды. Өз шикізатына негізделген ішкі өндіріс тізбегі қалыптасады, экспорт­қа бағытталған дайын өнімдер шы­ғарылады. Жер­гілікті мақта өнді­ру­шілер үшін тұрақты өткізу нарығы пайда болады. «Turkistan textile» ­жобасы толық өндірістік циклге негіздел­­ген. Яғни жоба аясында эли­талық сұ­­рып­ты мақта тұ­қымын жергілікті жерде ­өсі­ру, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу, ­дайы­н өнім өндіру, ішкі нарық пен экс­порт­қа шығару көзделген.

Қазір өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Бірін­ші кезеңнің өндірісін биыл іске қосу жоспарланған. Қалғаны келер жыл­дың соңы­на дейін кезең-кезеңімен пай­далануға беріледі. Жобаны халық­аралық деңгейде жеңіл өнеркәсіп пен тоқыма өндірісі бойынша танымал инвестор – қытайлық «Lihua Group» компаниясы қар­жыландырып отыр. Сондай-ақ Мақтаарал ауданы Атакент кентінде «Fangao» ЖШС жаңа тігін фабрикасын іске қосады. Жобаның жалпы құны – 2 млн доллар. Заманауи технологиялармен толықтай жабдықталған зауыт таяу уақытта толық қуатында жұмыс іс­тей бастайды. Өндіріс көлемі де айтарлықтай – жылына 30 мың дана мектеп формасын тігуді жоспарлап отыр. Бұған қоса, зауытта 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Фабрика өкілдерінің айтуынша, жұмысқа қабыл­данатын мамандар арнайы оқыту курсынан өтеді. Бұл үшін Қытайдан арнайы шеберлер шақыртылып, бір ай ішінде жаңа қызметкерлерге тігіншілік негіздері үйретіледі. Сонымен қатар аудан әкімдігі тарапынан мұндай кәсіп­орындарға жан-жақты қолдау көр­сету қарас­тырылады. Инженерлік инфра­құ­рылым, жер телімдері, субсидия мен жеңілдетілген несие секілді тетіктер арқылы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Жалпы, Мақтаарал ауданын­да жүзеге асырылып жатқан ірі инфра­құрылымдық баста­малардың бірі – «Атамекен» ке­дендік бекетінің маңында орналасқан арнайы эко­номи­калық аймақ (АЭА) индус­трия­лық-инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арнайы бөлінген және кәсіпкерлерге айтарлықтай жеңілдіктер мен қолдаулар ұсынатын ерекше мәртебеге ие. Осы аймақта төрт ірі жобаның жүзеге асырылуы жоспарланған. Соның ішіндегі ең ауқым­дысының бірі – «Мақтаарал Xing Feng» ЖШС қолға алған мақта мен мақта майын өңдеу зауытының құрылысы. Құны 5,8 млрд теңгені құрайтын бұл жоба аудан экономикасына үлкен серпін бермек. Қазір зауыттың құрылыс жұмысы бас­талып, қажетті құрылғылар мен құрал-жабдықтар әкелініп жатыр. Жоба толық іске қосылған жағдайда, кәсіпорын жылына 10 мың тонна мақтаны өңдеп, дәл сондай көлемде мақта майын өндіруге қабілетті болуға тиіс.

Бұл көрсеткіштер ауданда және көр­шілес Жетісай, Шардара сияқты аудандарда өсірілетін ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді игеруге мүмкіндік береді. Өңделген өнімнің бір бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етсе, қалғаны экспортқа шығарылып, ауданның шет­елдік сауда айналымын ұлғайтады. Бұдан бөлек, зауытта 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ АЭА аясында үш ірі өндіріс орнының құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, «Tabys Silkway» ЖШС жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын тоқылған және полипропилен қаптарын өндіретін зауыт салады. Бұл өндіріс аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қаптауға арналған отандық қап­тармен қам­тамасыз етуге мүм­кіндік береді. Тағы бір жоба – 500 млн теңгеге бағаланған «Taza Agro Onimderi» ЖШС-нің күріш өңдеу зауыты. Ауданның кейбір аумақтарында күріш егумен айналысатын шаруалар үшін зауыт өнімді өткізу және сақтау мәселесін шешеді. Ал 5 млрд теңгеге жос­парланған «Food Waste» ЖШС-нің органикалық қалдықтарды өңдейтін зауыты экологияға оң әсер етіп, қал­дықтарды тиімді пайдалану арқылы тыңайтқыш өндірісіне жол ашпақ.

