• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Театр Бүгін, 08:00

Бас жүлдені Абай театры алды

10 рет
көрсетілді

Жетісу төрінде, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында өткен «Biken fest ІІІ» халықаралық фестивалі мәресіне жетіп, ұлт руханиятына айрықша серпін берген мәдени оқиғаға айналды. Өнер ордасы фестиваль аясында жарты ғасырлық мерейтойын да атап өтті.

Фестивальға еліміздің ғана емес, шетелдің де белгілі театртанушылары мен өнер қайраткерлері қазылық етті. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, продюсер әрі режиссер Досхан Жолжақсынов, театр сыншысы, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс, Татарстаннан келген театртанушы Нияз Игламов, Грузияның белгілі профессоры Георги Цкитишвили, Өзбекстан өнертанушысы Айбек Копадзе болды.

Қазылар қойылымдардың мазмұ­нына ғана емес, режиссерлік шешіміне, актерлік ойынға, сахнадағы пластика мен декорацияға дейін жіті назар аударды.

«Біз спектакльдерді сан қырынан бағаладық. Әрбір қойылымның жанры да, идеясы да әртүрлі. Бірақ ең бастысы – актердің шынайылығы, көрер­мен жүрегіне жеткізе білуі. Бұл фестиваль­дың ерекшелігі – заманауи режиссер­лер­дің батыл шешімдері мен актер­лер­дің кейіпкердің ішкі жан дүниесін ашып көрсетуге деген талпынысы. Бес күн ішінде түрлі елден келген театр­­лар тәжірибе алмасып, өнердің ортақ тілде сөйлейтінін тағы да дәлелдеді. Мұндай мереке – ұлт руханияты үшін үлкен олжа», деді қазылар алқасының төрағасы Досхан Жолжақсынов.

Халықаралық фестивальға Қазақ­стан­­нан бөлек Қырғызстан, Өзбек­стан, Әзербайжан, Грузия елдерінің театрлары қатысты. Жалпы саны тоғыз ұжым өнер көрсетіп, сахнада әртүрлі тақырыпты көтерді: тарихи драма да, заманауи әңгіме де, философиялық ойларға жетелейтін қойылымдар да болды.

«Бұл фестивальдың ең құнды тұсы – театрлардың бір-бірінен үйренуі, тәжірибе алмасуы. Шетелдік қонақ­тардың пластикалық шешімдері мен режиссерлік батылдығы, отандық әртіс­­тердің актерлік шынайылығы – бар­лығы көрерменге жаңа әсер сыйлады. Менің ойымша, «Biken fest» – жай ғана театр мерекесі емес, ол – ұлт руханиятын байытатын, өнердің халықаралық деңгейдегі диалогіне жол ашатын үлкен алаң. Алдағы жылдары да жалғасын тауып, Талдықорғанды әлемдік театрлар тоғысатын орталыққа айналдыратынына сенім мол», деді театртанушы Нияз Игламов.

Фестиваль қорытындысында тоғыз аталым бойынша үздіктер анықталып, бас жүлде «Абай айтқан Еңлік-Кебек» спектаклімен Абай облыстық қазақ музыкалық драма театрына бұйырды. Бұл қойылым – хакім мұрасына жаңаша көзқарас, ұлттық мұраттар мен мәңгілік тақырыптардың сах­надағы көркем шешімі ретінде әділ бағасын алды. Бас жүлдемен бірге театр ұжымына 1 млн теңгенің сертификаты табыс етілді.

 

Жетісу облысы