Жамбыл облысында елдімекенге еңбек етуге барған дәрігерлерге 8,5 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық денсаулық сақттау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, елдімекендерге аса тапшы медициналық мамандықтар бойынша жұмыс істеуге келген дәрігерлерге 8,5 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік қолдау төленеді.
Қолдау Жамбыл облысы әкімдігінің 2025 жылғы 15 қыркүйектегі №192 қаулысымен бекітілген аса тапшы медициналық мамандықтар тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
«Қаулы Қазақстан Республикасының «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына негізделген. Әлеуметтік қолдау кемінде бес жыл мерзімге ауылдық жерге жұмыс істеуге келген медицина қызметкерлеріне беріледі. Қолдаудың басты мақсаты – ауылдық жерлердегі медициналық қызметтің сапасын арттыру және білікті мамандармен қамтамасыз ету. Бұл бастама - ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам», дейді ол.
Жамбыл облысы