Облыста 2025–2026 жылдары құры­латын толық циклді мақта-тоқыма кластері аясында 30 000 гектардан астам алқапта заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, мақта өсіріледі. Сондай-ақ «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Алтын дала мақта» ЖШС өткен жылы Отырар ауданында толыққанды тоқыма кешенін салуды қолға алған болатын. Жоба ар­қылы ауданда 2 мақта зауыты салынады. Инвестордың есебінен электр желісі тартылып, тамшылатып суару жүйесі орнатылып, мақта егілген. Жоба ерекшілігі – шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық берілуінде. Са­лаға қажет технологиялар, оның ішінде тамшылатып суару жүйелері импортқа тәуелді болмай, аталған кешенде өндіріледі. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 140 млрд теңгеден асады, 4 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жылына 180 000 тонна мақта өңделеді. Өңірдің мақта шаруашылығын дамыту және мақта-тоқыма клас­терін қолдаудың 2027 жылға дейінгі стратегиясында 4 басым бағытты іске асыру қарастырылған. Атап айтқанда, егіс­тікті әртараптандыру, тұқым шаруа­шылығы, жаңа агротехнологияларды енгізу, мақта-тоқыма кластерін дамыту. Мақта-тоқыма кластері аясында жалпы құны 197 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру, 7 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бұл орайда, жо­ғарыда айтып өткеніміздей, 10 ірі зауыттың құры­лысы басталды. Оның ішінде, 4 мақта өңдеу зауыты, 4 тоқыма фабрикасы, 2 тамшылатып суару өндірісі бар.

Мақталы аудандардың тағы бірі – Жетісай ауданы аумағында орналасқан мақта қабылдаушы 7 мақта өңдеу зауыты мен 77 мақ­та қабылдау бекетінің 53-і аудан аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына, қалған 24-і Мақтаарал ауданы аумағында орна­ласқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі. Мақта сапасын 6 зертхана анықтайды. Мақта өңдеу зауыттары өкілде­рінің айтуынша, әр компания тікелей халықаралық мақта трейдерімен жұмыс істейді. Ал трейдерлер мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісімшарт жасап, қар­жыландырады. Сол себепті, мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың барлығы дерлік жеке инвестиция деуге болады.

Ауыл шаруашылығы дақыл­дарын 79,3 мың гектар жерге орналастыратын ауданның 43,1 мың гектар жеріне мақта шиті егіледі. Алдын ала болжам бойын­ша гектарынан 27 центнерден өнім алынады деп жоспарланып отыр.  Мақтааралда 5 069 шаруашылықтың өнімін 60 бекет қабылдайды, мұнда 25 зертхана жұмыс істейді. Шардарадағы 1 460 шаруашылық 35 бекетке мақта тапсырады. Мұндағы 18 зерт­ханада өнім сапасы тексе­ріледі. Ауданда 16 814 гектар мақ­талықтан 42 мың тоннадан астам өнім жинау көзделіп отыр. Айта кетелік, мақта терім науқанында туындайтын мәселелер мен келеңсіздіктерді дер кезінде саралап, жедел шешу мақсатында облыс­та арнайы штаб құрылған. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай ауданында штаб­тың кезекті отырысын өткізіп, аудан әкімдерінің орынбасарлары, мақта өңдеу зауыттарының басшылары нау­қанға дайындық барысы мен өндірістік мүмкіндіктері туралы мәлімет берді.

«Өзекті мәселелердің басым бө­лігі мақта қабылдау бекет­терінде зерт­ханалардың болмауынан туындайды. Мақта өңдеу зауыттары өз бекеттерін зертханалармен толық қамтамасыз етуге тиіс. Мақта бағасы нарыққа тәуелді, дегенмен қазіргі дең­гей­ден төмен­демеуі керек. Ша­руалардың еңбегінсіз зауыттарға өнім жоқ. Сондықтан бірін­ші кезекте еңбекті бағалауы­мыз қажет. Кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жалғасады», деді облыс әкімінің орынбасары.

Биыл облыс бойынша 145 мың гектар жерге мақта дақылы егілген, 470 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр.

 

Түркістан облысы