• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Маман Бүгін, 08:50

«Үздік маман» байқауының жеңімпаздары анықталды

30 рет
көрсетілді

«QazaqGaz» ҰК» АҚ құрамына кіретін «Интергаз Орталық Азия» АҚ Шымкент филиалының өндірістік объектілері базасында жыл сайын дәстүрге айналған «Үздік маман–2025» жұмысшылардың кәсіби шеберлігін анықтайтын байқау кезекті мәресіне жетті. Биылғы жарыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ұйымдастырылды.

Өздерінің өңірлік өндірістік филиалдарында алдын ала сынақтан өтіп, үздік нәтиже көрсеткен газ тасымалдау сала­­сының негізгі жұмысшы кәсіп­терінің 94 маманы осы жарыс­та жүлдеге таласты. Биыл­ғы байқаудың бір ерекшелігі, – негізгі үміткерлер қатарына ұжымның әйелдер қауымынан құралған жаңа команда қосы­лып, «Химиялық талдау зертханашысы» аталымы бойынша жарысқа түсті.

Екі күн бойы үміткерлер өздерінің теориялық білімі мен тәжірибелік дағдыларын байқатты, сондай-ақ дәрігерге дейінгі шұғыл көмек көрсету қабілетін көрсетті.

«Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандық­тары жылы» деп жариялады. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, қоғамда еңбек­қорлық пен кәсіпқойлық идея­сын ілгерілету. «Үздік маман» байқауы – осы бастаманы нақты іске асырудың айқын көрінісі. Сонымен қатар байқау арқылы бірнеше негізгі міндеттер белгіленді. Ол  – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, олардың арасында жоғары кәсіби кадрларды даяр­лау мен қолдау көрсету және қарапайым мамандарды насихаттау арқылы қоғамда жақсы пікір қалыптастыру. Компанияның басты байлығы – біздің жұмыс­керлеріміз. Сондықтан еңбек адамы әрдайым басты назарымыз­да. Байқаудың барлық жүлдегер­лері – нағыз кәсіби маман иелері, еліміздің газ тасымалдау са­ла­сы солардың еңбегінің арқа­сын­да жемісті қызметін атқарып келеді»,   – деді байқау комиссиясының төрағасы «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының орынбасары Абзал Кисметов.

Оның айтуынша, байқауға 10 өңірден үміткер қатысып отыр және олар 14 аталым, яғни, 14 мамандық бойын­ша сын­ға түсті. Президент жария­лаған «Жұмысшы маман­дық­тары жылына» орай, компания байқауда жеңіске жеткен жүлдегерлердің айлық жалақысына жылдағыдай қосымша бір жыл үстемеақы төлеумен қатар, биылғы жүлде алған барлық жеңімпазды қосымша ақшалай сыйлықпен марапаттамақ.

А.Кисметов мәлімдегендей, байқаудың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының дәрежесін көтеру, халық арасында олардың беделін арттыру. Ал компания үшін қарапайым жұмысшылар – қызметтің ауыр жүгін арқалаушы басты мамандар. Сондықтан олардың денсаулығы, амандығы бәрінен де маңызды. Осы міндетті орындау үшін компания бірінші кезекте техника қауіпсіздігіне баса көңіл бөледі. Соның ішінде қызметкерлердің нұсқама бойынша жұмыс істеп, техника қауіпсіздігін барынша сақтауы үшін күш салады. Ал жұмыс барысында қателеспеу, денсаулыққа зиян әкелмеу ең алдымен қызметкердің кәсіби шеберлігіне байланысты. Тәжірибесі мол маман әрқа­шан жұмысын мінсіз атқарады. Қызметінде техникалық қауіп-қатерлерді біліп тұрады. Сол үшін келеңсіз жағдайларға жол бермейді. Бұл ретте байқау – бі­лім мен тәжірибені ұштасты­рып, жаңа деңгейге көтеру­дің керемет мүмкіндігі. Байқау арқылы үміткерлер өзінің ал­ған теориялық білімін және оны жұмыс кезінде іске асырған тәжірибелік қабілетін көрсету­ге мүмкіндік алады. Сайыстың қарапайым жұмысшыларға берер бір пайдасы осы.

