Елордада жол қозғалысы ережелерін бұзған көліктерді ақылы эвакуациялау жүйесі ресми түрде іске қосылды. Бұл шара қаладағы кептелісті азайтуға және жол қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының мәліметінше, арнайы эвакуаторлар ереже бұзған көліктерді коммуналдық тұрақтарға жеткізуге кірісті.
Мәслихат шешіміне сәйкес, келесі орындарда заңсыз қойылған көліктерге басымдық беріледі:
Жаяу жүргіншілер өткелдері мен тротуарлар; Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындар; Тыйым салу белгілері орнатылған және өзге көліктерге кедергі келтіретін аумақтар.Орталық директоры Марат Садуовтың айтуынша, дұрыс қойылмаған көліктер көшелердің өткізу қабілетін 50 пайызға дейін төмендетеді. Қазіргі таңда Астанада 600 мыңнан астам автокөлік бар, ал автоматтандырылған жүйелер күн сайын 2 мыңнан астам заң бұзушылықты тіркейді.
Эвакуация процесі толықтай цифрландырылған:
Арнайы жүйе құқықбұзушылықты тіркеп, мәліметті полицияға жолдайды.
Полиция қызметкері цифрлық сервис арқылы қаулы рәсімдейді.
Көлік иесіне eGov Mobile арқылы хабарлама келеді.
Маңызды: Егер жүргізуші құқықбұзушылықты сол жерде түзесе, көлік эвакуацияланбайды, тек әкімшілік шара қоланылады.
Көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану: Бейнебақылау камералары қалай жұмыс істейді?
Көлігін таппай қалған тұрғындар 102 немесе 112 нөмірлеріне хабарласуы қажет.
Эвакуация құны – 3 АЕК (шамамен 11 076 теңге, 2026 жылғы көрсеткіш бойынша).
Көліктің арнайы тұрақта тұрған уақыты үшін бөлек төлем алынады.
Көлікті қайтару үшін Полиция департаментінің әкімшілік тәжірибе бөлімінен рұқсат алу қажет. Қала билігі жүргізушілерді өзгелерге кедергі келтірмеуге және жол ережесін қатаң сақтауға шақырады.