• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 09:20

Ақиқаттың алдаспаны

20 рет
көрсетілді

Ойлап отырсам, мен Шерағаның аты-жөнінен бұрын өзімен танысқан екенмін. ҚазМу-дың журналистика факультетіне құжат тапсырып, одан әрі алдағы болатын емтихандарға дайын­далып жүрген кезіміз еді. Бұған дейін аудандық, облыстық газеттерде шағын әңгімелерім жарық көріп, дәндеп қалған маған әр нөмірін асыға күтетін «Лениншіл жас» газетінің Алматыда екені есіме түсе кетті. Сол газеттің редакциясына барсам деймін. «Оу, барғанда, неге келдің десе қайтесің?» дейді ішкі бір ой өрекпіген көңілімді басып. «Рас-ау, бейсаубет жүрген адам кімге керек?» «Жоқ, бәрібір барамын. Е, таптым», дәп сол сәтте өткенде ғана жазып бітірген әңгімем есіме түсті. Соны апарсам, ешкім мені текке жүрген адам деп ойламайды.

Ұзын сөздің қысқасы, жазғанымды арқалап, «Лениншіл жасқа» да жеттім-ау. Ішке кірсем, үлкен бір бөлмеде адам толып отыр. Назар аударатын түрі жоқ. Тіпті болмағасын, «әңгіме әкеліп едім»  дедім бәсең дауыспен. Сол кезде «бері әкел» деді төрде отырған желке шашы бір қарыс жігіт ағасы. Мен ұсынған қағазды қолының ұшымен ғана іліп алған ол паңдана жымиды да, «сен енді жүре бер»  деді. «Құдай-ау, тастап жүре бер  дегені несі, келген адамды сыйлап, шағын әңгімені оқып шықса, несі кетеді» деген ішкі ойымды ол да сезді-ау деймін, «осы жұрттың бәрі өз жазғанын шедевр деп ойлайды-ау» деді айналасындағыларға жағалай қарап. Одан әрі әңгімені тыңдап тұруға дәтім жетпей, бөлмеден шыға жөнелдім. Әлгі кербез ағайдың енжар қимылы, жазбамды үстелінің үстіне тап бір керексіз нәрседей тастай салғаны есімнен кетер емес. Ұнжырғам түскені сонша, апарған дүнием газет бетіне шығады деген ойдан да біржолата үмітім үзілген.

Міне, қызық! Мен мүлдем жаңсақ ойлаған екенмін. Әлгі үмітімді үзіп қойған әңгімем араға ай салып, «Ленин­шіл жастың» бетіне шыға келді. Қуануын қуансам да, таңданысымды баса алар емеспін. Таңданатын да жөнім бар. Аудандық газеттің өзі де берген дүниеңді зарықтырып, жарты жылда әзер басатын еді ғой, ал мына республикалық басылым мұны қалай тез шығара қойды деп өз көзіме өзім сенбей, әлгі әңгімеге осы шын ба дегендей қайта-қайта үңілемін. Жан-жақтан оқуға түсуге келгендермен де танысып-білісіп алғанбыз. Олар да мені жапа-тармағай құттықтап жатыр. Сөйтіп, жастар газетінің арқасында аяқ астынан мәртебем өсіп шыға келді. «Е, апарсаң, жерде қалдырмайды екен ғой» деген ой қанаттандырып жіберді ме, көп ұзамай тағы бір қолжазбамды алып, редакцияға келдім.

Байқаймын, бұл жолы әлгі желке шашы бір қарыс кербез ағай мені ежелгі танысындай қарсы алды. Жылыұшырай амандасқаны аздай, «әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Оралхан Бөкей деген ағаң боламын» деп өзін де таныс­тырып өтті.

– Жұмагүл, сен қазір біздің бастығы­мыз­ға кіре кетші. Ол кісі келсе сені маған жолықсын деген. Әлгі кербез ағайдың жып-жылы сөзінен кейін оның айтқанын жүре тыңдауға дәтім бармады. Содан бас­тық отыратын кабинетке кірсем, қа­бағы қалың бір кісі газет оқып отыр екен. Мені көріп, басын көтерген ол «иә, неге кел­дің»   дегендей бетіме сұраулы жүзбен қарады.

– Ағай, сіз шақырған екенсіз.

– Мен бе? Осылайша, таңдана сұрақ қойған ол есіне түсіре алмаған сияқты.

– Мен шақырды деп саған кім айтты? – деді ол сәлден кейін.

– Оралхан деген ағай айтты.

