• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Абай Бүгін, 22:27

Абай тойының шежіресі

20 рет
көрсетілді

Бұл той басқа тойдан өзгерек. Абай тойы туралы деректерді адақтап көрсек, қашан да елдің басын біріктірген, берекенің мерекесі болғанын көреміз. «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсең де өлмегенмен боласың тең», деп хакімнің өзі бекер айтпаса керек.

Алғашқы қадам

Абай тойы қазаққа не берді, артына нендей із қалдырды деген сұраққа жауап іздеу мақсатында қадари халімізше өткен күндедің сарғайған беттерін парақтап көрген едік. «Қазақ» газетінің 1914 жылы 51-санында жарияланған «Семейдегі әдебиет кеші» мақалада: «26-януарда Семейде «Народный домда» жағрафия жамиғатының (қоғамының) әдебиет кеші болды. Бұл кеште халық аса көп болып, үйге симағандықтан бірсыпыра адамдар кіре алмады... Ол күн атақты ақынымыз марқұм Абай Құнанбай ұғлы турасында баяндама оқылады деген хабар халық арасына бұрынырақ тараған себепті жұрт ол күнді асыққандай күтіп тұрды. Баяндаманы Нәзифа ханым (Құлжанов жамағаты) орысша оқыды. Баяндамада Абайдың қырда өсіп, аз оқыса да Еуропа данышпандарының кітаптарын оқып, сөзін ұғып, көңіліне тоқып, Россияның Пушкин, Лермонтов, Толстой атты мәшһүр адамдарының сөздерін қазақ тіліне аударып жазып, қазаққа, өзі өлсе де сөзін қалдырып кеткенін сөйледі.  Мұнан соң Әлмағамбет атты жігіт, заты тобықты, Абайдың қасында әр уақыт болған, домбырамен ән салды. Әуелі Татьянаның жазған хатын Абайдың өзінің шығарған күйімен салды. Бұл ән мұңлы, нәзік өзі жай салатын әуезбен айтылады екен. Мұнан кейін «жігіт ғашығы» мен «өлсем орным қара жер сыз болмай ма» деген күйлерге (ән – Б.Қ) салды. Бұл әндер майда үнмен салынып, бірде ақырындап, бірде көтеріп созып салынатын ән екен. Естіген халық һәммәсі, орыс, қазақ демей, шығарушысына да, ән салушы Әлмағамбетке де алғыс айтты».

Ал «Айқап» журналының сол жылғы төртінші санында жарияланған мақалада: «...Алаша аты мәлім атақты ақын һәм философ Ибраһим Құнанбвевтың өлгеніне биыл он жыл толады. Ілгері басқан жұрт мұндай қадірлі адамдарының атағын шығару үшін талай белгі істеген болар еді. Біздің көбімізге Абайдың кім екені де белгісіз... Абайды еске алу кешінде Нәзифаның жасаған баяндамасының соңғы сөзін келтірді: «Абайды туғызған қазақ даласы тағы да талай Абай секілді, бәлки онан да артық, данышпандар туғызар» дегенде тыңдаушы қазақтардың жүйесі босап, көзіне жас алғандары да болды», деп жазады.

Сонымен бірге журналда, сол кеште Абайдың өз әніменен өлеңі айтылғаны, қазақтың сахаралық тұрмыс-салты көрсетілгені жазылады.  «Абайдың өлеңі айтылады, бақсы ойнайды деген хабарды естіп, қаладағы, қырдағы жиылған қазақтың көбіне билет жетпей қалды. Қазақтың оқығандары бала-шағаларымен көтеріле барыпты. Абайдың қадірі халыққа зор екен. Оның өлеңі оқылғанда, талай қазақтың көзінен жас мөлдіреді», дейді.

«Қазақ» газетінің 1914 жылы, маусымның 23 күнгі 67 санында жарияланған «Абай» деген мақаласында Міржақып Дулатов Семейде өткізілген Абайды еске алу кеші туралы: «...Ол кеш бірінші қазақ ақынының құрметіне жасалған бірінші әдебиет кеші болып һәм бірінші қазақ әйелінің (Нәзифа ханым Құлжанов жамағаты майданға түсіп, берген өрнегі еді», деп жазады.

