Мұнайлы өңірде «XIX-XX ғасырлардағы Атырау тарихы фотосуреттерде» атты фотоальбом үш тілде жарық көрді. Қазақша, ағылшынша және орысша көркем безендірілген туындыға 289 фотосурет енгізілген.
Жобаға жетекшілік еткен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, фотоальбомда музей қорында жинақталған құжаттар бар. Кейбір фотоқұжаттар Ресей Ғылым академиясы архивінің Санкт-Петербургтегі филиалынан, Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивінің қорынан алынған.
Фотоальбом мазмұны «Елді мекендер», «Материалдық мәдениет», «Өндіріс», «Шаруашылық пен кәсіпшілік» тақырыптарына бөлінген. Мәселен, бірінші бөлімде бұрынғы Гурьев қаласының, Плотовинск кеме тұрағы, Кулагин, Жилая коса елді мекендердің, Дүйсеке мешіті мен көшпелі ауылдардың революцияға дейінгі суреттері жинақталған.
«Фотоальбомда музей қорынан XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың 40-жылдарына дейінгі суреттер қамтылды. Оның көпшілігі алғаш рет жарияланып отыр. Мұның бәрі – Атырау облысының тарихы мен мәдениетін айшықтайтын тарихи жәдігер», дейді М.Кипиев.
Атырау облысы