Астана қаласында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оған мүдделі орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Жиында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтің нашақорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын іске асыру қорытындылары туралы есебі тыңдалды. Бұдан бөлек, 2026–2028 жылдарға арналған Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың жобасы ұсынылды.
Талқылау барысында Кеңес мүшелері мен жастар ұйымдарының жетекшілері нашақорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтты.
Ерлан Қарин бүгінде нашақорлыққа қарсы күрес жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын әрі қазірдің өзінде нақты нәтижелер байқалып отырғанын атап өтті.
Мемлекеттік кеңесші нашақорлыққа қарсы күрес әрдайым Президенттің ерекше назарында екенін еске салды. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің соңғы отырысында Мемлекет басшысы есірткіні таратпауға бағытталған кешенді шаралар қабылдауды және бұл іске жастар ұйымдары мен еріктілерді тартуды тапсырғанын жеткізді.
Сонымен қатар Ерлан Қарин нашақорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен күш-жігері арқылы ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша нақты ұсынымдар әзірленіп, көтерілген мәселелер туралы мемлекеттік органдарға арнайы тапсырмалар берілді.