70 жыл

«...Абайға арналған ең алғашқы мереке осыдан 80 жыл (1995 – Б.Қ) бұрын өткен екен. Ұлы ақынның туғанына 70 жыл толуына арналған кешті 1915 жылы 13 ақпанда Семей қаласында Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжанов ұйымдастырған екен. Кеш бірнеше бөлімнен құрылып, қазақтың ұлттық ойындары, ән-күйлері орындалған. Сонымен қатар Жүсіпбек Аймауытов пен Тұрар ханым Қозыбағарованың ойнауында «Біржан-Сара» айтысы ұйымдастырылып, сахнада көрсетіледі, Абайдың әндері орындалады. Кешке тек қана жастар емес, әйел, бала-шаға, қыз-келіндерін ертіп үлкен адамдар да қатысқан. «Сибирская жизнь», «Семипалатинский телеграф», «Барнаульский» газеттерінің хабаршылары кеш барысын жазып алған. Атап айтатын жай, осынау Абайға арналған кештен түскен қаржының жартысынан көбісі Петроградтағы мұсылмандар лазаретіне, қаладағы ақшаға зәру қазақ оқушыларына бөлініпті», де жазады «Семей таңы» газеті (1995 ж. 07.29 №61).

80 жыл

1914-15 жылдар ақынның өмірден өткеніне 10 жыл немесе туғанына 70 жылдықтары алғаш аталып өте бастағанын көреміз. Ал 34-35 жылдар – бұл ақынның өмірден өткеніне 30 жыл немесе туғанына 80 жылдығымен сәйкес келеді. Бұл жылдары елеулі ештеңе бола қоймаған тәрізді. 1934 жылы Қазақстан орталық атқару комитетті президиумы арнайы қаулы шығарып, республиканың әр жерінде ақынды еске алуға арналған жиындар, әдеби кештер өткізілгені туралы дерек сақталыпты. Қалай болғанда бұл жылдар қазақ жерінде Сталиндік алапат аштық болып жатқан кезбен тұспа тұс келетіндіктен түсінікті болса керек.

95 жыл

1940 жылы Абайдың туғанына 95 жыл толатын мерекесің өткізу жөнінде үкімет Комиссиясы құрылды. Ақынның мерейтойы Қазақстанның барлық жерінде салтанатты мереке түрінде өтті. Семей облысындағы Шыңғыстау ауданы, Қазақ ССР Жоғарғы Сонеті Президиумының Указы бойынша, Абай ауданы деп аталатын болды. Абай ауданындағы «Таң» колхозына, Қарауыл орталау мектебіне Абай есімі берілді. Сол сияқты Семейдегі саяси ағарту техникумына Абай есімі берілді. Мәдени-тарихтық маңызы әр істің бірі – Семей қаласында Абай музейінің ашылуы болды. Абай музейін ашу мәселесіне байланысты Семейге Мұхтар Әуезов келіп музейге ылайықты үйді көрсетіп берді және музей құру үшін алдын ала істелетін негізгі күрделі жұмыстарды бізге түсіндіріп анықтап берумен бірге өзі іс жүзінде нақтылы көмек көрсетіп, игілікті істі бастап берді.  Мұхтардың басшылығымен біз де өз мүмкіндігімізше Абай музейін ашу жұмысына атсалыстық. 1940-жылы қазан жұлдызының 16-сы күні Абай музейі ашылды. Музейдің ашылу салтанатына астанадан Мұхтар Әуезов бастатқан бір топ ақын, жазушылар келді. Ақынның 95 жылдық мерекесі тұсында көп зерттеу еңбектері жазылды. Абайдың шәкірттерін, айналасын зерттеу жұмысы басталды. Абайдың 1945 жылы 100 жасқа толатын мерекесіне әзірлік жұмысы бес жыл бұрын, яғни 1940 жылы қолға алынды. Сол жылы Халық комиссарлар Советі жанына Мереке Комитеті құрылды. (Академик, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абай» журналында (№1-2.1995 18 бет) жарияланған мақаласынан алынды).

100 жыл

«Осы жылы 29 декабрьде Луначар клубында қазақтың байтақ даласында өткен атақты сыршыл ақын Абай (Ибрагим) Құнанбайұлының дүниеден көшкеніне 20 жыл толғанын еске түсіру үшін Семейдің «Географический обществосы» құрметтеп ескерткіш кешін жасайды. Кеш тәртібі: 1. Абайдың өмірбаяны (баяндамашы Ғаббасов Халел). 2. Қазақ әдебиетіне сіңірген Абайдың еңбегі, (баяндамашы Әуезов). 3. Мінез көріністері (жолдасы Көкбай ақсақалдың әңгімелері). 4. Абайдың әндері (әншілер: Әміре, Әлмағамбет). Келушіге билет тегін беріліп, кеш сағат 6-дан қалмай басталады. Кеш өткізу комиссия атынан: Әлкей Марғұланұлы» «Қазақ тілі» №131 (530) 27 декабрь 1924. Абай 100 жылдық мерей тойына дайындықтың өзі ерекше болғанын көреміз.

