• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол Бүгін, 08:07

«Қайратты» шыңдаған ойын

20 рет
көрсетілді

Еліміздің «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші матчын өткізді. Алматының «Орталық стадионын» дүбірі кернеген тартыста жерлестеріміз әлемнің таңдаулы клубтарының бірі Испанияның «Реал Мадрид» футболшыларынан жеңілді.

Алматылық клубтың әйгілі «Реал Мадрид» футболшыларына қарсы тартысы да тарих жылнамасына жазылды. Матчта «Қайрат» ойыншыларының 0-5 есебімен ұтылуы елдегі футболдың деңгейі қай шамада екенін аңғартты. Десе де алматылық клубтың елге футбол мерекесін тарту етіп, УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне ат байлауы да зор мәртебе.

24-минутта Килиан Мбаппе пенальтиден гол соғып, есеп ашқан соң да, «корольдік клуб» айылын жиған жоқ.­ Керісінше, 1-таймның соңына де­йін­ ба­сымдықты үстемелеп, қысымды кү­шей­те түсті. 2-таймда соғылған 4 гол да қор­ғаныста ойнайтын футболшылардың қауқарсыздығын әйгілеп берді. Жа­сындай жарқылдаған Мбаппе 52-минутта екінші, 73-минутта үшінші голын соғып, еншісіне хет-трик жазды. Камавинга 83-минутта есеп айырмасын 0-4-ке жеткізді. Тегеурінге одан бетер екпін қосқан Браим Диас 90+3-минутта бесінші голды соқты.

«Қайраттың» жас қақ­пашысы Шерхан Қалмырза жауапты матчта ора­сан қысымға шыдас берді. Сын сәтте ше­берлік танытып, бірнеше жойқын соққыларды қайтарды. Жанкүйердің ыстық ықыласына бөленген бозбалаға ойыннан кейін «Реал Мадридтің» қақ­пашысы Тибо Куртуа жейдесін берді. Бұл жылы көріністі жанкүйерлер жақсы ырымға балады.

Жетістігі жетпіс атанның белін қайыс­тырар деңгейдегі клубпен тартысқа түскен футболшыларымызға бұл дода шыңдалу мектебі болғаны анық. Әсіресе «Қайрат» академиясы түлектерінің футбол скауттарының назарына ілінуіне зор мүмкіндік туды. Матчтан кейінгі бас­пасөз мәслихатында «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин мұндай тегеурінді ұжымға қарсы ойнап, орасан тәжірибе жинағанына тоқталды.

«Екі клубтың арасалмағы, деңгейі жер мен көктей. Біз мүмкіндігінше қарымта шабуылды өрістетуге ұмтылдық. Жігіттер «Реал Мадрид» клубының қорғанысын сыналап бұзуға тырысты. Допқа иелік етуде, пас беруде, алаңды көре білуде олар классикалық ойын үлгісін көрсетті. Ойыншыларымыз әлемнің таңдаулы футболшыларымен тартысқа түсіп, шеберлігін шыңдады. Әрине, ірі есеппен жеңілгеніміз жанымызға батады. Бізге жүктелген міндет – биылғы маусымда ел чемпионы атану. Алда Премьер-лиганың үш маңызды матчы бар. Қалайда мол ұпай еншілеп, ішкі чемпионатта үздік атануға барымызды саламыз. Одан бөлек, УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі ойындар да бар. Жігіттер бірер күн тынығып, жаттығуға қайта кіріседі. Сенім артқан басшылықтың, жанкүйердің үмітін ақтауға барымызды саламыз», деді Р.Уразбахтин.

«Реал Мадрид» клубының бас бап­кері Хаби Алонсо «Қайрат» футбол­шыларының жігеріне тәнті еткенін айтты. «Біздің жігіттер ойынның бастапқы мезетінде абдырап та қалды. Стадионға жиналған жанкүйердің өз командасына қолдауы да ерекше болды. Алматылық клубтың Чемпиондар лигасындағы сапарына сәттілік тілеп, тілеулестігімді білдіремін. Алматыға келгеннен бас­тап зор ықыласпен қарсы алып, ерекше қонақжайлылық танытты, тамаша аура­ны сезіндік», деген Х.Алонсо Алматы­ның табиғаты да ерекше әсер еткенін жеткізді.

1992 жылдан ұлттық құраманың, «Қайраттың» капитаны болған футбол ардагері Асқар Қожабергенов талантты ізбасарларының жетістігіне әрдайым мақтанатынын, команданың Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде ойнап, тарихи нәтижеге қол жеткізгені ел футболының мерейі екенін айтты.

«Футбол тойында әлемдік деңгейдегі жұлдыздар жанкүйерлерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Матч алдында сұх­бат алған журналистерге қорғанысқа бүркеніп жатып алмай, шабуылдау қажет екенін айтып едім. «Реал Мадрид» әлемдегі үздік клубтардың қатарындағы өте тегеурінді ұжым. УЕФА Чемпиондар лигасын 15 мәрте еншілеген клуб. Бірақ атағынан қаймықпай, қарымта шабуылды үдетіп, мінез таныту керек екенін бәрі де ұғынды. Жігіттер барын салып ойнады. Қарсылас клуб ойыншыларының даңқынан да қаймық­қан жоқ, шабуылдап, ұрымтал сәтті мүлт жібермеуге тырысты», деді А.Қожа­бергенов. Футбол ардагері команда қақ­па­шыларының әлем назарын аударуы клуб­­тағы қақпашыларды баптайтын ұжым еңбегінің нәтижесі екенін де атап өтті.

«Қайрат» УЕФА Чемпиондар лига­сының жалпы кезеңіндегі үшінші тур матчын өз алаңында өткізеді. 21 қазанда кипрлік «Пафос» клубын қабылдайды.