Павлодарда қоғамдық көлікті оңтайландырудың нәтижесінде 4 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделетін болды. Үш бағыттағы маршрут жойылып, 56 мыңнан астам жолаушыға автобустарға тегін ауысып міну қызметін пайдалану құқығы берілді.
Павлодар қаласының әкімдігі мәлім еткендей, қоғамдық көліктің маршруттық желісін оңтайландыруға қатысты бір айға созылған кешенді жұмыс аясында 11 маршрутты оңтайландыру, 2 тиімсіз бағытты жою жоспарланған. Қозғалыс сызбаларын түзету көліктік қолжетімділікті, азаматтардың өтініштерін талдау, сондай-ақ нақты жолаушылар ағыны мен маршруттардың жүктелу деңгейін бағалау негізінде жүзеге асырылған. Нәтижесінде, жолаушылар өте аз жүретін, қалалық бюджетке елеулі жүктеме түсіріп келген (166 млн теңгеден астам) №5, №6, №17 маршруттар жойылды. Бұл бағыттарда қосымша өзге автобустар мен трамвай маршруттары бар.
Бұдан былай қала маңындағы №40, 41, 38, 66 маршруттар теміржол вокзалына дейін жүретін болды. Шешім теміржол вокзалы ауданындағы дамыған көлік жүйесін ескере отырып қабылданды. Аумақта жолаушылар ағыны 60 000 транзакцияға өскен. №66, 40 маршруттар ұзындығының айтарлықтай қысқаруын ескере отырып, жолаушыларға бір сағат ішінде тегін ауысып міну тетігі енгізілді. Бір айда 56 591 адам тегін ауысып міну қызметін пайдаланды.
Сондай-ақ теміржол вокзалынан Усолка шағын ауданына дейін жүретін №66А бағыты енгізілді. Маршруттағы орташа жолаушылар ағыны қазірдің өзінде 2 мың транзакциядан асады. Қысқартылған қозғалыс схемасы мен 14 минутқа дейінгі аралық-тың арқасында маршруттағы жолаушылар ағыны одан әрі өсуге тиіс. Осылайша, түрлі бағыттардағы қолжетімді рейстер саны ұлғайтылып, екі бағытта маршруттың ыңғайлылығы мен икемділігі артқан.
Автобус желілерін қайта қарау, автобустар санын 262-ден 252-ге дейін қысқарту есебінен маршруттарға қызмет көрсетуге арналған пайдалану шығындары айтарлықтай төмендеген. Жолаушылар ағынының 10%-ға артуы тіркелген (күніне 169 441-ден 186 814 транзакцияға дейін). Әкімдік өкілдері тасымалдаушыларды субсидиялау көлемін қысқарту есебінен бюджет қаражаты жыл сайын 4 млрд теңгеге үнемделетінін жеткізді.
ПАВЛОДАР