– Онда тұра тұр. Енді аты-жөніңді айтшы.

Аты–жөнімді естігеннен кейін де ол кісі неге шақырғанын есіне түсіре алмай, едәуір уақыт дүдәмал ойда отырды да, кенет: «Е ұмытпасам, жуырда біздің газетте сенің бір шағын дүниең жарық көрді-ау деймін. Соны оқығаннан кейін Оралханға келсе, жолықсын дегенім рас. Енді сол әңгімең туралы айтсам, өзі тәп-тәуір. Дегенмен жазуыңда әлі балаңдық бар. Әзірге ол заңды ғой. Ысыла келе бәрі жөнге келеді. Айтпақшы, өзің бір жерде оқисың ба?» 

Бұл емтихан аяқталып, жұмыс өтілі барлар төмендеу бағамен-ақ оқуға қабыл­данып қойған кез. Мен емтиханның бә­рінен жоғары баға алғанмын, алайда өте алмаған едім. Сол кезде жанымның қысылғаны сонша, факультет деканы Тауман Амандосов ағамыздың алдына барып, бұл әділетсіз шешім екенін айтып, кәдімгідей ренжігенім бар. «Рас айтасың, бұл тәуір баға алғандар үшін обал болды. Бірақ үш алса да еңбек өтілі барларды алдымен қабылдаңдар деген жоғарыдан келген шешім бар»  деген ол қылқиып жанында үн-түнсіз отырған мені көріп, жаны ашыды ма, ойлана келе бағаларымның жоғары екенін ескеріп, сырттай бөлімге қабылданды деген бұйрықты да шығарып берді. Кімнің күндізгі бөлімде оқығысы келмейді дейсің. Менің де көкейімді тес­кен ой сол болғандықтан, әлі де жазыла алмай, тоңторыс қалпы отыра бердім. Қайран Тауман аға, мені жұбатқысы келді ме: «Қалқам, сен былай істе. Күзде күндізгі бөлімнің сабағына үзбей қатысып жүретін бол. Тәуір оқысаң, үлгере алмай, оқудан шығып кететіндер болады, жарты жыл ма, бір жыл ма, күндізгі бөлімге басы бүтін өзіміз ауыстырып аламыз» дегені.

Редакция басшысының бір жерде оқисың ба деген сұрағына жауап ретінде сол жайтты айтқанмын. Алайда ол кісі менің бұл сөзіме аса мән бермеді.

– Осы сен біздің редакцияға жұмыс­қа келсең қайтеді. Әрине, саған бірден қолақпандай қызмет берем деп айта алмаймын. Осында жүрсең, бәлкім, бірте-бірте ысылып, жазуға төселіп кетерсің деген ойдамын.

 Осымен әңгіме бітті дегендей ол кісі алдындағы газетке қайта үңілді.

Несін жасырайын, мына сөзден кейін менің мүлде есім шығып кетті. Апырау, «Лениншіл жас» мен сияқты талай жастың қолжетпес арманы ғой. Мұндай аспаннан түскен бақыттан бас тартуға бола ма? Бойымды билеген қуаныш­тың әсерінен өзімді-өзім игере алмай, әлгі ағайдың ұсынысына қалай келісім бергенімді өзім де байқамай қалыппын.

– Онда жөн. Ертеңнен бастап іске кіріс, – деген қамқоршымның Шерхан Мұртаза деген жазушы екенін де кейінірек білдім.

Иә, тап сол күннен бастап, армандауға да батпайтын сүйікті газетімнің күнде­лік­ті тірлігіне араластым да кеттім. Мін­детім – редакцияға келіп жататын нөпір хаттарды тіркеп, оларды сәйкес бөлімдерге таратып беру. Бос уақытымда да қарап отырмай, қайда көмегім қажет болса, сол жерге барып, қолғабыс беретін мені жұмсайтындар да көбейді. Типография­ға материал жеткізетін курьер де болдым. Корректорға көмекші керек болса, сонда бардым. Ең бастысы, осының бәрін қуана атқардым. Сөйтіп, қызмет бабымен сатылай көтерілген мен осы қара шаңыраққа ширек ғасырға жуық еңбек сіңірген екенмін.