Абзал Кисметовтің баян­дауын­ша, байқауда жүлдеге ілік­кен барлық жеңімпаз резервке қойылып, кейін олар инженер, басқа да кәсіби маман ретінде қайта даярланады. Газ тарату саласы қызметінде қарапайым жұмысшылар санаттар бойынша емтихан тапсырады. Соның нәтижесіне қарай санаттары өсіп отырады. Өз кезегінде бұл байқау жұмысшылардың жоғары білікті маман атануға деген ықыласын күшейтіп, қарым-қабілеттерін арттыруға ынталандырады. «Үздік маман» байқауы жұмысшылар арасындағы олимпиадалық жарыс секілді. Соған байланыс­ты әрбір еңбек адамы қарапа­йым­ жұмысшы мамандығы­ның шы­ңын бағындыруға тырысады. Бұдан бөлек жұмысшылар әрбір санатқа тапсырған кезде, олар­дың байқауға қатысқа­ны, жүлде алғаны міндетті түрде ес­керіледі. А.Кисметов айтқан­дай, бұл са­­йыс – жұмысшылар­ды алға қарай ұмтылдыратын нағыз шабыттандырар күш. Жас мамандарды қолдау мақсатын­да байқауға қатысудың тәртібі де біршама жеңілдеді. Мәсе­лен, бұрын байқаудың үміткері ­атану үшін осы қызмет сала­сында ең кемі 3 жыл жұмыс істеу керек еді. Жаңа ережеге сәйкес байқауда жүлдеге таласу үшін жұмысшылар өз саласында бір жыл қызмет атқарса жеткілікті. Осы орайда компания өкілі магистральдық газ құбырларын басқару ісінде кейінгі жылдары үлкен өзгеріс орын алғанын жеткізді. Соның бірі бұрынғы кезден қалған көптеген қондырғы­ мен жабдық жаңартылды. Қуаттылығы жоғары 15-18 мегаваттық жаңа газтурбиналар пайда болды. Олардың макеттері «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылдық округінде орналасқан оқу орталығына қойылды. Жас мамандар осы орталыққа келіп, заманауи қондырғылардың үлгілері бойынша теориялық және тәжірибелік білімін арттыру үстінде.

Іс-шараның қадірлі қонағы «Газпром Қырғызстан» компаниясы бас директорының орынбасары Александр Гребенюк «Үздік маман» байқауынан көп пайдалы тұстарды аңғарғанын, Қазақстанның қарапайым жұмыс­шы мамандары шын мәнінде өз атына лайықты кәсіби шеберлер екеніне көз жеткізгенін мойындады.

«Байқау барысын тамашалап, Қазақстанның білікті мамандарына өте тәнті болдым. Жұмыскердің шеберлігін шың­­дау үшін мұндай байқау, әл­бет­те, керек. Компанияның оқу орталығы да бізді ерекше қызықтырды. Мұндағы заманауи құрал-жабдықтардың макеттері мамандардың тәжірибесін арт­тыруға көмектеседі. Осыған орай біз алдағы уақытта оқу ор­талы­ғы базасына жұмыс сапарымен келіп, біраз тәжірибе алмасуды алдымызға мақсат қойып отыр­мыз. Жалпы, бұл байқауда барлық қатысушы жеңімпаз болып саналады. Өйткені жүлде алмаса да, үміткерлер өздеріне біраз ақыл-кеңес пен құнды тәжірибе жинап қайтады. Ол ертеңгі күні жұмыскердің жақсы маман болып қалыптасуына берік негіз қалайды. Газ саласының қыз­меткерлері жұмысшы маман­дық­тар ішінде өте үлкен рөл ойнайды. Өйткені Қазақстанның энер­гетикалық қауіпсіздігі осы еңбек адамдары қызметі­нің арқасында қамтамасыз етіліп отыр», деді А.Гребенюк.

