• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 07:50

Жуалыдағы тағылымды кеш

20 рет
көрсетілді

Ақиқаттың алдаспаны, шын­дықтың шы­рақшысына айналған Қазақ­станның Халық жазушысы Шерхан Мұр­тазаның туған ауылы Талаптыда «Шер­­ағаның шекпенінен шық­қандар» атты жа­ңа кітап таныстырылды. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқар­ма­сының ұйытқы болған іс-шараға еліміздің әр қиы­рында тұратын Шерағаның шәкірттері жиналды.

Әуелі Тараздағы Шераға ескерткіші­не гүл шоқтарын қой­­ған қаламгерлер Мың­бұ­лақ­қа асықты. Талаптыдағы Шерағаң­ның шаңырағына жеткен соң әрісі Астана, берісі Ал­ма­тыдан келген қаламгерлер қай­раткер-жазушы туралы ес­те­ліктерін айтып, емен-жарқын әңгі­менің тиегін ағытты. Шерхан Мұртазаның мемо­риал­дық үйіндегі жазушының мұ­ра­ла­ры­мен, тарихи суреттерімен танысты.

«Шерағаның шекпенінен шыққан» қаламгерлер шоғыры қазіргі кезде ұлт руханияты­ның бір-бір беткеұстарына айнал­ғаны мәлім. Олар қазақ көр­кемсөзінің абыройын кө­теріп, әдебиеттің дамуына әлі де өз үлестерін қосып жүр. Сон­­дықтан жиында Шераға мен ол кісінің «шекпенінен шық­қан» әдебиет өкілдерінің рухани мұраларын дәріптеу, ұстаз бен шәкірт арасындағы тағылымды байланысты кейінгі буынға насихаттау іс-шараны ұйымдастырған руханият және тарихтану орталығының негізгі міндетіне айналғандай көрінді.

Әдеби кешті қаламгер Көсем­әлі Сәттібайұлы жүр­гізді. Облыс әкімді­гінің мәде­ниет және тілдерді дамыту бас­қармасының басшысы Ерлан Жүнісбай облыс әкімі Ербол Қара­шөкеевтің құттықтау хатын оқып берді.

«Іс-шараны біз көптен бері жоспарлап, осы жылы Шер­ағаның туған күніне орай өткізуді жөн көр­дік. Алдағы уақытта да бұл баста­маны дәс­­түрге айналдырып, ұлы жазу­­шы­ның туған күнінде Мың­бұлақ­тың төрінде жыл сайын өткізуге ниеттіміз» делін­ген құттықтау хатта. Сон­­дай-ақ «Әулиеата – кітап оқи­­тын өңір» жобасы аясын­да «Шераға шекпенінен шық­­­қан» қаламгерлердің ұстаз­дары туралы тағылымы мол есте­ліктерін жи­нақтап, жеке кітап етіп шығарғаны жазылған.

Талаптыға ат басын бұр­ған қалам­герлерге құрмет көр­сетіл­ді. «Шерағаның шекпе­нінен шыққандар» атты естелік кітап табысталды.

Кеш барысында жазушы­лық пен журналистиканы қос қанатындай серік еткен шәкірттері – Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, жазушы Кәдірбек Сегізбаев, қалам­гер­лер Жанат Елшібек, Әмір­хан Меңдеке, Нұрғали Ораз, Мағира Қожахметова, Қайырбек Асанов, Талғат Айт­байұлы, «Жалын» жур­налының бас редакторы Құдияр Біләл, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист Қайнар Олжай, Гүлзейнеп Сәдірқызы бастаған азаматтар естеліктерімен бөлісіп, орталыққа жеке жинақтарын табыстады.

Шераға шаңырағындағы кешке келген шәкірттері қа­ламгер туған ауылға Шерхан Мұртаза есімін беру туралы ұсыныс айтты. Өзге де ұтымды идеялар әңгімеге арқау болды.

«Пушкин дүниеден озғанда Гоголь қайғырып тұрып: «Пушкин өлді, Ресей жетім қалды», деген еді. Біз де Шерағаң бақилық болғанда жетімсіреп қалдық. Алдағы уақытта оның мұрасын насихаттау – парызымыз», дейді Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Талапты ауылы