• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 08:07

Жемқорлық айылын қашан жияды?

200 рет
көрсетілді

Атырау облысында білім саласындағы мекемелерге бөлінген бюджет қаржысының тиімділігі мен мақсатты жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит кезінде 12 білім ордасы мен мектеп-интернаттарының жұмысына талдау жасалған.

Облыстық тексеру комис­сиясының мүшесі Жанат Дау­талиеваның айтуынша, 2022–2024 жылдарға жүргізілген аудит нәтижесінде қаржылық заң бұзушылық пен жүйелі кемшілік анықталыпты. Соған байланысты білім беру мекемелерінің қаржылық тәр­тібі мен жоспарлау үдерісін жетілдіру, бақылауды күшейту қажеттігі туындап отыр.

«Аудит қорытындысымен анықталған заң бұзушылық­тардың көлемі – 2,6 млрд теңге. Оның ішінде 970 млн теңгенің қаржылық бұзушылығы, 1,5 млрд теңгені тиімсіз жоспарлау бар. Бюджеттің 143 млн теңгесі тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Ал рәсімдік си­паттағы 172 кемшілік пен тәртіп бұзушылық назарға алынды», деді Ж.Дауталиева.

Комиссия мүшесінің пікіріне сүйенсек, кемшіліктердің мынадай себебі бар. Біріншіден, бюджет қаржысын жоспарлау кезінде өтінімдердің дұрыстығы мен негізділігі қамтамасыз етіл­меген. Екіншіден, бюджеттен бөлінген трансферттер нысаналы мақсатына сай пайда­ланылмаған. Үшіншіден, бірқа­тар мектепте медициналық кабинеттер лицензиясыз жұмыс істеген. Медициналық кабинеттер тиісті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеген.

«Оқушыларды ыстық тамақ­пен қамтамасыз ету кезінде қолданыстағы заңнама талап­тары толық сақталмағаны анық­талды. Кейбір өнім түрлері ас мәзіріне енгізілмей келген. Мектептерде бейнебақылау жүйесі орнатылғанымен, камералар жазу функциясынсыз жұмыс істейді. Мұндай камералардың бейнемұрағатына қол жеткізу мүмкін болмады. Ал кейбір негізгі қор пайдаланылмаған күйінде қоймада сақталып тұр. Бұл кемшіліктер облыстық білім беру мекемелеріндегі бюджет қаржысын басқаруда қаржылық тәртіп деңгейінің тиісті деңгей­де еместігін көрсетеді», деп мәлімдеді Ж.Дауталиева.

Оның мәліметінше, аудит қо­рытындысынан кейін 92 әкім­шілік құқық бұзу­шы­лық бел­гілері бойынша құжат­тар Атырау облыстық ішкі мем­лекеттік аудит депар­та­мен­­тіне, мемлекеттік кірістер бас­қар­масына, медициналық және фармацевтикалық бақы­лау департаментіне, білім саласын­дағы сапаны қамтамасыз ету депар­таментіне жіберілген. Сон­дай-ақ Атырау облыстық по­лиция департаментіне терро­рис­тік тұрғыдан осал нысандарды қорғау талаптарының бұзы­луы­на байланысты құжат­тар тиісті шара қабылдау үшін жолданған.

«Анықталған қателіктерді жою мақсатында білім беру саласын жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар берілді. Нақтылай айтқанда, бюджеттік өтінімдерді жасақтау мен бөлуде дәлдік пен негізділікті арттыру, мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамту, жылумен жабдықтау, тазалық қызметін аутсорсинг арқылы ұйымдастыру ұсынылды. Меди­циналық кабинеттерді толық лицензиялау, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау, пайдаланылмай тұрған мүліктің нақты қажеттілігін анықтауға назар аударылды», деді ол.

Тексеру комиссиясының мүшесі Нұрсұлтан Бисембиевтің дерегіне қарағанда, Исатай ауданындағы мектепке дейінгі тәрбие беретін 12 бөбекжай-бақшада 4 млрд теңгеден аса қаржыға аудит жүргізілді. Аудиттің нәтижесінде 130 млн теңгеге жуық қаржылық бұзу­шылық пен рәсімдік сипат­тағы 116 кемшілік анықталды. Оның ішінде артық төленген еңбекақы, негізсіз іссапар шығындары мен орындалмаған қызметтерге бюджет қаражаты жұмсалған дерегі тіркеліп отыр.

«Бірқатар бөбекжай-бақша­ның штаттық кестесіне артық бірлік енгізілген. Міндетті әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жарнасын төлеу кешіктірілген. Кейбір есепшілер өздерінің жақын туыстарымен мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын рәсімдеген. Материалдық-техникалық жаб­дықталу толық қамтамасыз етіл­мей, медициналық үй-жай­ларды жабдықтау талапта­ры сақталмағаны анықтал­ды. Мемлекеттік сатып алуда жо­сықсыз өнім берушілерге қатысты сотқа талап арыздар берілмеген. Аудит қорытындысымен бөбек­жай-бақша басшылары мен есепшілеріне қатысты әкімшілік істер қозғалып, жалпы сомасы 6,9 млн теңге айыппұл өндірілді», дейді Н.Бисембиев.

Білім саласындағы былық мұнымен шектелмейді. Атырау қаласындағы №2 сотта бюджеттің 49 млн теңгесін жымқырған бас есепшіге қатысты іс қаралды. Күдікті орынтағына отырған бас есепшіге Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тар­мағымен (Алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бө­теннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырып, иемдену) айып тағылған.

«Айыпталушы 2023 жыл­дың маусым айынан бастап коммуналдық мемлекеттік мекеме – мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында есепші, қыркүйек айынан бас есепші болып қызмет атқарған. 2023 жылғы маусым мен 2024 жылғы қазан айлары аралығында аталған мекеме директорының сеніміне кіріп, оның электрондық қолтаңбасын, «1С» және «Парус» жүйелерін заңсыз пайдаланған. Осы жүйелердің көмегімен ол өзінің және сенімді адамдарының есепшоттарына негізсіз ақша аударып отырған. Күдікті алаяқтық әрекетінің салдарынан 49 млн теңгеден аса мемлекет қаржысын жымқырған», деп хабарлады соттан.

Сот талқылауында айып­та­лушы өзінің кінәсін толық мойындаған. Оның кінәсі жәбір­ленуші өкілінің, куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттері­нің хаттамаларымен, маман жүр­гізген аудиторлық есеп қо­ры­тындыларымен, заттай дәлел­демелермен дәлел­де­ніп отыр. Алайда сот айыпталу­шы­ның жас балалары барын, заңсыз әрекеті үшін өкінетінін кінәсін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықтал­мағаны да ескерілді.

«Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, оған материалдық жауапкершілікпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл­ға, бас бостандығын 5 жыл мер­зімге айыру жазасы тағайын­далды. Қылмыстық кодек­тің 74-бабының 1-бөлігі қолданы­лып, тағайындалған жазаны өтеу 5 жыл мерзімге кейінге қалды­рылды», деп мәлім етті соттан.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар