Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапары барысында ғылым мен жоғары білім саласына серпін беретін бірқатар келіссөздер өтті. Бұл кездесулер елдің ғылыми әлеуетін арттыруға, білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталды, деп жазады Egemen.kz.
Смитсон институтымен ынтымақтастық
Президенттің айтуынша, қазақстандық антропологтар, тарихшылар, мәдениеттанушылар мен өнертанушыларға әлемдегі ең көне әрі беделді ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі саналатын Смитсон институтында білім алу мүмкіндігі беріледі. Бұл қадам «Болашақ» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Смитсон институты – әлемдегі ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешені. Оның құрамына 21 мұражай мен галерея, 14 ғылыми және білім беру орталығы, сондай-ақ кітапханалар мен ұлттық хайуанаттар бағы кіреді. Мұндағы бай ғылыми орта қазақстандық жас ғалымдарға тың ізденістерге жол ашып, әлемдік деңгейдегі жаңа тәжірибелерді игеруге мүмкіндік береді. Президент атап өткендей, мұндай ынтымақтастық Қазақстанның ғылыми қауымдастығын жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық ғылымның дамуына серпін бермек.
ETS компаниясымен жаңа бастамалар
Президент Тоқаевтың тағы бір маңызды кездесуі – білімді бағалау мен тестілеу саласындағы әлемдік көшбасшы саналатын Educational Testing Service (ETS) компаниясының басшылығымен өтті. Бұл ұйым – тестология ғылымының бастауында тұрған ең көне әрі беделді құрылымдардың бірі.
Келіссөздер нәтижесінде ETS-тің жетекші мамандары қатысатын арнайы бірлескен жұмыс тобы құрылады. Ол топ Қазақстандағы Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) халықаралық деңгейдегі сарапшылардың тәжірибесіне сүйене отырып түбегейлі жаңғыртумен айналысады. Нәтижесінде, ҰБТ-ның мазмұны мен әдістемесі заманауи талаптарға сай қайта қаралып, бағалаудың сапасы жоғары халықаралық стандарттарға сәйкестендірілмек. ETS бүгінде жыл сайын әлемнің 180 елінде 50 миллионнан астам тест әзірлеп, өткізеді. Оның тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды, себебі қазіргі білім беру реформаларының табысы әділ бағалау жүйесіне тікелей байланысты. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы серіктестікті «Қазақстан білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кепілі» деп атады.
Президенттің АҚШ-тағы сапары аясында өткен бұл келіссөздер Қазақстан ғылымы мен білім беру саласында жаңа мүмкіндіктердің есігін ашып отыр. Смитсон институтымен әріптестік – отандық ғалымдардың әлемдік ғылыми кеңістікке шығуына жол ашса, ETS компаниясымен ынтымақтастық – ұлттық тестілеу жүйесін халықаралық стандарттарға бейімдеуге мүмкіндік береді. Бұл қадамдар Қазақстанның жаңа буын ғалымдары мен білім алушыларына сапалы білім алуға, озық тәжірибелерді меңгеруге және елдің интеллектуалды әлеуетін күшейтуге ықпал етпек.