Абайтану ілімінің білгірі Қайым Мұхаметханов 100 жылдықта Абай тойына қатысқан ақындар туралы былай деп естелік қалдырыпты: «Мен ол кезде Қазақстан Жазушылар одағының Семейдегі бөлімшесін басқаратынмын. Тойға Қазақстанның әр облысынан мықты ақындар шақырылды. Семейдің Шар ауданынан Төлеу Көбдіков, Рахымбай, Жармадан Сапарғали Әлімбетов пен Нұрғали Тұңғатұаров, Ақсуаттан Салық Өскенбаев, Жаңа Семейден Тәңірберген Әміренов, Абыралыдан Иса Биназаров солардың арасынан менің назарымды қатты аударған павлодарлық әнші-ақын Естай Беркімбаев, дәлірек айтсам оның саусағындағы алтын жалатқан жүзік «Апыра-ай, осы жүзік баяғы Қорлан қызға байланысты болмаса игі?!» Басыма келген осынау ой тұспалым теріс кетпепті. Той тараған соң Семейге бірге қайтып, Естайды үйіме қонаққа шақырдым. Қонақта отырып Естай сері бұл жүзікті жансүйер ғашығы Қорланның сыйлағанын, екеуінің бірге өмір сүруіне тағдырдың қоспағанын, мына жүзікті Қорланның көзіндей, бозбала шақтың бірден-бір куәсіндей көріп сақтап жүргенін майын тамыза баяндады. «Қорландай» ән тудырған қызды да, қыздың мына жүзігінде де арман жоқ-ау», дедім іштей» («Семей таңы» №61 29 шілде, 1995 ж.).

125 жыл

1970 жылы өтуге тиісті Абайдың 125 жылдығы 1971 жылы өткізіледі. Сол жылғы ауа райынан деген деректер бар, алайда ел есінде болса керек 1970 жылы Лениннің 100 жылдығы еді. Сол себепті де Абай тойы бір жылға шегерілді.

«Абайдың 125 жылдығы қарсаңында «Абай наркоман екен» деген түрлі мақалалар жазылды. Абайды қайтсе де етектен тартқысы келетіндер көбейді. 150 жылдықтың қарсаңында да сондай әртүрлі пікірлер таратты. Сыртқы жұрттың да, ішкі өзіміздің рулық, иә болмаса, жершілдік өресіне шыққан пікірлер болды», депті Сұлтан Оразалин ағамыз бір естелігінде...

Сонымен бір жыл кейін шегеріліп, 71-жыл өтсе де Абай тойынан ел есінде қаларлық уақиға көп болыпты. Соның бірі – тойдың құрметті қонақтардың бірі болып келген халық батыры Бауыржан Момышұлы екен. Оның келуі жұртшылықты ерекше қуанышқа бөлеп, тарих бетінде қалғанын көреміз. 1972 жылғы «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») газетiнде Ғабит Мүсiреповтiң «Бошайдың үш қарасы» атты очеркi жарық көргені бар. Сонда: Бошайдың үш қарасын мен екі ұлы тойда көрдім: алғашқы рет ұлы ақынымыз Абайдың туғанына 125 жыл толған тойында, былтыр. Екінші рет күні кеше ғана өткен халықтық позиянын алып ақыны Жамбыл бабамыздың туғанына 125 жыл толған тойында. Осы екі тойда да бас бәйгелерді Бошайдың үш қарасы әкетті. Абай тойында жиырма километрлік айналмалы бәйгеге 40-50 ат қосылып еді. Бошайдың «Құланқарасы» жеке-дара жалғыз келді. Оған ең таяу келе жатқан аттар бір айналым кейін қалды» деп жазады.  Осылайша Екінші дүниежүзілік соғыс ар­дагері, Социалистік Еңбек Ері, әйгілі атбегі Бошай Кітапбаевтың үш тұлпары туралы аңызға бергісіз тарихы әлі ел есінде.

