• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жансарай Бүгін, 08:07

Елімізге ықыласы ерекше

10 рет
көрсетілді

Костарикалық фотограф Әнел Кенжекеева – қазақ жұртының жиені. Ол биыл қазақ тамырларын іздеу жолында туған «Менің Қазақстанға сапарым» атты фотокітабын таныстырып, жерлестеріне нағашы жұртын әйгіледі.

Әнел Кенжекееваның фотокітап түріндегі дипломдық жұмысы – отбасылық тарихты жіті баяндаудың бір тәсілі. Хикаясын бейнелер арқылы баяндаған. Өзі сурет өнеріне бала кезінен қызыққан екен. Әрдайым фотокітаптар жасап жүріпті. «2016 жылы Қазақстанға сапар шеккенімде, бастапқыда бейнефильм түсіргім келді. Нью-Йорк қаласына барып, диктофон мен камера сатып алдым, бірақ түсіру мүмкін болмады. Эмоцияларымды тежей алмадым, туысқандар тарапынан шақырулар көп түсті. Сол себепті әр сәтті есте қалдыру қажеттілігінен суретке түсіруге көштім», дейді елге сапары жөнінде.

Коста-Рикаға мың­даған суретпен, сезімге де байып орал­ған. Нағашы жұртында 29 жыл бұрын болып­ты. Кейінгі ересек кездегі сапары наға­шыларын тереңірек түсінуге жол ашқан. «Коста-Рикада шетелдіктерді көріп үйренгенбіз, ал ол жақта өзім шетелдік болып шықтым. Адамдар менің акцентіме таңғалып, өте қонақжайлық танытты. Сол жылылық мені қатты толқытты. Сондықтан, дипломдық жұмысым жай ғана академиялық еңбек емес, өз жан дүниеме терең бойлау дер едім. Сан түрлі эмоцияны қозғап, жасырын естеліктерді, сана түбінде жатқан сұрақтар мен бала күнгі жараларды сыртқа шығарған Пандораның сандығы секілді ашылды» деген ол анасына, нағашы жұртына құрметпен қарайды.

Әнелдің нағашы атасы Бақман Кенжекеев ерекше еңбегі үшін «Құрметті ұстаз» ретінде кеңестік медаль алған жан. Тіпті ол заманында Қаскелең өңіріндегі қазақ тілінде сабақ беретін жалғыз оқу орны – Абай мектебінде еңбек етіпті. Сонымен қатар атасы музыкант болған, оның кейбір әндері этнограф, музыкатанушы Александр Затаевичтің «Қазақ­­тың 500 әні мен күйі» атты кітабына енген. Сон­дай-ақ бұл кісі Екінші дүниежүзілік соғыс­қа да қатысқан. Осы жайлар Әнелді қатты толқытса керек. 

Фотокітап жасау барысында Әнел отбасылық естеліктерді қайта құрас­тырып шыққан. «Бұл жоба менің болмысымдағы терең бір олқылықты толтыруға көмектесті. Әрдайым өзімнің толық түсінбейтін бір қырым бар екенін сезінетінмін. Коста-Рикада аты-жөнім «бейтаныс» қыз еді, Қазақстан ол кезде аса танылмаған ел. Бұл әңгімені айту – тек шыққан тегім туралы баяндау ғана емес, сонымен қатар көпшілік үшін беймәлім, тіпті басқа әлемнен шыққандай көрінетін елді таныту.

Мен өте ұяң болдым, сабақта үнемі артқы қатарда отыратынмын. Аты-жө­німді алғаш рет атап шақырғанда, әрдайым анамның тегі қайдан шыққанын сұрайтын. Мен түсіндіруге мәжбүр болатынмын. Сыныптастарымның бәрі бұрылып қарайтын, маған ол ұнамайтын. Бірақ қазір, осы фотокітап арқылы өзімді және ата-бабамды тануға, танытуға жол аштым», дейді тебіренісін жасыра алмаған Әнел.

Бала кезінде кейіпкеріміз көшпе­лі­лер туралы тақырыптарға қатты құ­мартқан. Қиялдап адам беттерін салатын болған. Кейін портреттер түсіріп, болмыс тақырыптарын зерттей бастаған. Ақыры осылар әдетіне айналып кеткен. «Болмыс, көші-қон тақырыптары мені қатты қызықтырады. Бұрын мұның бәрін бейсана сезетінмін. Ішімнен шыққан терең ізденісті аштым. Осыншалық әсерлі ақпаратты табу мен үшін үлкен жаңалыққа айналды. Қазақстанның көшпелі дәстүрі бар екенін бұрыннан білетінмін, бірақ менің арғы ата-бабаларым солай өмір сүргенін білу жанымды қатты толқытты» дейді ол.