Осы қасиетті шаңырақтың игілігі үшін Шерағаның да төккен тері аз емес екен. Бұл арада республикаға белгілі тұлғалардың, мықты журналистердің өздерін біз Шерағаның шекпенінен шыққанбыз  деп мақтануы да біраз жайтты айтып тұрғандай. Расында да Шерағаң бұлақ көзін ашқандай, талай-талай талантты жастардың ізденісіне, өзін-өзі тануына мүмкіндік беріпті. Соған орай газеттің сапасы артып, тиражы да жоғарылай беріпті. Талант иелерін тап басып, тани білген Шерағаң сонау Арқадан Ақселеуді, Шығыстан Оралханды, Оңтүстіктен Мұхтарды, Атыраудан Фаризаны шақырып, қызметке алған екен. Ал редакциядағы сайдың тасындай Әнес, Кәрібай, Кәдірбек, Серік, Қуанышбай, тағы басқа ағаларымыздың соңынан келе жатқан Мағира, Құрманғазы, Жанат, Жарылқап, Жақау сияқты жастардың да алар биігі алда екені көрініп тұратын.

Рас, кейіннен Шерағаң басқа қызмет­ке ауысты. Алайда өзінің маңдай тері сің­ген газетінен қол үзген емес. Редак­ция­ға жиі-жиі келіп, ұжымда өтетін түрлі басқосуға қатысып тұратын. Сол кездерде байқағаным, ұжымда қызмет істейтін қыз-жігіттердің жылт еткен жақ­сылығын назардан тыс қалдырмай әр көңілге шырақ жағып кететін. Менің «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Ыңғайсыз әңгіме» атты дүнием жолы болып «Жыл әңгімесі» атанған тұста да ол кісінің «жарадың» деген бірауыз сөзі бейнебір қанат байлап бергендей күй кештіргені де рас.

Ал кейіннен өзі айтқандай, газет жұмысына әбден ысылған тұста ағалық қамқорлығын танытып, маған мүлде басқаша бір кеңес айтқан. Енді сол кеңесіне ешнәрсе қоспастан, бояуын қоюлатпастан Шерағаңның сөзіне кезек берейін.

– Байқаймын, сен газет жұмысына басыбүтін кірісіп кеттің. Ол да дұрыс шығар. Бірақ сенің шығармашылығы­ңа бұл жұмыс едәуір кедергі келтіруі әб­ден мүмкін. Аяқ алысыңның тәп-тәуір еке­нін байқап, осы қыз Хан Тәңірінің қақ төбесіне ту тікпесе де, биік бір шоқысын бағындыруға шама-шарқы бар-ау деуші едім. Солай болсын десең, бұл тынымсыз жұмысты жинап қой да, басыбүтін көркем шығарма жазуға отыр, – деген еді. Мұндай ескертпені кейіннен де бірер мәрте қыжырта айтқаны да есімде. Бұл аз десеңіз, «Егемен Қазақстан» газетінде басылған «Жұмагүлдің жұлдызы» атты мақаласында да бұл ойын тағы да ашық айтқан болатын. Алайда ағаның бұл ескертулері жанашырлық екенін айқын сезінгеніммен, газет жұмысынан мүлдем қол үзіп кете алмадым. Өйткені күн сайын қым-қуыт тірлігі бітпейтін осы жұмысты бір ерекше іңкәр сезіммен бастасам, уақыт өте келе онымен іштей бітеқайнасып кеткенім сонша, маған одан қол үзу мүлдем мүмкін емес сияқты көрінетін.

Осы арада айта кететін бір жайт, зей­нет демалысына шыққан ағамыз тоқ­саныншы жылдары өзінің «Егеменіне» қайта оралды. Бұрындары осы газетті басқарған адамның қатардағы қызмет­кер болып қайта оралуы оның қадір-қасиетіне, беделіне еш нұқсан келтірген жоқ. Ең ғажабы, газеттің тізгінін ұстаған тұста ұжымды темірдей тәртіпке бағын­дырған адам өзінің алдын ешкім кесіп өт­пей­тінін білсе де, жұмысқа дәл уақыты­н­да келіп, уақтында қайтатын. Шер­ағаның жазған мақалалары үшін «Егеменді» жұрттың бір-бірінен сұрап оқитын тұсы да осы кез. Ел тағдыры, жер тағдыры, тіл тағдыры туралы жазған дүниелері көп көңілінен шыққаны сондай, оны газет бетінен қиып алып, барған жерінде шенеуніктерге «міне, Шерхан былай дейді, ал сен  былай дейсің» деп көзге шұқып жатқанын да көрдік. Сол ескіден жаңаға ауысып­ жатқан кезде шешуі қиын түйінді тұстарда Шерағаң газет басшыларына да жөн-жоба айтып, ақылшы бола білді. «Кейде жоғарыдағылардың айтқанына көніп, айдауына жүре бермей, ара-тұра азуыңды көрсетіп қойған да жөн» деп ол әзіл-шынын араластыра жігіттерге ескертіп жататын. Бұл да осы жұмыстың қиындығын айқын білетін, қашанда өзінің азаматтық позициясынан таймайтын парасат иесінің кейінгі буынды іскерлікке, адами адалдыққа, сөз бен істің бірлігіне баулығаны ғой.

