Көп ұзамай Жетісу өңірі ауызсумен толық қамтылады. Бүгінде ішер судан таршылық көріп отырған ауылдар саны едәуір азайған. Облыста орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 92%-ды құрап отыр. Әсіресе жырақта жатқан шекаралық елді мекендер күнделікті тұтынар суға қол жеткізгеніне қуанышты.
Қаратал ауданындағы Ұмтыл ауылының тұрғын саны екі жүзге де жетпейді. 34 үй ғана бар. Халықтың бар тілегі таза су болған. Жақында қайтарылған активтің нәтижесінде аядай ғана елді мекен орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылады.
Таза ауызсу – тіршіліктің негізі ғана емес, адам өмірінің сапасын айқындайтын басты көрсеткіштің бірі. Осы орайда өңірде елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде облыстағы 356 елді мекеннің ішінен 327-сі, яғни 92%-ы орталықтандырылған сумен қамтылған. Қалалық 6 елді мекеннің барлығы, ауылдық 321 елді мекен таза суға қосылған. 24 ауыл орталықтандырылмаған сумен, 7 елді мекен тасымалданатын сумен қамтамасыз етілген.
«Балпық ауылдық округіне қарасты Ұмтыл ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту, салу жобасы аяқталуға жақын. Қажетті материалдар сатып алынды. Су желілерінің ұзындығы – 5 916 м. Су құбырын қайта жаңғыртуға 291 млн теңге қаражат бөлінді. Сараптама қорытындысы 2023 жылы аяқталды. Жоба құны 309 млн теңгені құрайды. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып жатыр», деді Қаратал ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Уәлиев.
Қазірде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту мақсатында 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 13-і жаңа, 5-еуі ауыспалы жоба. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Көксу стансасында, Талдықорған қаласында осындай үш жобаның құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар Алакөл ауданының Қоңыр ауылында орталықтандырылған сумен қамту жүйесі іске қосылуға тиіс. Биыл құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар таза суға қол жеткізетін болады.
«Ақсу ауданының Қопалы, Панфилов ауданының Жиделі ауылдарына кіші блок-модульдер (КБМ) орнатылып, ауызсу тапшылығын шешу көзделіп отыр. Атқарылып жатқан ауқымды жобалардың нәтижесінде облыстағы 331 елді мекен (92,4%) орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі», дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.
Кейінгі үш жылда облыста 420 шақырымнан астам су құбыры желісі жаңғыртылып, 24 ауылдың тұрғындары тұтынатын ауызсудың сапасы жақсарған. Қаратал ауданындағы ең шеткері орналасқан Көпбірлік ауылы жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырған елді мекендердің бірі. Бұрынғы орталықтандырылған су жүйесінде судың құрамындағы тұз мөлшері рұқсат етілген шектен бірнеше есе жоғары болып келген. Жылдар бойы сапасыз су ішуге мәжбүр болған тұрғындардың мәселесі облыс әкімінің тікелей араласуымен шешімін тапты.
«Тұзды судың денсаулыққа зиян екенін білсек те, амалсыз тұтынатын едік. Қазір таза, сапалы ауызсуға қол жеткізіп отырмыз. Сонымен қоса, жолымыз жөнделді. Бұрын Үштөбеге бару бір машақат еді, қазір 1,5 сағатта жетеміз», дейді ауыл тұрғыны Ертіс Болатбеков.
Алакөл ауданындағы Лепсі ауылында да ауызсу мәселесі күн тәртібінде тұр. Елді мекендегі сумен қамту желісі осыдан 40 жыл бұрын, 1980-жылдары салынған. Желі мүлде жарамсыз күйге түскен. Бүгінде тұрғындар тіршілік нәрін уақытша, қолдан жасалған су көздерінен алып отыр. Республикалық бюджеттен 800 млн теңге бөлініп, жыл соңына дейін ауыл орталық су жүйесіне қосылмақшы. Сол сияқты Бибақан ауылында да су жүйесі жаңартылып, тұрғындар таза ауызсуға қол жеткізді. Бұған дейін ел тұрғындары аулаларға орнатылған сорғы арқылы ғана су алатын. Әсіресе жаз мезгілінде бақша суаруға жетпей, суды үнемдеуге тура келетін еді.
«Лепсі ауылын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету жобасына қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мердігер анықталды. Жобада 49,4 шақырым жаңа су желісі, екі сорғы стансасы, екі резервуар, трансформаторлық қосалқы станса, дизельді электр стансасын салу қарастырылған. Ауданның климаттық жағдайын ескере отырып, құрылыс-монтаж жұмыстары сәуір айында басталды», деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.
Айта кетелік, Алакөл ауданында Теректі, Көктұма, Екпінді ауылдарында су жүйесі жаңғыртылды. Ең күрделі нүктелердің бірі саналатын Тоқжайлау ауылында құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, жүйені сынақтан өткізу, пайдалануға беру кезеңі сәтті өтті. Жүйе толық іске қосылғанда ауыл тіршілігі тіпті жандана түседі. Бұл тек инфрақұрылымның жетістігі емес, әлеуметтік әділдіктің, ауыл өмірін жаңғырту мен дамытуға деген мемлекеттің нақты ынта, ықпалының көрінісі.
Жетісу облысы