Ертіс-Баян өңірінде «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы негізінде құрылған тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Онда бүгінде жалпы көлемі 9,9 мың тонна азық-түлік өнімдері сақталып тұр.
Азық-түліктің 12 атаулы түрі облыс көлемінде 212 әлеуметтік дүкен мен әлеуметтік сауда нүктелерінде сатылып жатыр. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қоры азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету департаментінің директоры Азамат Дәндібаевтың айтуынша, күз маусымында көптеген азық түріне тұтынушылар тарапынан сұраныстың жоқтығына немесе күрт азаюына байланысты қорда арнайы тізімге енетін өнімдердің кейбірі кездеспейді. Мәселен, нарықтағы бағаның арзандауына байланысты көкөніс өнімдеріне сұраныс мүлде жоқ. Егер қорда азық-түліктің белгілі бір түрінің сақталу мерзімі аяқталып қалса немесе көп тұрып қалса, онда ол шартты түрде жеткізушіге қайтарылады. Жеткізуші оны кейін жаңа өніммен жаңартып береді.
– Қорда шамамен 9,9 мың тонна көлемінде 12 түрлі азық-түлік бар (бірінші сұрыпты бидай ұны, йодталған тұз, макарон өнімдері, қант, күріш, күнбағыс майы, пияз, қырыққабат, сәбіз, картоп, қарақұмық жармасы, бірінші сұрыпты тауық жұмыртқасы). Барлығы алдағы айларға жеткілікті көлемде жиналған. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыруға, пайдалануға қаражатты жергілікті атқарушы органдар бөледі. Өнімдеріміз келiсiмшарт жасалған өндiрушiлерде (жеткiзушiлерде) сақталады. Қажет болған жағдайда қорға жеткізіп береді. Облыс орталығына әкелінген азық-түліктер жергілікті қоймада сақталып, одан әрі облыстың серіктес дүкендерiне жедел сатылып отырады, – деп түсіндірді А.Дәндібаев.
Облыста бірінші сұрыпты ұн, тауық жұмыртқасы, қарақұмық жармасы, картоп, сәбіз сияқты өз өнімдерін тұрақты өткізіп отыратын 10 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші бар. Тұрақтандыру қоры Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған өтінімдерге сәйкес, әр 3 айға қажеттіліктің 50%-на дейінгі көлемде қалыптасады.
– Сатылымға шығатын азық-түліктің бағасы әрдайым назарда. Сауда субъектілері бакалея өніміне 10%-дан аспайтын, көкөніс пен картопқа 15%-дан аспайтын үстемеақы қосуға ерікті, – деп қосты қор өкілі.
Атап өтерлігі, Павлодар облысы азық-түліктің арзандығы жөнінен 12 позиция бойынша республикадағы ТОП-5-ке кіріп отыр. Олар – бірінші сұрыпты ұн, күріш, қарақұмық жармасы, сары май, күнбағыс майы, сүт (2,5%), айран (2,5%), сүзбе, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат. Бағаны ырықтандыру жағынан облыстың позициясы жақсара түскені байқалады. Былтыр бұл уақытта ТОП-5-ке аталған өңірден 7 азық-түлік түрлі ғана енген болатын.
Павлодар облысы