Әлемдік технология алпауыты Apple жаңа смартфон әзірлеуде белсенді қадам жасап отыр. Nikkei Asia жариялаған деректерге қарағанда, компания Тайванда сынақтық өндіріс алаңын іске қосып, бүктелетін iPhone моделін жасауға кіріскен. Бұл көптен бері қауесетке айналған өнімнің нақты жүзеге асуына жақындағанын көрсетеді, деп жазады Egemen.kz.
Сарапшылардың айтуынша, сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін жаппай өндіріс Үндістанға ауыстырылуы мүмкін. Бұл шешім Apple-дың өндірістік тізбегін әртараптандыру және Қытайға тәуелділікті азайту стратегиясына сай келеді.
Соңғы жылдары смартфон нарығының өсім қарқыны бәсеңдеп қалғаны белгілі. Құрылғылардың техникалық мүмкіндіктері жеткілікті деңгейге жеткендіктен, тұтынушылар оларды жиі алмастырмайды. Мұндай жағдайда өндірушілер сұранысты арттыру үшін жаңа дизайн мен инновациялық шешімдерге жүгінуде.
Қазіргі таңда бүктелетін телефондар сегментінде Samsung Galaxy Z, Huawei Mate X және Oppo Find N үлгілері танымал. Зерттеу агенттіктерінің дерегі бойынша, бұл санат 2023–2024 жылдары жылына 20–25 миллионға жуық сатылым көрсетіп, ең серпінді дамып келе жатқан бағытқа айналды.
Apple бұл нарыққа кейін қосылғанымен, компания әрдайым өнім сапасы мен сенімділігіне басымдық беретіндігімен ерекшеленеді. Сарапшылардың пайымынша, бүктелетін iPhone қолданысқа шықса, ол жаңа стандарт қалыптастырып, тұтынушылардың қызығушылығын күшейтуі ықтимал.
Құрылғының дизайны жайлы нақты дерек жоқ. Дегенмен болжам бойынша екі нұсқа қарастырылуда: ықшам қалтафон түрі немесе планшет пен смартфонды біріктіретін үлкен формат. Apple үшін басты артықшылық – өз экожүйесі. Жаңа үлгі iPad пен MacBook арасындағы үйлесімді байланысты нығайтып, жұмыс және ойын-сауық үшін қосымша мүмкіндіктер ұсына алады.
Болжамдарға сүйенсек, бүктелетін iPhone 2026 жылға қарай Apple-дың жеткізілім көлемін шамамен 10 пайызға арттыруы ықтимал. Сонымен қатар өндірістің Үндістанға ауысуы компанияға геосаяси тәуекелдерді азайтып, шығындарды тиімді басқаруға жол ашады.
Көптен күткен жаңа iPhone нарыққа жол тартса, бұл смартфон индустриясында жаңа дәуірдің басталғанын білдіруі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, Apple-дың батыл қадамы премиум-класс сегментіндегі бәсекені күшейтіп, тұтас нарықтың даму бағытын өзгертеді.