Әділ қазылар алқасы байқау­ға қатысушының теориялық да­йындық деңгейін, өндірістік алаңда орындалған жұмыстың сапасын, еңбектің ұтымды және қауіпсіз тәсілдерін қолдануды, қатысушының өндірістік дербес­тік дәрежесін және тапсырманы орындауға жұмсалған нақты уақытты бағалады.

Мәселен, «Интергаз Орталық Азия» АҚ Магистральдық газ құ­бырларын және компрессор­лық стансаларды пайдалану де­партаментінің бас менеджері Талғат Кокибасовтың айтуын­ша, үміткерлер ең үздік электр­монтер аталымында қолмен және автоматты істейтін электр жабдығының схемасын жинаудан жарысты. Мұнда ең басты үш қағида ескерілді. Оның біріншісі – электр сымдарын бір-біріне дұрыс жалғау, екіншісі – техника қауіпсіздігін сақтау, үшіншісі – берген тапсырманы жылдам орындау. Осы үш талапты қатесіз орындаған үміткерлер арасынан комиссия мүшелері ең жүйрікті анықтады. Т. Кокибасов газ тарату саласында электр энергиясы­ның маңызы ерекше екенін айтты. Себебі барлық қондырғы тоқ қуатымен жұмыс істейді. Сон­дықтан электрмонтерлер өз мамандығын өте жетік білуге тиіс.  

Айта кету керек, компания басшылығының бастамасымен биылғы байқауды Түркістан облысы Сайрам ауданының №18 Әбдібай Құрмантаев атындағы мектебінің оқушылары да тамашалады. Шәкірттер байқауда әртүрлі аталым бойынша жарысқан орындарды аралап, ол жердегі газ қондырғысы мен құрылғылардың макеттерімен жақынырақ танысты. Биыл тоғызыншы сыныпқа аяқ бас­қан оқушылар осы сапарда газ тасымалдау саласындағы маман­дықтар туралы көп жайтқа қанық болды. Негізгі өндірістік үдерістерді өз көздерімен көруге мүмкіндік алды. Өз кезегінде саланың білікті мамандары оқу­шылар қызықтырған сұрақтарға тұщымды жауаптар берді.

Жоғарыда аталған мектептің тәрбие ісіне жауапты маманы Мәлік Керімовтің айтуынша, бұл байқау оқушыларға болашақ­та техникалық мамандықты таң­дауға зор серпін беріп отыр. Және жасөспірімдер бойында жұмысшы мамандығына деген сый-құрметті арттыра түсті.

«Бүгін біз «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның оқу орталығына экскурсияға келдік. Бұл іс-шара биылғы «Жұмысшы мамандық­­тары жылына» орай ұйымдасты­рыл­­­ған екен. Оқушыларға газ сала­сы­ның маңызы мен осы бағыт­­тағы мамандықтарды таныстыру біз­дің басты мақсатымыз болды. Иә, газ – еліміздің энергетика сала­сы­ның негізгі тірегінің бірі. Мұнда еңбек ететін мамандар­дың жауапкершілігі өте жоғары. Себебі олардың жұмы­сы халыққа – жылу, өндіріске қуат жеткізумен тікелей байланысты. Оқушылар осындай кәсіби ортада болып, инженер-техник мамандардың жұмысын өз көздерімен көрді. Бұл олардың болашақ мамандық таңдаудағы ынтасын оятады деп түсінеміз. Осындай керемет мүмкіндік сыйлаған «Интергаз Орталық Азия» ұжымына шексіз алғыс білдіреміз», деді М. Керімов.

Сонымен тартысты байқау нәтижесінде 14 аталым бойын­ша жүлдеге ұмтылған маман­дар арасында «Шымкент» ма­гистральдық газ құбырлары бас­қармасы бірінші орынды же­ңіп алды. Жалпыкомандалық есеп­­те бірінші орынға шық­қан Шымкент филиалының командасына жарыстың «Үздік маман» ауыспалы кубогі тапсырылды. Сонымен қатар байқау жеңімпаздарына арнайы дип­ломдар табысталды. Сондай-ақ жоғарыда айтып өткеніміздей, жүлдегерлердің кәсіби шебер­ліктері үшін жалақыға жылдық үстемеақы белгіленді.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар