• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 08:35

Астарлы көңіл айту

30 рет
көрсетілді

«Біржан сал» фильмі қызық басталады ғой. «Әй, біразға барып қал­дым-ау мен осы» деп өз буына семіріп жүрген қазір­гілер байыбына бара бермейтін ілкідегі қазақ өмірінің баянды-баян­сыз, аяулы-аяусыз бет­тері көз алдыңнан іркес-тіркес сап құра жөне­леді. Бірі бері, бірі кері қара­ған оқиғалардың жық­пылынан қылаң ұрған деталь­дардың әрқайсысын тамырынан тартып сөйл­е­тер болса, бір-бір серия­ға жүк екені білінеді.

Туынды басталған бойда Бір­жан өмірінің қай тұсы су­реттелері бір минутқа да жетер-жетпес кадр­да хабар береді. Жаңа жауған ақ қарды сырып жібергенде астынан көк қыл­тиып шығады. «Қызық. Күннің көзі жылт етсе жер алданып қала­ды... Күн жылыса, жер көктей­ді. Содан кейін қар жауа­ды» дейді сал. Сосын сал Бай­кен­жеден сұрайды: «Бұл мезгіл қалай аталатынын білесің бе?», деп. Байкенже білмейді. Бір­жан: «Бұл мизамкөк аталады. Мен де сондаймын», дейді даусы ді­рілдеп. Күздің бітісі мен қыстың алдында күн ептеп жылығанда, бір аптадай жер дүние гүлдеп, іле күн суып кетеді. Алдап-соға­ды. Содан соң қыс келіп, даланы өлім құшағына алады. Кинода Біржан өмірінің тура осы мезеті ғана көрсетілген.

Бұл емеуріннің өзі көз жеткі­сіз емес пе? Мизамкөк былай тұрсын, орта жастан асқан ауылдағылар болмаса, қар астынан қылтиған көктің не екенін түсінетіндер аз шығар қазір. Ал мизамкөктің шуағы Арқа даласында болмаса, еліміздің кез келген өлкесінде бола бер­мей­тінін біледі этнографтар. Өзге өңірлерде өтеді ғой, сәл өзге­шелеу, басқаша аталуы мүмкін дегендей. Қазақ өміріне қанық адамның қай-қайсы болсын қағып ала қоятын амал аттары ғой. Мұның бәрі жай құбылыс десек те, фильм барысында бұдан өткен емеуріндер алдыңды орайды да отырады. Қазақ салтында бұрыннан болғанымен, кейінірек ұмытылған ғажаптар оның бәрі.

Мәселен, ел аралап жүрген Біржан бастаған салдар бір төбе­ден асып түсіп бара жатқанда, қаралы көшке тап болады. Ары­сынан айырылған қаралы әулет үлкендері өлген ерінің сүйегін қабірге әкетіп бара жатса керек. Әрине, салдардың салы суға кет­кендей тұнжырап тұрып қалады. Ақыры өлімге көздері жеткен соң, көшке қарап бір елдің беткеұстарын жерлеуге бара жатқанын білген соң ара­ларындағы салдың бірі: «Қояр көбейсін», деп қалады ғой. Осы қалпында түсінсеңіз, көңіл айтудың орнына өлер көбей­сін дегендей қарғыс сөз секілді. Сонда қаралы көштің ана бетіндегі орта жастағы бірі кісі «не дейсің, ей?» деп тапап берердей төніп келгенде, алдындағы ақсақал тоқтатады. «Тәйт әрі, бәдіктің көңіл айтуы осылай емес пе?» деп тыйып тастайды әлгіні. Кезінде «қояр көбейсіні» қалай, бәдігі кім?» деп бір ойлап, қоя салғанбыз. Жауабын өткен жолы жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романынан тауып қуандық. Онда мынадай жолдар бар.

«Тірісінде дуана, ағайын-туысқа сыйымсыз Садақбайды қойысуға бейіт басына мұнша­ма халықтың жиналатыны ешкім­нің ойына келмеген-ді. Арнайы шақырылмаған, алыс-жақын төңірекке хабар да берілмеген, соған қарамастан, ертелі-кеш «ой-бауырымдап» ат қойып, сойыс малдары мен қазан-ошақтарын өздерімен бірге көтеріп әкелісіп жатыр.

Ауырып жүргенде баз біреуге тілі не қолы тиіп кетіп жүрсе де, ел оның жақсылығын өлгенде мойындапты. Жақсылығын ба, жарыместігін бе? «Кіс» еткеннен басқа артында қалдырған бірауыз сөзі, не ғибрат ісі жоқ, несімен өзі жоқта қадыры артты?

Жиналған осы көптің ішінде Садақбайдың осы елдегі екінші нұсқасы – Мұқаммараз болды.

– Қойыс көбейсін! – деді ол әзіл-қалжыңынан айнымай тұрған жұртты сілтідей тындырып.

Оны олай ғып айтпаса ол Мұқаммараз бола ма? Өзінің ұрлық жасап, алыс орамдарға барып мал алып қайтқанын ешкім көрген жоқ. Сонда да «бау­кеспе, ұры» атағы бар. Өнерінде қапы жоқ, ерегіскен адамының атын таудың бір қуысына апарып бекітіп қойып, зар қақсатып жалындырғанша тауып бермейді. Өзі тауып бермей, оның қойған жерінен бекіткен малын шығарып алу мүмкін емес. Шауқардай басы тәштиген аласа бойына мойынсыз әкеп орната салған дәу қара қазан секілді, қалқиған қос құлағы сол қазан басынан тікесінен тік шығып тұрады. Өзінің Мұқаммараз деген аты да, білетіндердің айтуын­да, сайтанның есімі. Әкесінің кім екенін ешкім білмейді, соған қарағанда шешесінен бір кәкір болғаны анық.

– Ей, қаңғырған қу шұнақ, қойыс көбейсінің не? Өлгеніңді азсынып, табыт қағып тұрмы­сың? – деген ауылдасының сөзіне:

– Енді мұндай адам тумайды. Тағы туса, тағы қоймайсыңдар ма? – дейді екі көзі екі жаққа қарап тұрып.

– Осы бүкіл елден, алты алаш­тан Садақбайдан артықты таппадың ба?

– Таппадым, жоқ. Не қыла­сың? Бәрің кірсің, – деді Мұқам­мараз балаша жер тепсініп.

– Сенің өзің ше?

– Мен де кірмін. Сендер менен өткенсіңдер... Бәрің кірсің... Батпақтың ішінен шығып кеп тұрсыңдар».

Біз романдағы әңгімені осы жерден тиянақтаймыз. Сонда «қояр көбейсіннің» мәнісі халық арасынан осындай таза, періште жан қайыра көптеп шықсынға келеді, мұнысы дұрыс-ақ. Екінші жағы, сондай асыл шыға қалса, оны да осылай уақытынан бұрын жерлеп тынбақсың дегенге келіңкірейтін сияқты.

Ұлы Мағауия қайтқанда Абай шығарды деген бір шумақ өлеңмен астасады.

«Бұл Мағыш маған да жоқ, саған да жоқ,

Мағыштай бала тумас көңілге тоқ.

Аз күнде дүниеден мен де кетем,

Маған да зар боларсың, жиылған топ» дегендей, бәдіктің бірауыз көңіл айтуы хакімге сілтеме жасайтындай сезіледі. Ал бәдік туралы әңгіме басқа.