Президент Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық және кәсіби білім жүйесін реформалау қажет деген еді. Расында, бұл сала оң өзгерістерге мұқтаж. Экономиканың тірегі де – осындай қарапайым, бірақ жауапкершілігі орасан жұмысты атқарып жүрген мамандар. Осы ретте облыстық ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен Көкшетау қаласындағы бірқатар кәсіпорынды аралап, жұмысшылар еңбегімен таныстық.
Алдымен ұзақ жылдан бері қала тұрғындарына қызмет етіп келе жатқан «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнында болдық. Кәсіпорын тұрғын үйлерге, мекемелерге, кәсіпорындарға инженерлік желілер арқылы үздіксіз су жеткізеді. Нысандардан ағынды суды қабылдап, тартуды жүзеге асырады. Ағынды сулар санитарлық, экологиялық талаптарға сәйкес тазартудан өткізіледі. Қоршаған ортаны ластамай, тазалық сақтау, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Кәсіпорында кәсіби мамандар заманауи жабдықтарды қолдана отырып, жұмыс сапасын жақсартуға ұмтылады. Ұзақ жылдан бері осында жұмыс істеп келе жатқан Бейімбет Әнелов – бесаспап маманның бірі.
«Негізі Ақкөл ауданына қарасты Амангелді ауылының тумасымын. 2005 жылы осында орналастым. Мамандығым – жүргізуші. Кәсіпорында слесарь болып 11 жыл бойы табан аудармастан еңбек етіп келемін, – дейді Бейімбет Әнелов. – Жалпы, жұмыстың оңайы жоқ, сырт көзге байқала бермегенімен, біздің жұмыстың да өзіндік қыр-сыры бар. Бір өкініштісі, жастар жағы аздау. Жұмысшы мамандығын қадірлеу, дәріптеу туралы Президент өте орынды мәселе көтеріп отыр. Әркім қолынан келгенше адал еңбек етіп, нағыз маман болуы керек. Біздің сорғы стансасында әйелдер де жұмыс істейді. Жұмыстың қаншалықты ауыр екенін сезінуге сәл ғана мысал келтіре кетейін. Құбыр бойымен келген қалдық суды тазалайтын сүзгі бар. Сүзгіге әртүрлі тұрмыстық қалдық кептеліп қалады. Сыйымдылығы 20 литрлік шелекпен күніне елу шақты қалдық шығарады. Жұмыс орнындағы жағымсыз иісті ескерсеңіз, ауырлығы тіпті айқын байқалады. Міне, осындай адал еңбек етіп жатқан әріптестерімнің жұмысы ескерілсе екен деймін».
Келесі кезекте «Kazrost Engineering» жеке компаниясында болдық. Компания ауыл шаруашылығы техникаларын дайындайды. Диқандарды қуатты техникамен қамтамасыз ету барысында байыпты қызмет атқарып келеді. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істеген компания негізінен астық жинау комбайндарын шығарады. Кәсіпорында комбайнның негізгі бөлшектерін «КЗ «Ростсельмаш» пен «Клевер» акционерлік қоғамынан алады. «Vector 410», «Acros 550» астық комбайндарының бірнеше түрін ұсынады. Оған қоса, шағын және орта қуатты YTO-X904, YTO-X1304 тракторларын құрастырады. Дайын техникалар «КазАгроФинанс», «Өнеркәсіпті дамыту» қорының лизингтік компаниялары арқылы астықты алқапта ел ырысын молайтып жатқан даңғайыр диқандарға жеткізіледі.
Сағат Құрманбай
«Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Ең бастысы, тапсырылған істі мұқият атқарып, сапалы жұмыс істеу, – дейді жинақтаушы слесарь Құрманбай Сағат. – Жалақымызды уақытында береді, барлық әлеуметтік жағдай жасалған. Қарапайым халыққа одан артық не керек? Бір көңілге жағымды жері, кейінгі жылдары жергілікті ұлт өкілдерінің жастары техникалық білім алып, осындай ортада жұмыс істеуге ықылас таныта бастады. Жастардың ынтасын көріп, көңілің өсіп қалады. Біздің кәсіпорын ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратындықтан, еңбегіміз арқылы елдің несібесін көбейтуге үлес қосып жатырмыз деген ой мерейімізді үстем етеді. Кәсіпорындағы жұмысшылар арасында жақсы дәстүр қалыптасқан. Тәжірибелі мамандар еңбек жолын жаңа бастаған жастарды баулып, білгендерін үйретіп отырады. Ең бастысы, бесаспап маман болу. Техникалық білім алып, біліміңді тәжірибемен байытып жұмыс істесең, еңбегіңнің жанатыны сөзсіз».
Кәсіпорын жұмысшылары әлеуметтік жағынан толық қамтамасыз етілген. Алғашқы кезеңде 77 адам, қазір 175 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Әрбір жұмысшымен жеке келісімшарт жасалады. Келісімшартта тегін медициналық қызмет көрсету, денсаулығын қадағалау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көрсетілген. Жұмысшылар тегін тамақтанады, жұмыс орнына компания көлігімен тасымалданады.
Тағы бір жақсылығы, жергілікті кәсіби білім беретін оқу орындарымен байланысын нығайта түсіп отыр. Онысы – елдің ертеңін ойлағандық. Болашақ жас мамандарды заманауи кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстырып, еңбекке баулу мәселелерін мықтап қолға алған. Осы арада тәжірибеден де өткізеді. Болашақ мамандардың тұрақты жұмысқа орналасу мәселесін де шешеді.
«Авикс груп» ЖШС жанар-жағармай нарығында жақсы дамып келеді. Кәсіпорындағы тәжірибелі технологтер өнім сапасын жақсартуға бар күш-жігерін жұмылдырған. Өнім сұранысқа ие. Бәсекеге қабілетті болу жолында нарықтағы баға да назардан тыс қалмайды. Тынымсыз еңбекқорлық пен жаңа шешімдерді іздестіру – серіктестік табысының негізгі драйвері. Мұндағы ыстыққа төзімді консерванттар өнеркәсіпке өте қажет.
Иван Петрожицский
«Зертхана барлық қажетті құрылғымен қамтамасыз етілген, – дейді зертхана меңгерушісі Иван Петрожитский. – Өнім сапасы ісімізге жауапкершілікпен қарауымызға байланысты. Ұжымда ауызбірлік мықты. Бірлесе атқарған соң, жүк те жеңілдей түседі. Серіктестік шығаратын өнімнің барлығы зертханада мұқият тексерістен өткізіледі. Осындай ілкімді жұмыстың арқасында өніміміз де өңірде жақсы қырынан танылды. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Атқарған жұмысымызға сәйкес еңбекақымыз уақытында төленеді».
Біз тілдескен жұмысшылардың барлығы өз мамандықтарын жақсы меңгеріп, аянбай еңбек етіп жүргендіктерін айтады. Олардың көкірегінде мен жұмысшымын деген мақтаныш сезім бар.
КӨКШЕТАУ