Өз ұжымына әбден бауыр басқан кезде, яғни 1999 жылы «Егемен» Ақмола­ға көшті де, ағамыз едәуір жетімсіреп қалды. Жетімсірейтін де жөні бар. Күн сайын жұмыстан кейін бірге билярд ойнап жүрген доспейіл інісі Әділ Дүйсенбек ағамыз ұжыммен бірге елордаға қоныс аударған. Оның үстіне Шерағаның досы Камал ағамыз да осы тұста дүниеден озған. Қалтай ағамыз да қайтпас сапарға аттанған. Күн сайын жұмыстан кейін үшеуі бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, айналасын әзілге бөктіріп отыратын, өздері «Камал кафе» деп ат қойып алған шағын буфетке де ағамыз қайтып бас сұқпайтын болды. Міне, осылайша жалғызсырап қалған ағамызға жік-жапар болып, шама-шарқымызға қарай, қамқор болуға тырысатынбыз.

Әлі есімде, газеттің «Сырғалым» атты қыз-келіншектерге, аналарға арналған қосымшасы шыға бастағаннан-ақ елге танымал тұлғалар да маған жиі-жиі телефон соғатын болды. Неге десеңіз, «Сырғалымда» берілетін материалдар жып-жылы әрі оқуға жеңіл, әрі шағын болатын. Оның үстіне техникалық көркемдеуін жауапты хатшы Жанат құлпыртып жіберетін. Әрі қосымшаның тақырыптары да адамды өзіне тартып тұратын. Әрине, бұдан кейін бізбен ой-пікір бөлісетіндердің қарасы да бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көбейе түскен. Газет бетіндегі жылт еткен жаңалық назарынан тыс қалмайтын Шерағам да «Сырғалымға» бей-жай қарамаған екен. Бір күні ақсия күліп келіп, қолыма бір жапырақ қағаз ұстатты. Ашып оқысам, бір шумақ өлең екен.

Жұмагүл – Сырғалым ғой, Солты қызы,

Қалың жұрт көрген емес олқыңызды

«Сырғалым» түзелген соң,

Бұрым төгіп, сыңғырлатып

жүрмейсіз бе шолпыңызды, –

деп ең соңына қолын қойыпты.

Жалпы, Шерағаңның өзімен көңіл­жетер адамдарға өз ойын өлеңмен жол­дайтынын бұрын да байқағам: Камал досына, Әкім Таразиге арнап жаз­ған әзілдері, бұл сөзімнің дәлелі. Бірде «Мына дүниелеріңіз Жарасқан Әбді­рашев шығарып жүрген «Достық әзілдері» атты топтамаға беруге әбден лайық екен» дегенімде, оны өз бойына лайық көрмеді ме, бұл ойымды құптай қоймаған.

Аға әдетте мені көрген бетте әңгі­месін «Ау, бүгін қайда барамыз?» деп бастайтын. Ол кісінің қайда баратынын менен сұрауының да өзіндік сыры бар. Газет елордаға қоныс аудармай тұр­ған­да мен Әдебиет және өнер бөлімін бас­қаратын едім. Соған орай концерттерге, әрқилы жиындарға, түрлі кездесулерге шақырулар ең алдымен менің қолыма тиетін. Соларды іріктеп, қайсыбір қажет дегендеріне өзім де барып тұратын едім. Аға да сергіп қайтсын деп сол шақырулар туралы айтсам, ол кісі де кәдімгідей қуанып қалатын. Сөйтіп, ара-тұра екеуміз айтыстарға, әдемі концерттерге, шығармашылық кештерге барып қайтуымыз да мәдени демалыс болатын.

