Ғұмыры кербестінің кекіліндей қысқа болғанмен, ерлігімен еліне нұсқа бола білген қазақтың қаһарман қызы – Мәншүк Мәметова. Отанын оқтан қорғап небәрі 21 жасында опат болған қаршадай қыздың тағдыр тауаны тістескен тамыр сияқты шытырман һәм шырғалаң. Ұлттық баспасөз батыр Мәншүкті назарынан тыс қалдырған емес. Соның ішінде ел газеті «Egemen Qazaqstan» пулеметші қызға қатысты тың деректерді тұрақты жариялап тұрды. Басылым тігінділерін ақтарып отырып 1992 жылдың 6 маусымында шыққан нөмірге көзіміз түсті. Құнды мұра құмсағат уақыттың құрсауында құмығып қалмас үшін, жазылған жайдың жаңғырығы ретінде оқырман назарына қайта ұсындық.
Онда тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Кенжалиевтің авторлығымен «Мәншүктің ата-анасы» атты шағын жазбасы жарияланған. Жанында бір топ зиялы азаматтардың суреті ұсынылған. «Бұл сурет отызыншы жылдары түсірілген екен. Онда бейнеленгендердің ішінде анық танитындарымыз – қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың ата-анасы. Бірінші қатарда отырғандардың оң жағынан екіншісі, кәстөмнің өңірі ашық, кең маңдайлы адам – Ахмет Мәметов. Қасында отырған жұбайы Әмина Мәметова», деп түсініктеме берілген. Сурет Мәншүктің нағашысы, заманында Ішкі істер министрлігінің қызметкері болған Исатай Жұмабаевтан алынған көрінеді.
Дүние дидарын өзгерткен ұлы тұлғалардың өмірбаянына үңілсек, оның қалыптасуына ата-анасы ғана емес, айналасы, кейде айрықша миссия артушы құдіретті күштің өзі араласатынын аңғарамыз. Мәншүк те дәл сондай. Ол қарапайым етікшінің үйінде дүниеге келіп, Алаш арысының тәрбиесінде өсті. Газетіміздің аға тілшісі, этнограф Бекен Қайратұлы Мәншүкті бауырына басқан екінші анасы Кіші Орда билеушісі Әбілқайыр ханның тікелей ұрпағы Сүлеймен қажының қызы екенін жазады. «Бұл кісі 1924-1928 жылдары Саратов университетінің педагогика факультетін бітіріп, қазақ ағарту саласына үлес қосқан мұғалім адам. Кейін Орал және Семей облыстық оқу ағарту саласында қызмет атқарған. Әминаның жолдасы Алаш арысы Ахмет Мәметов 1938 жылы 11 қараша күні жазықсыз атылып кетеді», деп жазады Б. Қайратұлы. Уақытында ағамыз дәл осы Әмина Мәметованың 1944 жылдың наурыз айында «Егеменнің» ежелгі сойы «Социалистік Қазақстанда» жарияланған «Менің сүйіктім» атты естелік-баянын оқырманға қайта ұсынған еді. Онда Ахмет пен Әминаның кішкентай қызды қанатының астына қалай алғандығы сөз етіледі:
«Жеңсікәлі де әйелі Толша да еш уақыт кісіге налығанын көрмедім. Жеңсікәлі етік тігеді. Толша ауқатты ағайындардың малын сауысады. 1922 жылы бұларда үйемелі-сүйемелі екі ұлы ғана бар еді. Әйелінің аяғы ауыр болатын. Кешікпей қыз туды. 1928 жылы мен оқуды бітіріп, Семей қаласына кететін болдым. Әуелі елге келдім. Мәнсия (Мәншүк) әп-әдемі қызғалдақтай кішкене қыз болып өсіпті. Жасы алтыға шыққан. Жасы келіп қалған Жеңсікәлі:
– Екі бала сабаққа кеткенде үңірейген үйдің мынау бір қыз бала шамшырағы болды, міне, күні бойғысы осы, – деп Мәнсияның барлық мінезіне сүйсініп, қуыршақ секілді әп-әдемі қызын ойнап жүрген жерінен көтеріп алып маған көрсетті. Мәнсияны менің де жақсы көретінімді олар білетін.
– Осы қыз саған лайық, сен алып кет Әмина, – деп Жәңсікәлі баланы жерге қойды. Толша да:
– Өлсе сұраусыз, ажалды болса қайда өлмейді. Рас алып кетші қарағым, ең болмаса қасыңда жүрсін, – деді.
Мен сенер-сенбесімді білмедім. Өйткені екеуі де Мәнсияны ұлдарынан артық жақсы көретін. Ертең жүреміз деген түні:
– Апаң алып кетемін дейді, барасың ба, Мәнсия? – деді Толша. «Барам» деді бала. Сол күні Мәнсияны алып Саратовқа кеттім. ... Кейін екеуіміз айырылған жоқпыз».
Бала көтере алмай жүрген ағайындары Ахмет пен Әминаға перзентін табыстау Жеңсікәлі мен Толшаның үлкен парасатының белгісі еді. «Алла асыраған құл аш қалмас» деп, балаларын оқыған-тоқыған отбасының тәрбиесіне берудің астарында құдай ісіне тәуекел, бала болашағына сенім жатыр. Расында Мәншүк жаңа отбасын жатырқамай, жарқылдап өседі. Ата-анасы, әсіресе әкесі Ахмет оның ілім-білім алуына көп күш жұмсады. Өйткені ол кезінде Уфа, Орынбор медреселерінде оқыған. Ахмет Байтұрсынұлымен бірге қызметтес болған алғашқы қазақ журналистерінің бірі. Тарихшы Исатай Кенжалиевтің дерегінше, Ахмет Мәметов бір қатар мақала, 15 шақты кітап жазған. Кейін халық жауы деген айып тағылып, із-түссіз кеткен. Соғысқа қатысқан сарбаз болса, әулетінде сотталған адамдарды кешіреді деген сөз тараған еді сол кезде. Соны жадына тұтып, Мәншүк өз еркімен майданға сұранады. Сөйтіп әке абыройын ақтаймын деп кеудесін оққа тосты, халқы үшін жанын пида етті.