• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 15:03

Қала күні аясында алғашқы республикалық «JasSkills Kazakhstan – 2025» байқауы өтіп жатыр

20 рет
көрсетілді

Еліміздің түкпір-түкпірінен 9-10-сынып оқушылары арасында тұңғыш рет республикалық «JasSkills Kazakhstan – 2025» байқауы өтіп жатыр. Бұл ауқымды іс-шара халықаралық WorldSkills чемпионатының стандарттарына сай ұйымдастырылып, жасөспірімдерге талантын көрсетуге әрі болашақта сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік берді, деп жазады Egemen.kz.

Байқау мегаполистің 11 мемлекеттік колледжі базасында өткізіліп, бүгінде сұранысқа ие бағыттарды қамтиды. Атап айтсақ, олар электрмонтаж жұмыстары, веб-технологиялар, мобилография, «ақылды үй» технологиялары, графикалық дизайн, аспаздық іс, мейрамхана сервисі, наубайшылық шеберлік, сән өнері, шаштараз ісі, автокөлікті жөндеу және қызмет көрсету.

Алматы ұйымдастырушы ғана емес, жастар үшін нағыз тартылыс орталығына айналды. Мұнда жас таланттардың әлеуетін ашуға және жаңа буын мамандарын қалыптастыруға жағдай жасалып отыр. «JasSkills Kazakhstan – 2025» байқауы мегаполистің білім беру мен кәсіби даярлық саласындағы инновациялар мен көшбасшылық бастамалар қаласы ретіндегі мәртебесін айқындай түсті.

«Бұрын жастар негізінен экономист пен заңгер мамандықтарына қызығатын, ал бүгінде «аспаздық іс», «графикалық дизайн», «мобилография» бағыттарына сұраныс артты. Бұл бізді қатты қуантады. Осындай байқаулар оқушыларға болашақ мамандығын тезірек таңдауға көмектеседі», – деді Алматы мемлекеттік бизнес-колледжінің директоры Айнұр Мұқажанова.

Чемпионат аясында «Менің болашақ мамандығым» жәрмеңкесі де өтті. Онда алматылық мектептердің 2200-ден астам оқушысы колледждермен, білім беру бағдарламаларымен танысып, жетекші мамандардың шеберлік дәрістеріне қатысты.

«JasSkills Kazakhstan – 2025» байқауы сайыс алаңы ғана емес, Алматыны жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынатын қала ретінде дамытуға, талант, еңбек пен амбицияны қолдап, елдің дамуына үлес қосқан қалаға айналдыруға жасалған тағы бір қадам болды.

АЛМАТЫ