Әнелдің Қазақстанға сапары үлкен өзгеріс әкелді. Алғашында бөтенсінер деп қорықса керек. Бірақ нағашы жұрты соншалықты жылы қабылдапты. Өзін отбасының арасында жүргендей сезініпті. «Бұл керемет сезімге ұласты, бірақ оны қабылдап, қорытуға уақыт керек еді. Шын мәнінде, дипломдық жұмысымды бірнеше жылдан кейін ғана бас­тадым, барлық ақпаратты, эмоцияларды, суреттерді ретке келтірген соң ғана. Бұл өзімді емдеу іспетті әсер етіп, маған күш-қуат берді», деп ағынан жарылды.

Ұзақ үзілістен соң бір жарым жыл бойы осы жобамен айналысқан Әнел Қазақстандағы нағашыларымен, ағайын­дарымен қатынасты үзбеген.

Фотокітапта автор Қазақ елі, ата-анасы туралы көп қаузаған. Ата-анасы Мәскеуде, педагогика студенттеріне арналған бір жатақханада танысқан. Әкесі әйгілі Мәскеу педагогикалық институтында тарих пен әлеуметтану мамандығы бойынша оқыған, ал анасы сол оқу орнында тіл терапиясы мен зияттық даму кемістігі бойынша маманданыпты.

«Анам қазір зейнетте, кезінде туристік гид әрі мигранттарға тілмаш болып істеді. Өте тынымсыз адам. «Қалайша сонша энергиясы бар?» деп таңғаламын. Өте көп саяхаттайды. Енді ойласам, бұл тамырынан келген сияқты, қазақ әйелдері өте қайсар. Нағашым да сондай мықты, сондай қуатты.

Қызығы, мен де жеті жыл бойы әртүрлі жерде тұрдым: бірнеше жағалауда, қалаларда, Испанияны аралап, Коста-Риканың теңіз жағалауларында өмір сүрдім. Кейін біршама уақыт АҚШ-тың Калифорния штатында қоныстандым. Тоқтамайтынмын. Бір орында тұру маған өте қиын еді, мүмкін бұл көшпелі салттың бір бөлігі шығар. Қазір он бес жылға тая­ды, тұрақты жұмысым бар. Алғашында бір орында отырамын деген ой мені қинады, тіпті өлетіндей күй кештім, бірақ кейін үйрендім», деді Әнел.

Әлеуметтік желілерден нағашы жұртын тамашалаудан жалықпайтын біздің кейіпкердің сағынышы шексіз. Өзі Instagram сияқты әлеуметтік желілер елдің мәдени байлығын көрсетуге керемет платформа болғанын айтады. Ол үшін Қазақстан мен басқа да Орталық Азия халықтарының мәдениеті танылып келе жатқаны керемет жаңалық. Көшпелілер ойындары сияқты іс-шараларды зор ықыласпен тамашалаған көрінеді. Қазақстанның төл мәдениеті жоғары бағаланғаны үшін қуанышты.

«Меніңше, қазақ және жалпы Орта­лық Азия мәдениетіне деген қызығу­шылық басым. Көшпелілер дәстүрі, тарихы, түркі халықтарының музыкасы бүкіл әлемдік аудиториямен үндесіп жатыр және осы тамырға деген мақтаныш сезімін көру маған қатты ұнайды. Қазақ тілін үйренгім келеді, мәдениетке тереңірек бойлау үшін», дейді.

Қазір әлем үлкен ашықтық кезеңде тұр. Осы орайда қазақтың қайта жаң­ғы­рып жатқан ұлттық болмысы да қы­зы­ғушылық тудыратыны белгілі. Әнел бірде Бразилия мен Параг­вай шекарасындағы ауылда, шамакоко тайпасының арасына түскенін еске алды. «Сонда бір байырғы әйел ешкім­мен сөйлеспей-ақ маған келіп: «Сіз қай этносқа жатасыз?», деп сұрады. Таңғал­дым, мен өзімді еш этносқа жатпай­мын деп ойлайтынмын. Бала кезімде маған: «Ке­шір, бірақ сен байырғы адамға ұқсай­сың», дейтін. Мен үшін бұл қорлау емес, мақ­таныш. Байырғы халықтарға әрдайым құрметпен қараймын». Бұл сөздер – біздің кейіпкердің жан сырындай естіледі.

Қазақ мәдениеті мен тұрмысына қызық­қан Әнел нағашы жұртын тереңі­рек зерттеп, тану үшін антропология ғылымын оқығысы келеді. Визуалды этно­логияны үйренсем тереңірек тани түсер едім деген ойда. «Қазақ тарихы ғажап, өте бай және көне әрі қарай үйреніп білер ме еді» деп көкейдегі арманын ақтарудан да тайсалмады. Басқа құрлықта туып, өзге ортада өссе де қанына тартып, нағашы жұртының мәдениетін зерттеп, кітапқа айналдырып, жерлестеріне таныстырған қазақ фотографының талабы кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық. 

 

Әнуар Теміров,

Ла-Плата Ұлттық университетінің (Буэнос-Айрес, Аргентина) Халықаралық қатынастар институты Еуразия бөлімінің мүшесі, қазақ зерттеуші