140 жыл

1985 жылы Абайдың 140 жылдығына арналған салтанатты жиында Асқар Сүлейменовтің айтты дейтін бір тәмсіл сөз бар: «Талант – тұяқ, Абай – жол. Сол жолмен анау Жидебайға, мынау Қарауылға кемеңгер де келедi, кеще де келедi. Мұнда «үйренемiн» деп, «үйретемiн» деп келмеу керек… Мұнда тазарамын, арыламын деп келу керек. Елдiң неге келгенiн бiлмеймiн. Мен өзiм арыламын деп келдiм», деген.

150 жыл

Абай тойларының негізгі жылнамашысы деп атауға толымды тұлға – абайлық шежіреші, этнограф Молдабек Жанболатұлы. Ол кісінің «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Абай тойы – халық тойы» деректі мақаласында біраз жайт қамтылған. Онда Абай тойының 150 жылдығы туралы: былай дейді:  – Әлемге әйгілі 1000 жылдық адамы аталған 10-ның бірі ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуын әлемдік мәртебеде тойлау жөнінде жаңа ғана тәуелсіз еліміз деп шаңырақ көтерген қазақ елін өз қатарына алған жүз сексен елдің лауазымды өкілдері жиналған ЮНЕСКО-ның бас конференциясының 27- сессиясы «Абайды бір ұлттың ғана емес, бүкіл әлемнің, адамзаттың ұлы перзенті» екенін айқындады. 1995 жылы айдай әлемге «Абай жылы» деп жарияланды. 1995 жылдың көктемінде Түркияның Ыстамбұлында, Ресейдің Мәскеуінде басталған ұлы Абайға тағзым ету салтанаты әлемнің 25 елінде жалғасты. ЮНЕСКО әзірлеген 10 күндік «Абай мерекесі» Парижде өтті. Әлемнің сегізінші кереметі Абай, Шәкәрім мавзолейі бой көтерді. Той қарсаңында Абай шығармалары жер жүзінің 18 тіліне аударылып, 6 миллион дана болып жарық көрді. Абай энциклопедиясы «Өнер» баспасынан шықты. Бірнеше кинофильмдер мен кітаптар жарық көрді. Бірнеше спектакльдер сахналанды. Лондонда «Абай үйі» ашылды. Бүкілодақтық география қоғамының арнайы экспедициясы анықтаған «Еуропа – Азия құрлықтарының кіндігі» деген арнайы құлпытас (ағылшын, орыс, қытай, қазақ тілінде жазылған) белгі Жидебай мен Самал төбенің арасында екені анықталған екен. Бұл әулие ел иесі, жер киесі танылған Кеңгірбай би Жандосұлы (Кабекең) мен ұлы Абай, Шәкәрім қажының киелі қасиетін танытатын тарихи белгі іспетті жұмбақ тылсым дүние болып Жидебайға қойылды. Тойға дайындықтың алғашқы сәтінде Қарауылға, Абай-Шәкәрім кесенесінің ашылу салтанатына 50-60 мың адам сырттан келеді деп шамаланған еді. Той қарсаңында Шыңғыстауға баруға рұқсат алған жеңіл көліктің өзі 20 мыңнан асып кетті. Той қонақтары 100 мыңнан асты.

160 жыл

2005 жылы тамылжыған тамыздың 10-күні Алматыдағы Абай ескерткішінің жанында қала әкімдігі мен Жазушылар одағының және халықаралық «Абай» қорының ұйымдастыруымен «Адамзаттың Абайы» атты мерекелік поэзия күні өтеді. Бұл іс-шара ақынның туғанына 160 жыл толуына орайластырылған. Сол кезде көзі тірі ақынның ұрпағы 79 жастағы Ғазел Жағыпарқызы (Мағауиядан тарайтын): «Біз бақытты ұрпақпыз. Абай атамыздың меретойларына куә болып халықпен бірге тойлап келе жатқан. Бабамыз мәңгі тірі, тірінің тірісі деп есептейміз», депті.

170 жыл

2010 жылғы 10 тамызда Абай күні аталып өтті. Еліміздің әр жерінде мерекелік шаралар ұйымдастырғаны есімізде. Сол жылы 170 жылдық аясында, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Ақберен Елгезектің авторлығымен «Tengri Films» кинокомпаниясы түсірген «Абай» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Ал Абай елінде ақын тойы аясында, Мамай батырдың ескерткіші ашылды.

