Тасын түртсең тарихы сөйлейтін Абай топырағынан тағы да көне жәдігерлер табылды, деп жазады Egemen.kz.
Жарма ауданы Қостөбеде деген жердегі ежелгі қорғандарда қазба жұмыстары жүргізілген. Мамандардың сөзінше, ескі қорғандар әртүрлі себептермен тонауға ұшыраған. Әйткенмен ескі қорғаннан табылған көне жәдігерлер ғалымдарды таңғалдырып отыр. Археолог ғалымдардың айтуынша, Қостөбе маңында тоналған қорғандарда әлі де тарихи құнды жәдігер мол. Археологтар бұл жолғы қазба жұмысы кезінде көне белбеудің қола әшекейін тапқан. Онда бөрі мен бұғының арпалысы бейнеленген. Дәлірек айтқанда, қасқыр бұғының ту сыртынан тап бергенін көруге болады. Археологтардың айтуынша, табылған заттар сақ дәуіріне тиесілі.
«Қорғанда ересек адамның жерленген орны анықталды. Бұл жерлеу орыннан табылған қызықты дүниелердің арасында аң стиліндегі әшекейлі белдік тастарымен безендірілген заттар бар. Сондай-ақ, ақинақ, алтын сырға және басқа да көптеген зат табылды. Олар біздің тарихта әлі зерттелмеген тың деректерін толықтай түсері сөзсіз», дейді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Тимур Смағұлов.
Қазір мамандар табылған жәдігерлерді тазалау үстінде екенін айтады. Құнды жәдігерлер сол заманның деректерін терең тани түсуге жол ашатыны белгілі. Сол себепті қорғанның құрылымы археологтарды қатты қызықтырып отырғаны рас. Олардың сөзінше, қорымдар бірнеше кезеңмен салынғанға ұқсайды.
«Тастарды орналастырып, кішкентай қорған жасаған. Уақыт өте келе екінші, үшінші кезеңдерде топырақ қосуды бастап, қорғанның өзі қалыптаса бастаған. Бұл процесс уақыт өте жүрді. Тас пен топырақ араласқаннан кейін қорғанның топырақ үйіндісі қалыптасқан», дейді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Талғат Айлыбаев.
Жергілікті мамандардың мәліметінше, Қостөбе жазығында 150-ден аса қорған мен қорым бар екен. Олардан табылған жәдігерлер жан-жақты зерттелуі үшін зертханаға жіберіледі. Содан кейін оны орналастыру жағы айқындалады.
Абай облысы