Биыл еліміз Ата заңымыздың 30 жылдығын атап өтті. Конституция – институттар жүйесі ғана емес, құндылықтар да жүйесі. Оның барлық ережесі бостандық, теңдік, әділдік және қоғам мен мемлекеттің өзара үйлесімді іс-қимылының негізгі қағидаттары мен құндылықтарын бекітеді.
Конституция – бірлік көзі, адам құқықтарының кепілі және жалпы мемлекет тұрақтылығының мызғымас тірегі. Ата заңның мерейтойы еліміздегі маңызды саяси оқиға – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауымен тұспа-тұс келді.
Мемлекет басшысы ел үшін жаңа бағдарларды белгілей келе, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру дамудың басты қағидаты болуға тиіс екенін атап өтті. Шын мәнінде еліміздің саяси және қоғамдық өмірінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы ерекше маңызға ие. Заң – теңдік пен әділеттің кепілі болса, ал тәртіп тұрақтылық пен болжамдылықтың негізін құрайтын өзара байланысты элементтерді қамтиды.
Әділетті қоғам қалыптастыру, мемлекеттікті нығайту, ең бастысы мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүргізіліп жатқан жаңа реформалардың негізгі темірқазығы.
Әділет министрлігі мемлекеттің норма шығару үдерісінің үйлестірушісі бола отырып, құқық үстемдігін бекемдеп, «адамға бағдарланған» заңнаманың тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етеді. Осы жұмыс аясында және «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына негізделген нормативтік құқықтық актілер жобаларының құқықтық сараптамасын қамтамасыз ету шеңберінде: заң мен сот алдында бәрі тең екендігі (Конституцияның 14-бабы); әркімнің Конституция мен заңнама нормаларын сақтауға, басқа да адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге деген міндеттілігі (Конституцияның 34-бабы); заңнаманы сақтау мақсатына қажетті шамада ғана құқықтар мен бостандықтарды шектеу (Конституцияның 39-бабы) конституциялық қағидаттарын ескереді.
Конституцияның басқа да негізгі ережелерімен қатар, осы аталған іргелі қағидаттар да жоғары маңызға ие. Бұл – құқықтық сараптама жүргізілген кезде құқықтық қатынастардың барлық субъектілері бірдей құқықтық жағдайда болуға тиіс, ал олардың арасындағы кез келген айырмашылық объективті әрі ақылға қонымды негіздемеге ие болуы қажет екенін білдіреді. Яғни белгілі бір нормаларды енгізген кезде құқықтық мониторинг нәтижелері, сондай-ақ қандай да бір құқық қолдану практикасының қалай қалыптасқаны, құқықтық қатынастар субъектілері мінез-құлқының нақты қабылданған ережелерге іс жүзінде бейімделетіні ескеріледі.
Бұл, сайып келгенде, кез келген қабылданған заң ережесі құқықтық тұрғыдан айқын болуға тиіс екенін білдіреді. Яғни заң ережелері түсінікті де айқын тұжырымдалуға тиіс әрі болжамды болуы және пропорционалдылық қағидаттарға сәйкес келуге тиіс.
Осы тұрғыдан, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан құрылған Конституциялық сот ерекше рөл атқарады. Ол өзінің барлық шешімінде елдің құқықтық жүйесін дамытудың қажетті контурын анықтайды. Конституциялық бақылау органының құқықтық ұстанымдары нақты істерді қарау нәтижесі ғана емес, сонымен қатар заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғау қағидаттарына сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, заңнаманы, сондай-ақ құқық қолдану практикасын дамыту үшін де басты бағдар болып отыр.
Тиісінше, құқықтық сараптама барысында негізгі конституциялық қағидаттарға қайшы келетін бастамалардың одан әрі қаралуына жол берілмейді. Сонымен қатар тәртіп идеясына сәйкес келмейтін қолданыстағы заңнамадағы артық, қайталанатын немесе қарама-қайшы нормаларды жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Әділет министрлігіне адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігінің тиімді элементі ретінде қызмет ететін адам құқықтары саласындағы жұмысты үйлестіру жүктелген.
Еліміз 2025 жылы БҰҰ-да құқық қорғау күн тәртібі бойынша өткен отырыста есептерді ойдағыдай қорғады. Өзінің халықаралық міндеттемелерін, оның ішінде Әмбебап мерзімді шолуды, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні дәйектілікпен жүзеге асырып келеді.
Халықаралық бастамалар мен ішкі қайта құрулар заң үстемдігі қағидаттарына негізделген біртұтас жүйені құрайды. «Заң және тәртіп» – абстрактілі идеология емес, әрбір адам күнделікті өмірде құқықтық көмекке, әділ сот шешіміне қол жеткізуде немесе өз мүлкін кепілдендірілген қорғауда, сондай-ақ ашық атқарушылық іс жүргізу кезінде сезінуге тиіс заңдылық.
