Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өзінің логотипін ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомство өкілдері логотиптің әрбір элементінің мағынасын түсіндірді:
Шеңбер – ұлттық мәдениет пен бірліктің негізі саналатын шаңырақты, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық ауқымын және әлемге ашықтығын білдіреді.
Шеңбер ішіндегі төртбұрыш пішіндер – ұлттық ЖИ инфрақұрылымының негізін құрайтын микрочиптер мен суперкомпьютерлік жүйелерге сілтеме.
Тор үлгісі – цифрлық матрица, мұндағы әрбір ұяшық жалпы қозғалыстың бір бөлігі: мемлекет, бизнес, ғылым және қоғам.
Логотиптің түстері дәстүр сабақтастығын және болашаққа ұмтылысты бейнелейді.
«Жаңа таңба жоғары технологиялар мен ұлттық құндылықтардың символикасын біріктіріп, министрліктің миссиясын – жасанды интеллект пен цифрландыруды тұрақты дамудың және жалпы өркендеудің қозғаушы күшіне айналдыру мақсатын көрсетеді», деп қосты ведомство өкілдері.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елде Жасанды интеллект министрлігін құру туралы жариялаған болатын.