• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:15

Отандық жеке кәсіпкерлердің жартысынан көбі – әйелдер

10 рет
көрсетілді

Елдегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарының 48,2%-ын әйелдер басқарса, жеке кәсіпкерлер арасында әйелдердің үлесі 53,4%-ға жетті. Бұл туралы Алматыда өткен «BeWoman Asia – 2025» форумында айтылды. Биылғы форум «The Power of Generations/Ұрпақтар күші» ұранымен басталып, онда жасанды интеллект, ESG және тұрақты инвестициялар, әйелдер кәсіпкерлігі, қаржы, экономика мен мәдени дипломатия тақырыптары сөз болды.

Форум мен «BeWoman» қоры­ның негізін қалаушы, меценат Жанна Канның айтуынша, қазіргі­дей ғажайып кезеңде тепе-теңдікті сақтау үшін қозғалуымыз қажет.

«Бұл – технологиялардың, жаһан­­данудың, жасанды интеллект пен цифрландырудың дәуірі. Егер біз оқымасақ, өзгермесек, бейімделмесек, аутсайдер болып қалу қаупі бар. Өмірді өзгерт­пей­тін білімнің қажеті жоқ. Дәл осы себепті бүгін біз осында жинал­дық», деді ол.

«BeWoman Asia 2025» Қамқор­шы­лық кеңесін Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия тө­рағасы Аида Балаева басқарады.

«2025 жылғы әйелдің бейнесі – жай сандардың жиынтығы емес, елдің тарихы. Ол тарихты миллиондаған әйелдердің еңбегі, білімі мен көшбасшылығы жазып отыр. Әрбір сан – ел экономикасына, мәдениетіне, ғылымына және болашағына қосылған үлес. «Әйел факторы» көп жағдайда әлемнің елімізге деген көзқарасын айқын­дайды. Қазақстан әлде­қашан «даму үстіндегі ел» мәрте­бесінен асып түскен. Бүгінде қарапайым қазақстандық әйелдің орташа өмір сүру ұзақтығы 75–80 жылды құрайды. Бұл – тек жеке денсаулықтың және өмірлік қуаттың ғана емес, тұтас қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің көрсеткіші. Қазақстан әйелдерінің сауаттылық деңгейі – 99,9%. Әрбір бесінші әйелдің жоғары білімі бар. Университет студенттерінің тең жартысы – қыздар. Ғылым саласында да 55,7% әйел-ғалымдар табысты еңбек етіп жатыр», деді министр.

Гендерлік теңдікті дамыту – БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) бесінші міндеті. Осыған орай елімізде түрлі жеңілдіктер, оқу және стартаптарды дамытуға ар­налған гранттар енгізілді. Сон­дай-ақ Парламентте әйелдер мен жастар үшін 30%-дық мем­лекет­тік квота қарастырылған. Әйел­дерге арналған қосымша қол­дау шаралары қабылданды. Оған к­әсіпкер әйелдерге арналған бағ­дар­ламалар, гранттар мен жеңіл­­детілген несие беру жатады. Әйел-көшбасшыларды дамыту үшін басқарушылық дағдыларды үйре­тетін курстар мен тренингтер жұмыс істейді.

«Маңызды жобалардың бірі – «Даму» қоры іске асыратын «Үміт» бағдарламасы. Ол бизнесвумендерге жеті жылға дейін 100 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға «Halyk Bank», «Bank RBK», «Еуразиялық Банк» және «Банк ЦентрКредит» қатысады. Тағы бір маңызды бас­тама – «Отбасы банкі» мен Азия даму банкінің (АДБ) бірлескен «Ұмай» жеңілдетілген ипотекасы. Мұндай бас­тамалар ел дамуына ықпал етіп, ген­дерлік теңдікті нығайтады және мықты, тұрақты экономиканың қалып­­­тасуына серпін береді», деді министр.

Ол қазір отбасылық-тұр­мыс­­­тық қа­тынастар саласында прогрес­­сивті заңдар қабыл­­дан­­­­­­­­ғанын, заңнамалық деңгейде харас­­­­­­­смент қылмыстық жауапкер­ші­лікке жататынын мы­салға келтірді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауап­­­кер­­шілік кү­шей­тіліп қана қоймай, ол қо­ғам­да айыпталатын, ұят саналатын құбылысқа айналды. Қалың­­­дық­ты ұрлау да 10 жылға дейін бас  бостандығынан айыру жазасы қарастырылған ауыр қылмыс ретінде белгіленді. Министр мәлімдеп отырғандай, соңғы жа­ңа­­лықтардың бірі – Отбасыны қол­дау орталықтарының бірыңғай желісінің құрылуы. Олардың жұ­­­мы­сын Мәдениет және ақпарат министрлігі үйлестіреді. Мұндай орталықтардың қызметі қоғам үшін өте көкейкесті болғандықтан, 2024 жылдың маусым айынан бері олардың саны 33-тен 104-ке дейін артқан. Қиын жағдайдағы отбасыларды проактивті анықтау үшін құра­мында дәрігер, психолог, полицей және әлеуметтік қыз­мет­керлер бар мобильді топтар құ­рылған.

«Президенттің тікелей тапсырмасымен Ішкі істер министрлігінде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдерді зорлықтан қорғау басқармасы құрылды. Орталық Азия елдерінің ішіндегі ал­ғаш­қылардың бірі болып ІІМ-де әйел-тергеушілердің мамандандырылуы енгізілді. Олар әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қарсы жасал­ған сексуалдық қылмыс­тар­ды тергейді. Республика бойын­­ша мұндай тергеу-опера­тив­тік топ­тар­ға 280 әйел-тергеу­ші енгізілді. Әйелдерді зорлық-зом­былықтан қорғау инс­пекторлары 16 мың әйел­дің құқығын қорғады. Мұның бәрі – мемлекеттің және азаматтық қоғам белсенділерінің жүйелі еңбе­гінің нәтижесі», деді А.Балаева.

Форум аясында «Бірліктің күші – әйел-көшбасшылардың халық­­аралық альянстары» дөңге­лек үсте­лі өтіп, 2025 жылғы Алма­ты декларациясына қол қойыл­ды. Бұл құжат Орталық Азия әйел-көш­бас­­шылары мен серіктес­тері­нің халықаралық альянсын тұрақ­ты платформа ретінде бекітіп, елі­міз­дің қолдауымен әйел­дер кәсіп­керлігі күнін 19 қара­шаға белгі­­леп, ұлттық және аймақ­тық дең­гейлерде ілгерілетуді қарастырады.

Форумның алғашқы күніне белгіленген 12 сағаттық үздіксіз бағдар­ламада ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, «UN Woman, Woman in Tech» халықара­лық штаб-пәтерлерінің өкілдері мен Президент жанындағы Ұлттық комиссия сөз алды. Сол сияқты, форумның салмағын Брайан Трейси (АҚШ), Рита Макграт (АҚШ), Венди Даймонд (АҚШ), Аюми Мур Аоки (Франция), Лиэнн Робертс (Сингапур), Люси Чоу (БАӘ), Ирина Хакамада (Ресей), Диора Усманова (Өзбекстан) сынды сарапшылар көтеріп отыр.

 

АЛМАТЫ