• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:05

Жұбанды жұрты ұмытпайды

20 рет
көрсетілді

Қыркүйектің соңғы күндері Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында Қазақстанның халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығы аталып өтті.

Мереке аясында өткен ке­шенді іс-шаралардың ең бастысы – «Тарих. Тағдыр. Тұлға. Жұбан Молдағалиев мұрасы» атты республикалық-аймақтық ғылыми-таным­дық конференция болды. Жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімі аппара­тының бас­шысы Нұрділдә Ораз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, жазушы, композитор Ілия Жақанов, Жұбан ақынның ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Конференция мінберінде сөз алған ақын Ақұштап Бақтыгереева Жұбан Молдағалиев шығармашылығына шолу жасап, ақынның азаматтық тұлғасы жайында естелік айтты. Сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақа­нов, ақын, ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева, республикалық «Үшқоңыр» газетінің бас редакторы Болат Батырұлы, Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауым­дастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлшара Бисенова және басқалары да түрлі тақырыпта мазмұнды баяндама жасады.

Осы мерейтой аясында оқыр­ман қауымға «Жұбан Молдағалиев. Ес­те­ліктер. Тарихи-ғұмырдеректік анық­тамалық» атты кітап таныстырылды.

Бұл күні аудандық мәдени-демалыс орталығы ұсынған «Мен мың да бір ті­рілдім мәңгі өлмеске» көрме-қойылымы ерекше әсерлі шықты.

Жұбан тойы «Дәуір дауылпазы – Жыр-Жұбан» атты облыстық ақындар айтысымен жалғасты. 12 ақын жұптасып өнер көрсеткен сөз сайысын Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония директоры Бауыржан Халиолла қорытындылап, аудан әкімі Мұрат Сердалин ақындарға ақшалай сертификат табыстады.

Жұбан ақынның мерейлі тойы дүбірлі дала ойындарына жалғасты.

 

Батыс Қазақстан облысы