• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң Бүгін, 17:45

Азаматтар әділет органдарына қандай мәселелермен жүгіне алады

20 рет
көрсетілді

30 қыркүйек елімізде әділет органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Еліміздегі норма шығару үдерісінің үйлестірушісі, заң үстемдігінің орындалуы мен құқықтық негізін қалыптастырушы мамандардың азаматтардың құқықтық сауатын арттыруда да алар орны ерек, деп жазады Egemen.kz.

Әділет органдарының міндеті тек сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етумен шектелмейді. Тәртіпті ту еткен қызметкерлердің еселі еңбегін Астана қаласының Әділет департаментінің басшысы Талғат Әбубәкір тарқата айтып берді.

«Әділет органдары заң саласындағы кәсіби қауымдастықтардың – адвокаттар алқасы, нотариат, жеке сот орындаушылар және заң консультанттары палатасының жұмысын үйлестіреді. Сонымен қатар, коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және қайта тіркеу бағытында да жұмыс атқарады. Яғни, әділет органдары – қоғамда құқықтық тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз ететін негізгі мемлекеттік институттардың бірі», деді ол.

Салада 18 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Талғат Мейірімханұлы заңның әділ орындалуы мен қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар үздіксіз жүргізілетінін атап өтті.

«Біз тұрақты түрде «Ашық есік күндерін», семинарлар, дөңгелек үстелдер және оқу орындарымен кездесулер өткіземіз. Әлеуметтік желілерде бейнероликтер мен жадынамалар жарияланып, түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Астана қаласының жоғары оқу орындарымен бірлесіп Заң клиникалары ашылды. Бұл клиникаларда студенттер тәжірибе жинақтап қана қоймай, халыққа тегін құқықтық кеңес береді», деп түсіндірді Астана қаласының Әділет департаментінің басшысы.

Салаға жаңа технологияларды енгізу аясында ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі – «Әділет» порталында виртуалды консультант-чат-бот іске қосылған. Ол азаматтардың сұрақтарына онлайн түрде құқықтық жауап береді.  Сондай-ақ Әділет органдары азаматтарға мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсынады. Бұл санатта құқықтық кеңес беру, арыздар мен өтініштерді рәсімдеуге көмектесу, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қызметтері бар.  Ал қажеттілік туған жағдайда адвокат та бекітуге ықпал етіп,  азаматтың құқығы сотта қорғалады.

Азаматтар әділет органдарына мына мәселелермен жүгіне алады:

* алимент, еңбекақы және өзге де қарыздарды өндіру;

* тұрғын үй және мүліктік даулар;

* коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және қайта тіркеу;

* нотариустардың, адвокаттардың, заң консультанттарының қызметіне қатысты шағымдар мен сұрақтар.