• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 09:45

Жасампаз істер жаршысы

10 рет
көрсетілді

Айналдырған алты жыл ішінде Қазақстан электролиз зауытының белді қызметкеріне айналып үлгерген Елдос Жұмабеков бүгінде металлургия саласының туын абыроймен желбіретіп келеді.

Білікті маман жастығына қарамастан бүгінде ауы­сым басшысы лауазымын абы­роймен атқарып жүр, әріптестері арасында құрмет, беделге ие. Зауыт­қа 2019 жылы С.Торайғыров уни­­­­верситетінің үшінші кур­сын­да оқып жүргенде кір­ген екен. Талапты жастың бойын­дағы ұшқынды аңғарған кәсіп­орын басшылығы оны бір­ден жұмысқа қабылдапты. Ел­дос алғашқыда электролизер пеш­терінде алюминий өнді­рі­сінің операторы болып еңбек етті. Қолына күрек-сай­ман ұстап, 1000 градусқа дейін қызатын пештердің айнала­сындағы қара жұмысқа белсене араласты.

«Арқа төсінде кеңінен көсі­ліп, 200 гектарға жуық алқапты алып жатқан алып зауыт алыс­тан көз тартады. Өндірістік кешен жылына 250 мың тонна жоғары сапалы алюминий шығарады. Алюминий өнімі бүгінде ТМД, Еуропа елдеріне де экспортталып жатыр. Мұнда жұмыс істеуді алғашқы күннен-ақ мәртебе тұттым. Арада біраз уақыт өткен соң, кәсіби тұрғыдан өсуім керек деген ойға келдім. Басшылыққа кіріп, «Өсуім керек, мені бригадир­лікке үйретіңіз» деп едім, талабымды құптады. Үйрене келе, бригадир, одан соң ауы­сым басшысы лауазымын сеніп тапсырды. Қазірде қа­рауым­да 17 жұмысшы бар. Барлығы жа­уапты жұмысыма түсіністікпен қарап, қолдан келгенше жәрдемдеседі. Мұндай қолдау әрдайым жігерлен­діреді»,  дейді жас маман.

Елдос ең әуелі қоластындағы қызметкерлердің қауіпсіздігіне жауапты. Олардың техникалық қауіпсіздігін қадағалап, жұмыс сапасының төмендемеуін назарда ұстайды. Зауыт маманда­рының сөзінше, алюминий өндірісі – энергияны көп қажет ететін үдеріс, бір өзі 420 мегаватт электр энергиясын тұтынады. Салыстыру үшін айтып өтейік, электролиз зауытының қуат тұтынуы алюминий тотығы өндірісінен (глинозем) 5 есе жоғары. Бір тонна алюминий өндіруге 1,9 тонна глинозем, 0,54 тонна анод, 13 МВт электр энергиясы қажет. Электролиз зауытынан шыққан бастапқы алюминийден әлемде кәбіл-өткізгіш өнімдер, металл конструк­циялары, құрылыс материалдары, автомобиль, түрлі құрал-жабдықтар мен аспаптар жасалады.

Е.Жұмабеков 18 жылдық тарихы бар зауытта республи­ка­лық «Алтын гефест» сыйлығын ұтып алды. Сондай-ақ былтыр облы­стық деңгейде өткен «Тәуел­сіздік ұрпақтары» бай­қауын­да топ жарды.

«Мұндай жетістіктер күш-жігер сыйлап қана қоймай­ды, алдағы істерге ынталандырады. Жұмысшы мамандық­тарға деген көптің ыстық ықы­ласы, Үкімет пен жергілікті биліктің қолдауы зор. Биыл жұмысшы мамандар үшін арнайы ипотекалық бағдарлама қабылданды. Оның нәтижесінде көптеген әріптесім баспаналы болды. Жұмысшыларды қолдауға бағытталған өзге де жобалар өміршең етіліп жатыр. Осының барлығы жұмысымызға шабыт сыйлайды», деп атап өтті маман.

Зауыт ұжымы көпұлтты, тату-тәтті жағдай­да еңбек етеді. «Басшы­лар, соның ішінде цех басшысы, зауыт директоры әрқай­сы­мыздың ой-пікірімізді тың­дауға, идеяларымызды қол­дауға әрдайым дайын. Бізде басшыға кіруге сағаттап кезек күту, ойы­мызды ашық айта алмау сияқты бюрократиялық іс-әре­кет атымен жоқ. Барлы­ғымыз бір отбасының мүшелері сияқтымыз. Біреуіміз үлгермей жатсақ, өзгелері көмектесуге дайын тұрады. Ұжымдық рух айқын сезіледі. Мұндай жерде еңбек етудің өзі бір ғанибет. Ізімді басып келе жатқан жастарға айтарым, ең бастысы мақсатты дұрыс құра білу керек. Екіншіден, кез келген істе асығыстыққа жол бермеу маңызды. Мақсат дұрыс бол­са, кез келген қиындықтан жол тауып шығуға болады», деп түйін­деді сөзін Елдос Мұратұлы.

 

Павлодар облысы