Мәдени демалыс демекші, Шерағаң­ның ерекше бір қыры – ол кісі татар халқының әндерін керемет беріле шыр­қайтын. Және сол әндердің шығу тарихын да жақсы білетін. Айталық, та­тардың «Сандуғаш» деген әні біз ойла­ған­дай қыздың аты емес, керісінше, не­бір зұлматты бастан кешкен халықтың запыранға толы мұң-зары екен. Міне, осы әнді ағамыз айтқан кезде оны толқы­май, жайбарақат тыңдау еш мүмкін емес еді. Тағы бір сүйіп айтатын «Шамдал» деген әні де көкірегіңе мұң ұялатып, жаныңды жабырқатып тастайтын. Өзгені қайдам, ал маған осы әндер талай-талай қилы кезеңді бастан кешкен татар халқын тереңірек тануыма мүмкіндік бергендей. Халық пен халықтың арасына жол салатын, алтын көпір болатын өнер құдіреті екен-ау. Жалпы, былайғы жұртқа көрсете бермегенімен, Шерағаң өнерге ғашық адам еді. Тіпті ішкі әлемі әрдайым ән салып тұратындай көрінетін. Ал егер зер салсаңыз, оның әнмен бірге мұңайып, жұбанышты да содан табатынын бай­қар едіңіз. Өз басым ағаның сондай бір мұңға батқан, ән арқылы ой сабақтаған тұстарына талай рет куә болғаным да бар. Айталық, өзімен өзі оңаша қалғанда, ол кісі мына бір әнді:

«Вечерний звон, вечерний звон,

как много дум наводит он

Бом...Бом...Бом...» деп ыңылдай ән­де­тіп ойға батып тұрған кезі әлі күнге көз алдымда. Ағаның әңгіме арасында:  «жұрт­тың кейде менен неге түріңіз сұс­ты, жү­зіңіз неге қатқылдау деп сұрай­ты­ны бар. Апырау, жастайынан мен ­құ­сап аш өзекке ащы жуа жеп өссе, кө­рер ем» дей келе, «бәлкім, содан да ішкі дүнием қатқыл тартты ма екен» деп күліп қоятын. Өзі солай дегенімен, ол кісінің жаны өте нәзік әрі мейірге толы болатын. Оның бұл қасиеті ұлт тағдырына, Алаш арыстарына байланысты әңгіме өрбіген тұста айқын байқалатын. Сол көңіл-күйі оның әр шығармасына астар боп, бірге өріліп жататын. Осы тұста қашанда шындықтың сөзін сөйлейтін Шерағаңның «Бесеудің хаты» атты пьесасы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда қойылғанын көпшілік қауым әлі ұмыта қоймаған шығар. Райымбек Сейтметов сахналаған осы спектакль қойылған кезде көрерменнің көптігі сонша, билет жетпей қалған қауым театрдың есігін сындырып кірген-ді.

Ел үшін еңіреп туған ерді жаладан аршып, ол туралы том-том кітап жазып, халқының алдындағы абыройын қайырған Шерағаң көптің мүддесі үшін жан аямай күреске түскен батырларды, мейлі ол қай ұлттың өкілі болса да ерекше құрмет тұтатын. Құрмет тұтқаны ғой, ол башқұрт халқының аяулы перзенті Салават Юлаев туралы жиі айтатын еді. «Есіл азамат-ай, жауыздар бар жазығы елін сүйген, бостандықты аңсаған батырды қорлап, аяқ-қолын кесіп, қу томарға айналдырып, елсіз аралға апарып тас­тады ғой. Сонда да оның рухын таптай алмады. Батыр мәңгілік халқының жүрегінде қалды»  деп күйініш пен сүйінішке толы әңгімесін аяқтайтын. Шераға аса құрмет тұтатын тарихи тұлғаның бірі – Қазан хандығының ханшасы Сүйімбике. Шынайы құрметінің белгісі сол, үйінде ханшаның суреті ілулі тұратын. Бір тамшы көз жасы бетінде іркіліп тұрып қалған әйел бейнесі еріксіз жанарыңды жаулайтын. «Бұл ханым да халқының қамы үшін жауыздықтың құрбаны болған» дейді Шерағаң суретке үңіле қарап тұрғаныңды байқаса.

...Шераға Тараздан Алматыға көшіп келгеннен кейін де бір-бірімізбен телефон арқылы хабарласып тұрдық. Алайда ағаның денсаулығының күрт нашарлауына байланысты бұрынғыдай арқа-жарқа араласа алмадық. Енді ойласам, сексен жылдық тойына барғанда ағатайымды бетпе-бет соңғы рет көрген екенмін. Сағынып еске алған сайын ол кісінің «сен менің өз қарындасымсың» ғой деген сөзі еске түседі. Сол сөз ұдайы жүрегімді жылытып жүреді.

 

Жұмагүл Солты,

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері