Тәуелсіз еліміздің картасындағы жаңа кенттің бірі – Жылыой ауданындағы Жаңақаратон. Оған 1999 жылдан бері мұнай алынатын кен орындарына таяу орналасқан Ескіқаратон, Сарықамыс кенттерінің тұрғындары көшірілді. Жаңа кентте ержеткен жігерлі жастардың қатарында Айбар Аманжолов та бар.
Ол «Жылыойгаз» ЖШС-да еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер болып қызмет етеді. Міндеті – өндірістегі қауіпсіздіктің сақталуын қадағалау. Жоғары білімді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен алған. Кейін техника және технология саласының магистрі атанды.
Университеттегі оқуын аяқтағаннан кейін үлкен еңбек жолын осы серіктестікте бастады. Жас маман бірден табандылығымен, жұмысты жауапкершілікпен атқаратын іскерлігімен ерекшеленді. Аудандағы елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтитын серіктестік басшылары жас маманға сенім артып, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер міндетін жүктеді.
«Маған жүктелген міндет табиғи газды тасымалдаумен байланысты болғандықтан, жұмысымды қауіпсіздік техникасын тексеруден бастаймын. Жабдықтарды мұқият тексеріп, жұмыс орындарының жай-күйін бағалаймыз. Себебі апаттың салдарын жоюдан гөрі оның алдын алу әлдеқайда жеңіл. Басты қағидат – апатты болдырмау», дейді А.Аманжолов.
Жас инженердің айтуынша, атқаратын жұмысы сан алуан. Біріншіден, газ құбырында апаттық жағдайларды болдырмау жөніндегі іс-шараларды жүргізеді. Екіншіден, жеке қорғану құралдарының жарамдылығы мен қолдануды бақылайды. Үшіншіден, серіктестік қызметкерлерін оқытуды ұйымдастырады. Төртіншіден, бес жыл сайын бір рет мамандарды аттестаттаудан өткізеді.
«Ұжым – менің екінші үйім. Жұмыс істегеніме соншалықты көп уақыт өтпесе де мұны жақсы түсіндім. Өйткені толымды тәжірибесін бөлісуден тартынбайтын тәлімгерлермен көзқарасымыз ортақ, мақсатымыз бір», дейді А.Аманжолов.
Ол ұжымдағы түрлі іс-шараны ұйымдастырушылардың бел ортасында жүреді. Мерекелік кештерді жүргізеді. Қоғамдық жұмыстан бас тартпайды. Спорттық жарыстарға қатысады. Апта сайын «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтетін сенбілікте қоршаған ортаның тазалығын сақтауға атсалысады.
«Бала күннен бергі хоббиім – атпен серуендеу. Бұл рухыңды оятады, шыдамдылыққа жетелейді. Алты жасымнан жылқыға қалай күтім жасауды үйрендім. Жұмыстан қолым босаған кезде әкем, ағаларыммен бірге серуендейміз. Атқа мінгенде қанат біткендей көрінеді», дейді жас инженер.
Оның күнделікті қағидасы – үйрену, үйрету, алаңсыз, қауіпсіз өмір сүру. Бұл әсіресе жастардың жадына мықтап түйетін ұстаным болуы керек. Жақында А.Аманжолов «Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Өндірістегі үздік жас маман» аталымында жеңімпаз атанды. Мұны өзінің ғана емес, ұжымның жеңісі деп біледі.
Атырау облысы