Бүгін Астана қаласындағы Үндістан Елшілігі Махатма Гандидің туғанына 156 жыл толуын және БҰҰ жариялаған Зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күнді Есіл өзенінің жағасындағы Ганди ескерткіші жанында салтанатты түрде атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ең алдымен М.Ганди ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталған іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Елшісі Я.К. Сайлас Тангал, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан, Қасиетті Тақтың Елшісі Архиепископ Джордж Панамтхундил, Венесуэланың Қазақстандағы Елшісі Розалба Ло Буэ Антико, Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Азамат Малыбаев, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері, БАҚ өкілдері, үнді қауымдастығының мүшелері, үнді студенттері қатысты.
Елші Сайлас Тангал Махатма Гандиді бейбітшілік пен зорлық-зомбылықтан ада әлемнің жақтаушысы ретінде еске алып, оның «Менің өмірім – менің жолдауым» деген сөзінің адамзатқа бағыт-бағдар болатынын атап өтті. Ол Гандидің шындық, дінаралық келісім, тұрақты өмір сүру мен жанашырлық сияқты құндылықтары қазіргі әлемдегі қақтығыстар, теңсіздік және климаттың өзгеруі сияқты жаһандық сын-қатерлермен күресуде ерекше өзектілігін айтты.
Ол Қазақстанда да Махатма Гандидің мұрасын жоғары бағалап, Астана мен Алматы қалаларында ескерткіштер, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Үндістанды зерттеу орталығы, сондай-ақ Алматыда Махатма Ганди мұражайы мен мектебі құрылғанын айтты. Бұлар Үндістан мен Қазақстан арасындағы достық пен ортақ құндылықтардың терең байланысын көрсетеді.
Іс-шара барысында Свами Вивекананда мәдени орталығының (SVCC) қазақ студенттері мен Үндістандық студент Гандидің сүйікті Бхаджан әндерін орындады.