• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң Кеше

Қарағандыда «Заң мен тәртіп» фотокөрмесі өтті

10 рет
көрсетілді

Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында полиция қызметкерлерінің жұмысына арналған «Заң мен тәртіп» атты фотокөрме ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

Көрмеде Департаменттің баспасөз қызметі мұрағатынан алынған 30-дан астам фотосурет қойылды. Экспозицияға «Арлан» арнайы жасақ сарбаздарының, патрульдік полицияның және өзге де бөлімшелердің қызмет барысындағы бірегей сәттері енді. Әрбір сурет құқық қорғау органдары жұмысының шынайы әрі көпшілікке беймәлім тұстарын паш етеді.

Сонымен қатар, іс-шара барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің мамандары тұрғындармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, нашақорлықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталды.

— Көрменің басты мақсаты — Заңға және оны күнделікті еңбегімен қорғап жүрген адамдарға құрметті арттыру. Бұл фотосуреттер 2005 жылдан бергі полиция қызметінің маңызды сәттерін бейнелейді. Біз «Заң мен тәртіп» қағидасының мән-маңызын айқын көрсететін ең үздік кадрларды таңдадық. Қонақтардың пікіріне қарағанда, жұмыстар көрермендерге ерекше әсер қалдырды, — деді ПД баспасөз қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Батырхан Смаилов.

Қала тұрғыны Ернар Рақышев өз әсерімен бөлісті.

— Фотокөрме жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл суреттер полиция қызметінің әдетте көпшілікке көрінбейтін қырларын көрсетті. Осындай еңбекке құрметпен қарауға және сенім артуға болады. Полиция қызметкерлеріне табыс тілеймін.