• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Инфрақұрылым Кеше

Мәртөк ауданының үш елдімекеніне газ құбыры тартылды

10 рет
көрсетілді

Мәртөк ауданының Қызылжар ауылдық округіне қарасты үш елдімекеніне газ құбыры  тартылды. Осылайша  Бөрте, Қызылжар, Шевченко ауылдарының тұрғындары жылдағыдай    көмір, тамызық  сатып алу бейнетінен арылды.  Жалпы ұзындығы 74 шақырым болатын көгілдір отын құбырын  тартумен «Ерзат» өндірістік кооперативі айналысты. Осы жобаға жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген еді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Бөрте, Қызылжар, Шевченко ауылдарының тұрғындары күн суытып, қыс түскенше  жұмыстың аяқталғанын ерекше күтті.  Енді  көшелерден  құбырды үйлерге жалғау,  газ жылыту пештеріне қосу  және коммуналдық  құжаттарды рәсімдеу жұмыстары басталады. Тұрғындарымыз да қарап отырмай, жаз бойы  үйлерінде даярлық жұмыстарын жүргізді.  Қазіргі уақытта  Бөртеде –358, Қызылжар ауылында – 383, Шевченко ауылында 187 тұрғын бар. Ең алысы –Бөрте. Осы елдімекен Ресей Федерациясы Орынбор облысымен шекараласып жатыр», дейді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Арман Ахметов. 

Қысы қытымыр  Мәртөк ауданында пеш жағу науқаны қазан айынан басталып, мамыр түскенше созылатын. Көмір бағасы  жылма-жыл қымбаттап тұрғанын ескерсек, ауыл тұрғындарына көгілдір отынға қосылу әрі қолайлы, әрі төлем бағасы  көмірге қарағанда арзанырақ. 

Соңғы кезде Мәртөк ауданының елдімекендерін орталықтандырылған газ құбырына тарту жұмыстары жүйелі түрде іске асып жатыр.  Биылғы жылдың өзінде   ауданның 16 елдімекеніне орталықтандырылған газ құбыры тартылса, алдағы жылы 12 ауыл кезекте тұр.

Ақтөбе облысы.