175 жыл

2020 жыл ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында ТҮРКСОЙ шеңберінде «Абай жылы» деп бекітіліп, әлемнің 70-ке жуық елінде Абай тойына арналған 250-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Сол жылы Ұлттық Банк «ABAI. 175 JYL» деген атпен коллекциялық монеталар шығарса, «Қазпошта» «Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл» деген тақырыппен пошта маркасын айналымға енгізді. Сол жылы Бельгия, Сингапур, Эфиопия, Болгария, Моңғолия, Чехия елдерінде «Абай» орталықтары, Ал Грузия астанасындағы көшелердің біріне Абай есімі берілді. Түркияда ақын құрметіне саябақ пен ескерткіш тақта орнатылды. Біріккен Араб Әмірліктері Абу-Даби қаласында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы ашылды. АҚШ-та Дж.Вашингтон университетімен бірлескен «Абай виртуалды орталығы» (abaicenter.com) жұмысын бастады. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі сәйкес, 2020-2021 жылдары әлем картасында Абай атындағы нысандардың саны артқан. 2020 жылдың 10 қыркүйегінде Бухарест орталығында Ұлы қазақ ойшылының бюст салтанатты түрде ашылды. Сол жылы 11 тамызында «Болгария – ағайынды Диневаны еске алу» қорының қолдауымен ақынның 175 жылдығына орай Свети Влас қаласындағы танымал тұлғалар аллеясында Абайдың барельефі ашылды. 2020 жылғы 22 желтоқсанда БҰҰ Женева бөлімшесінде қазақ ойшылының 175 жылдығына және БҰҰ-ның 75 жылдығына арналған Абай бюстінің салтанатты ашылуы өтті. Әйткенмен сол жылы ұлы дүбірлі той өткен жоқ. Өйткені әлемдік пандемиямен тұспа-тұс келді. Бірақ Абай атамыздың шарапаты тиіп жатты. 175 жылдық аясында Абай ауданының орталығы Қарауылда Абай саябағы ашылды. Кешегі (180 жылдықта) «Жеті қазына» ұлттық мәдени спорттық фестиваль осы саябақта өткізіліп, әр облыстың киіз үйілері тігілді. Аудан халқының кәдесіне жарап тұр.

180 жыл

Биыл 2025 жылы тамыздың алғашқы күнінен басталып, 10-тамыз – Абай күніне дейін мерейтойлық онкүндік өтті. Нелер тағлымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Кей қонақ аз отырып, көп сынайтыны бар. Алайда Қарауылтөбенің баурайына қаз-қатар тігілген ақ шаңқан қалашықта есігі жабық үй болған жоқ. Ас-су қаймана елге кең-мол жетті. Сөйтіп сайын даланы салтанатқа бөлеген ұлы жіңгір той – талайдың таңдайын қақтырып өте шықты. Қазақта «тойдың болғанынан боладысы қызық» деген сөз бар-ды, ал бұл жолғы тойда «болады» деген межеден «болғаны» асып түсіп жатты.

Бұл жолғы ұлы тойға қазақтың әйгілі әншісі Бибігүл Төлегенова, халық жазушысы Төлен Әбдік, халық әртісі, күйші Секен Тұрысбек, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай және әлемнің 15 елінен ақын-жазушылардың делегациясы қатысты.

Бұл жолғы 180 жылдықтан арттағы елге не қалады, не берді деген сұрақтың қойылуы заңды. Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде өткізуді Мемлекет басшысы Жолдауында айтты. Осы тапсырма аясында, әр облыс «Абайға құрмет» аясында Абай облысы орталығы Семей қаласында бір-бір нысан салып беретін болды. Оның алғашқы қадасын қағып, елдікті ерте бастан көрсете бастаған аймақтар да бар.

Ал ақынның туған жері – Абай ауданында интернет байланыс жүйесі толықтай  жаңартылды. 175 жылдықта салынған саябақ, аудандық Мәдениет үйі және Семей – Қарауыл арасындағы автожол күрделі жөндеуден өтті. Қарауылтөбе маңындағы атшабар жаңғыртылды, киіз қалашығына кәдігімді инфрақұрылым тартылды. Бұдан кейін де бұл жер ұлы дүбірлі тойға тас түйін дайын.

Түйін

Абай тойының шежіресі бір ғана мақалаға сыймайды. Әр онжылдықта өткізілген той мен атқарылған игілікті жұмыс бір-бір кітап. Сондықтан бұл теңіздің бір тамшысы ғана. Екеу, үшеу емес, бір тамшы. Бірақ «теңіз дәмі тамшыдан» деген...

Семей қаласы