• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 11:19

Абай облысында егін саласын қаржыландыру көлемі артты

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Жолдауында «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған», деген еді. Расында мемлекеттің қолдауы Абай облысында күзгі жиын-терін кезінде де байқалып отыр, деп жазады Egemen.kz.

 

Биыл Абай жерінде егін жинау алаңы 782,1 мың гектарға жетті. Оның ішінде дәнді дақылдар – 296,5 мың гектар, майлы дақылдар – 339,4 мың гектар, картоп – 5,9 мың гектар, көкөніс-бақша дақылдары – 5,2 мың гектар және жем-шөп дақылдары – 135,1 мың гектар. Қазір астықтың айтарлықтай бөлігі жиналып, қоймаларға жеткізіліп жатыр.

Аграрлық аймақтағы егін науқанының жай күйін Абай облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мирас Тоқтархановтан білген едік. Оның айтуынша, биыл аграрлы аймақта егін жинау қарқыны жақсы.

 – Бүгінге дейін дәнді дақылдардың 132,7 мың гектары орылды, бұл жалпы алқаптың 44,7 % құрайды. Орташа өнімділік – гектарына 14 центнерден айналып, 189,6 мың тонна астық бастырылды. Оның ішінде бидайдың 102 мың гектары жиналып, 153,6 мың тоннадан астам өнім алынды. Майлы дақылдардың күзгі науқаны енді басталды, әзірге 220 гектар  орылды. Одан 500 тонна өнім алынды. Ал картоптың 2,5 мың гектары жиналып, 53,9 мың тонна өнім қоймаларға жеткізілді. Көкөніс-бақша дақылдары да нәтижесі жақсы. 2,7 мың гектардан 66 мың тонна өнім алынды, – деді М.Тоқтарханов.

Оның айтуынша, егін жинау науқанының үздіксіз жүруі үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 23 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны қарастырылған. Қазірде жөнелту кестесіне  сәйкес 8,5 мың тоннасы шаруаларға жеткізілді.

–  Бүгінде егін жинау жұмыстарына 4 мың трактор, 2,4 мың комбайн және 700 орақ жұмылдырылған. Жиналған өнімді сақтау үшін облыста жалпы сыйымдылығы 206 мың тонна астық қабылдау кәсіпорындары мен диқандарда 870,9 мың тоннаға арналған қоймалар бар. Сонымен қатар 2025 жылға арналған минералды тыңайтқыштарды енгізу жоспары 63,6 мың гектар болған, ол бүгінде толық орындалды. Егіншілік саласын қаржыландыру көлемі артты. «Кең Дала» бағдарламалары арқылы шаруашылықтарға 9,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бұл жұмыстар облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында, – дейді ол.

Абай облысы

 

Соңғы жаңалықтар