• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Айбын Бүгін, 08:35

«Ақтас» полигонындағы жауынгерлік жаттығу

20 рет
көрсетілді

Шымкент қаласы аумақ­тық қорғаныс брига­да­сының әскери міндет­ті­лері арнайы оқу-жат­ты­ғу ­жиынына қатысты. Қарулы күштер сапы­на қайта қосылған шым­­­­кент­тік азаматтар ­«Ақтас­тағы» оқу-жаттығу поли­­гонында он күн болып қайтты.

Жиынның негізгі мақсаты – әскери прак­тикалық дағды­ларды жетілдіру, әскери даяр­лықты қажетті деңгейге жеткізу, әскери міндеттілердің жауынгерлік дайындығын пысықтау.

Арнайы жиынға қатысу­шылардың бірі – Мақсат Юлдашев. Ол Шымкент қаласындағы №124 жалпы орта білім беретін мектепте физика пәнінің мұғалімі болып істейді. 31 жастағы запастағы лейтенант 2013 жылы Батыс Қазақстан облысындағы әскери кафедрада білім алған. «Ақтастағы» полигон оның алғашқы оқу-жаттығу жиыны болды.

– Әскери жиынға келудегі мақсатым – әрбір азаматтың қа­сиетті борышы болып саналатын Отан қорғау жолындағы жауап­кершілікті сезіну. Осы он­күндік жиын барысында әскери тәжірибемді шыңдап, білімімді толықтырып, болашақта Отанды қорғауға дайын болғым келеді. Қазір күнделікті жаңалықтардан дүниенің әр түкпірінде қарулы қақтығыстардың өршіп тұрғанын жиі естиміз. Еліміз қашанда сырт­қы жаулардан өзін қорғай білуі, ер-азаматтар Отан қорғауға әрдайым дайын жүруге тиіс. Бейбіт заманда бәріміз өз тірлігімізбен айналысамыз. Алайда ел басына күн туған шақта барша азамат қолына қару алуға әзір болуы керек. Бұл – өмірлік қағида. Отанымызды жаудан қорғау – бәрімізге парыз. Кезінде ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен осы ұлан-ғайыр жерді қорғап қалды. Олардың ізін басқан кейінгі ұрпақ ата-баба аманатына адалдық танытып, елдің тыныштығы жолында жанын қиюдан аянбауы қажет. Әлемде геосаяси жағдай тұрақты емес. Әртүрлі ұлтаралық, дін­аралық кикілжіңдер үлкен қарулы шайқастарға ұласып кетіп жатыр. Осындай уақытта елімізге керегі ішкі тұрақтылық пен мықты қорғаныс. Отан қорғау – ең қасиетті борыш. Осы жолда шайқасқан батырлар әділдіктің ақ туын көтер­ген азаматтар. Өзінің тура жолда екенін білген адамда ғана жа­уынгерлік рух болады. Бұл ретте өсіп келе жатқан жастарға патриоттық тәрбие беру өте маңызды. Әсіресе мектеп кезінен бастап жастарды өз елінің нағыз патриоты болуға тәрбиелеу керек. Құр сөзбен ғана емес, әскери өнердің машықтарын да тәжірибе жүзінде көрсетіп, үйрете берген дұрыс. Еліміз қазірде қорғаныс саласына мықтап көңіл бөле бас­тады. Соның бірі – осы аумақтық қорғаныс бригадалары. Біз әскери қызметте жүрген жауынгерлерге, әскер саласының кәсіби маман­дарына қосымша күшпіз. Бүгінде әскери ұрыс жүргізудің тактикалары өзгеріп жатыр. Соған қарай жауынгерлер де жаңа әдіс-тәсілдерді барынша жылдам меңгеруге тиіс. Ер-азаматтар әскер қатарына барудан қорықпасын. Еліміздің біртұтастығын сақтау жігіттердің мойнындағы парыз екенін ұмытпайық. Жастарға айтарым – Отан алдындағы борышты өтеуге барғандарың жөн. Ер-азамат болған соң елді, жерді қорғау – мін­детіміз, – деді ол.

Аумақтық қорғаныс бригадасы күзгі арнайы тактикалық оқу-жаттығуына 93 әскери міндетті азаматты қабылдады. Олар 17–26 қыркүйек аралығында «Ақтас» оқу-жаттығу полигонында жауынгерлік дайын­дықтан өтеді. Әскери міндеттілер арнайы жиынға әр бес жыл сайын шақырылады.

Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жазылғандай, аумақ­тық қорғаныс әскерлері 2017 жылғы 13 маусымда құрылған. Олардың міндетіне халықты, объектілер мен коммуникацияларды қарсы­ластың түрлі әрекетінен, дивер­сиялық немесе террорлық актілер­ден қор­ғау кіреді. Осы кезең ара­лы­ғында әскерлер 6 мыңнан астам әс­кери міндеттіні оқытып, дайындады.

Барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда бейбіт уақытта қыс­қартылған құрамда ұсталатын, төтенше немесе соғыс жағдайы режім­дерін енгізу кезінде жергі­лікті халық арасынан әскери міндеттілерді шақыру арқылы өріс­тетілуі мүмкін аумақтық әскер­лер құрамалары жұмыс істейді. Бастапқыда бұл бөлімшелер жер­гілікті атқарушы органдардың коммуналдық мемлекеттік меке­мелері ретінде жұмыс істеді. 2018 жылғы сәуірде әкімдіктердің жанындағы аумақтық қорғаныс құрамалары Қарулы күштердің аумақтық әскерлерінің әскери бөлімдері болып қайта құрылды. Сол жылғы мамыр айында өт­кен Жауынгерлік парадта Мем­лекет басшысы облыстар мен респуб­ликалық маңызы бар қала­лардың әкімдеріне құрама­лардың жауын­герлік туларын табыс етті. Жылдың соңында, желтоқсан айында әкім­нің әскери қауіпсіздік және қор­ғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі лауазымы енгізілді. Оған әскери қызметте қажетті тәжірибесі бар Қарулы күштердің офицерлері тағайындалды.

Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген әскери міндеттілердің жиынын өткізіп тұрады. Аумақтық әскерлер мен жергілікті атқарушы органдар лауазымды адамдарының оқу-жат­­тығулары мен біліктілігін арт­­тыру курстарын өткізу де бір жүйеге түскен. Бүгінде аумақтық қорғаныс әскер­лері Қарулы күш­тердің ауқы­мы кең оқу-жат­тығу­ларына тұрақты түрде қа­тысып, өздерінің міндеттерін сәтті орындап жүр.

Әскери бөлімнің командирі, полковник Бақытжан Әшімовтің айтуынша, оқу-жаттығу жоспарына сәйкес дәрісті тәжірибелі нұсқаушылар мен офицерлер өткізді. «Ақтас» полигонында бар­лық жағдай жасалған: жатын орын, асхана, оқу сыныптары дайы­н. Әскери бөлім командирінің мәлімдеуінше, аумақтық қорғаныс бригадасының мүшесі атану үшін қандай да бір әскери мамандық болуы қажет. Әскери комиссариат жауынгерлік оқу-жаттығу жиынына қатысу туралы шақырту қағазын өздері жібереді. Ең бастысы, әскери міндеттінің жауынгерлік борышын әскер қатарында өтеп келгеніне бес жыл өтуі керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, аумақтық қорғаныс бригадаларын оқу-жаттығуға тартудағы мақсат – оларды қайта дайын­дықтан өткізу. Өйткені бес жыл ішінде азаматтар көп нәрсені ұмытуы мүмкін. Сонымен қатар әскери машық өнерінен де біршама қол үзіп қалады. Содан соң осы уақыт аралығында әскер саласында біраз жағдай өзгеруі ғажап емес. Соның ішінде жаңа әскери тактикаларды, қарулы күштерге келген жаңа техникаларды, ұрыс қимылдарындағы басқа да тың әдістерді атап өтуге болады. Бригада құрамындағы жауынгерлер соғыс жағдайында жекелей майданға жіберіледі. Болмаса қала немесе өңірде аумақтық қорғаныс шебін ұйымдастыруға қатысады. Әскери билеті бар кез келген азамат аумақтық қорғаныс бригадасына өте алады. Ол үшін күзде немесе көктемде әскери комиссариатқа барып өтініш қалдыруы керек. Әрі қарай істің қалай болатынын сол саланың мамандары шешеді. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде аймақ­та құтқару жұмыстарын жүргізіп, жергілікті әкімдікке көмек көр­сетуге аумақтық қорғаныс бригадалары жіберіледі. Бұл шынайы әскери қызметтегі сарбаздар мен жоғары шенді мамандардың негізгі жұмысынан ауытқымай, қарулы күштердің әлеуетіне сақтап қалуға қажет.

«Жалпы, аумақтық қорғаныс бригадасын құру әлемде бар тә­жірибе. Көптеген дамыған елдер бүгінде қорғаныстың тиімді тәсілі ретінде осы әдісті пайдаланады. Әлемдік қауымдастықтың белді мүшесі ретінде еліміздің қорғаныс саласы да осы жолды таңдады. Оның үстіне дүниежүзінде мемлекеттер қарулы күштерге қатты көңіл бөле бастады. Соның аясында қорғаныс саласына қаралатын қаржы көлемін бірнеше есе арттырып жіберді. Қомақты қаражат заманауи жаңа қарулар сатып алуға немесе отандық әскери өнеркәсіп кешенін дамытуға жұм­салып жатыр. Мұның бар­лығы кейінгі жылдары әлемде пайда болған қарулы текетірестер салдарынан болып отырған жағдай. Бұл орайда біздің еліміз бей­біт­шілікті жақтайды, дегенмен геосаяси ахуалдың көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқанын ескерсек, кез келген сценарийге тас түйін дайын отыруымыз керек деген», ойын білдірді әскери маман.

Арнайы оқу-жаттығу жылына екі рет – көктемде, күзде ұйым­дас­тырылады. Биыл көктемгі жиынға 200-ге жуық әскери міндетті қа­тысты. Жауынгерлік даярлық ке­зінде әскери міндеттілердің негіз­­гі жұмыс орны мен жалақысы сақ­талып, олар киім-кешекпен, та­мақ­пен толық қамтамасыз етіледі.

Соңғы жаңалықтар