Құқық қорғаудың дәстүрлі тетігі заманауи жаңа шешімдерді талап етіп отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ауқымды цифрландыру жұмысын жүзеге асыруды алға қойды. Бүгінде цифрландыру тек технологиялық жаңғыру емес, заңдылық пен ашықтықты нығайтудың құралы ретінде де қолданылып, азаматтардың билік өкілдеріне деген жаңа деңгейдегі сенімін қалыптастырып отыр. Әділет органдары өз қызметінің барлық бағыты бойынша цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізіп келеді.
Цифрландыру көптеген қызметті электрондық форматқа көшіру арқылы жағдайды түбегейлі өзгертті. Азаматтар мемлекеттік органдарға өздері бармай-ақ көптеген қызметті тәулік бойы қашықтан ресімдеу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай цифрлық шешімдерді енгізуге азаматтардың әділет органдарына түскен шағымдарының көптігі себеп болды. Қазіргі уақытта шағымдардың болмауы – жаңа енгізілген шешімдердің тиімділігінің көрсеткіші.
Жеке сот орындаушыларының кәсіби қауымдастығымен бірлесе отырып, «атқарушылық іс жүргізу тараптары кабинетін» енгізу маңызды қадамдардың бірі болды. Бұл жүйе сот шешімдерін орындау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, теріс пайдалану мен «көлеңкелі» схемалар қаупін азайтады. Енді атқарушылық іс жүргізу тараптары сот орындаушысының нақты және жоспарланған әрекеттерін онлайн режімде қадағалап, оның әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне келіспеген жағдайда дер кезінде әрекет ете алады.
Мәселен, өткен жылдың тамыз айынан бастап әкімшілік айыппұлдары 20 АЕК-тен аспайтын борышкерлерге «оңайлатылған тәртіппен» орындау тетігі іске қосылды. Мұндай тәртіп робот-сот орындаушы арқылы жүзеге асырылып, сот орындаушысының қызметі үшін ақы төлеуді болдырмайды және азаматтарға шамамен 1,9 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.
Биыл нотариустардың кәсіби бірлестігі жүргізіп жатқан «Е-нотариат» жүйесін цифрлық реформалау нотариустар атқарушылық жазба жасаған кезде азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерін де қозғады. Енді борышкер «тараптардың жеке кабинеті» арқылы онлайн режімде атқарушылық жазбаға қарсылық білдіре алады немесе қарызы бар екенін мойындай алады. Қазірдің өзінде 1 миллионнан аса азамат атқарушылық жазба жасалғаны туралы хабарлама алып, дер кезінде онлайн-қарсылық білдіре алды.
Электрондық форматта нотариаттық қызметтер көрсету жобасы да өз тиімділігін көрсетті. Әлемнің кез келген түкпірінен биометриялық сәйкестендіру арқылы онлайн сенімхат (мүліктік құқықтарға байланысты сенімхаттардан басқа), некеде болмауы туралы өтініш және жұбайының келісімін ресімдеу мүмкіндігі пайда болды.
Бұдан бөлек, азаматтарға заңгерлік көмектің қолжетімділігін және тиімділігін арттыру үшін «цифрлық көмекші» енгізілді. Азаматтар жалпыға қолжетімді «Әділет» (adilet.zan.kz) платформасында онлайн және тегін құқықтық кеңес ала алады.
Авторлар мен өзге де құқық иелерінің құқықтарын қорғау мәселесі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осыған байланысты авторлық құқықтарды ұжымдық негізде басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа дайындалып жатыр. Бұл платформада авторлар мен өзге де құқық иелері өз туындыларының пайдаланылуын кез келген уақытта онлайн форматта бақылап отыра алады.
Бұл – кешенді жұмыстың бастамасы ғана: қолданыстағы цифрлық платформалардың функциялары кеңейтіліп, жаңа цифрлық жобалар бір мезгілде әзірленіп жатыр. Әділет органдарының цифрландырылуы әлеуметтік маңызға ие. Өйткені ол адами фактордың ықпалын азайтады және үдерістердің ашықтығы мен қолжетімділігі құқық үстемдігі қағидасының күнделікті өмірде іске асырылып жатқанына шынайы дәлел іспеттес.
Бүгінгі юстиция – ашықтық пен инновациялар, құқықтық дәстүрлер мен заманауи технологиялардың тоғысуы. Осы орайда 30 қыркүйекте атап өтілетін Әділет органдары қызметкерлері күні ерекше мәнге ие. Бұл күнді бүкіл кәсіби заңгерлер қауымдастығының мерекесі деуге болады. Ол – әрбір азаматтың күнделікті өмірінің бөлігі және заң мен тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген ел заңгерлерінің еңбегін бағалау күні. Олардың еңбегі әрдайым көзге еленбесе де, дәл осы мамандар мемлекеттің тұрақтылығын, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның билікке деген сенімін нығайтуға атсалысады.
Бүгінде цифрлық трансформация жағдайында заңгерлер қауымдастығының міндеті – құқықтық жүйені сақтау мен дамыту ғана емес, сонымен қатар әділдік пен әрбір адамды құрметтеуге негізделген жаңа идеялар, технологиялар мен құндылықтардың дәнекері болу.
Ерлан СӘРСЕМБАЕВ,
Әділет министрі