• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 09:30

Ғұлама ғибраты

10 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында ақын-ағартушы, ойшыл-ғұлама Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына арналған кешенді іс-шаралар өтті. Тарихи тұлғаның атажұрты – Жәнібек ауданы әкімдігі жыл бойы мерейтойлық іс-шараларға бас-көз болып, үйлестірушінің рөлін атқарды. Қыркүйектің соңын­да өткен қорытынды жиындардың да нүктесін әдемі қойды.

Ғылыми орталық керек

Жыл бойы өткізілген мерей­той­лық іс-шаралардың ең сүбелісі – «Ұлттық рухты нығайтқан сөз шебері: Ғұмар Қараштың мәде­ни-тарихи келбеті» атты респуб­ликалық ғылыми-танымдық кон­фе­ренция болды. Еліміздің әр түк­­пі­рінен келген айтулы ғалым­дар айтқан әр лебіз халық­тың көңілінен шығып жатты.

«Біз Ғұмар Қараштың тарихи тұлғасы толық ашылды, ғұмыр жолы түгел зерттелді деп айта ал­май­мыз. Кеңестік репрессия тұ­сын­дағы көптеген құжат әлі құпия күйінде жатыр. Сондықтан осы Орал қаласындағы Махамбет университеті жанынан Ғұмартану ісіне жеке зерттеу орталығын ашу керек деп есептеймін. Мысалы, Абай­тану ісінде Семей қандай жоқ­шы болса, Ғұмардың жоғын жоқ­тап, жоғалғанын түгендеуге Орал да сондай қажыр-қайрат көрсе­туі керек», деді конференция қонағы, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Хангелді Әбжанов.

Жиында белгілі жазушы, ғұмартанушы Мақсат Тәжімұ­раттың да ой-пікірі жиналған жұрт­­тың көңілінен шықты. Ғұмар Қараштың өмірі мен шығар­ма­шылығы туралы тұңғыш моногра­фиялық жинақтың авторы «Алаш қайраткерлерін зерттеу ісінде әр өңірдегі тұлғалар бірдей зерттелуге тиіс, Алаштың әр тұлғасы  нөмірі бірінші болуы керек», деді ғалым.

Жиынға онлайн қосылған Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы «Алаштың рухани әлеуеті: Ғұмар өнегесі» тақырыбында баяндама жасады.

Ал тілші ғалымдар Шеру­бай Құрманбайұлы мен қызылор­далық Болат Боранбай ХХ ғасыр ба­сындағы қазақ әдеби тілі, Алаш қайраткерлерінің тіл сабақ­тас­ты­ғы Ғұмар Қараш шы­ғарма­ларының тілі мен көркемдік ерек­шелігі туралы қызықты әңгіме өрбітті.

Конференция қарарында Ғұмар Қараштың есімін ел дең­гейін­де насихаттау, орта мектеп бағдарламасына Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы енгізу, Астана қаласын­дағы мектептердің біріне Ғұмар Қа­раш есімін беру, Ұлттық музей­де Ғұмар бұрышын ашу, Орал қала­сында Ғұмар Қараш атын­да­ғы ұлттық баспасөз музейін ұйым­дастыру секілді бірқатар ұсыныс қабылданды.

Осы жиын соңында ағарту­шы ақын, ойшыл философ Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуы­на орай дайындал­ған төсбелгімен академик Хан­келді Әбжанов, профессорлар Тұяқбай Рысбеков, Шерубай Құрманбайұлы, Болат Боран­бай, Мұрат Сабыр, жазушы ғалым Мақсат Тәжімұрат, М.Ықса­нов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаев, облыстық тарихи-өлкетану музейі­нің директоры Жантас Сафиуллин, тағы басқалары марапатталды.

 

Жәнібектегі жарқын той

Ғұмар тойының қоры­­тынды іс-шаралары ақын-ағартушының туған жері Жәнібек ауданында өтті. Қыркүйек айының соңғы күндері аудан орталығында «Азат­тықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты ақын­дар айтысы, дүбірлі дала қызық­тары болды.

Бұл күні алыс-жақыннан аудан­ға ағылған мәртебелі меймандар, ардагерлер қауымы «Хабар» агенттігінің режиссері Нұрсерік Қамбар түсірген «Ғұмар Қараш» атты деректі фильмнің алғашқы көрсетіліміне қатысты.

Осы тойда өңір басшысы Нари­ман Төреғалиев ұлт тағдырын, халық болашағын ойлаған ұлы қайраткердің еңбегіне тағзым ету жөнінде сөйледі.

«Әуелі қолдан келсе, еліңді сүй,

Ел үшін еңбек еткен еріңді сүй.

Қағбаға тауап ету керек болса,

Кір жуып, кіндік кескен жеріңді сүй!»

деген екен ақынның өзі. Сол ту­ған жер­дің төсінде тұрған ақын ес­керткіші бұл күні гүлмен көм­керілді.

Аудандық мәдениет үйінде өткен ақындар айтысына талай бәйгеде топ жарып, жұртшылық ризашылығына бөленіп жүрген ақындар қатысты. Бірнеше сағатқа созылған сөз сайысы жырқұмар жұрттың құлақ құрышын қандыр­ды. Аудан басшысы Тимур Серік­ұлы додаға қатысқан он ақынға 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық таратып, мерекелік төс­белгі табыстады.

Мерейлі тойға жиналған жұрттың делебесін қоздырған қызықтың бірі – 100 шақырымдық аламан бәйге. Талов ауылдық окру­гіне қарасты Бірлік елді мекеніндегі Ғұмар кесенесінен басталып, аудан орталығы Жәні­бек ауданына дейін созылған бәйгеге 51 ат қосылса, мәреге тек 10 тұлпар жетті. Бас жүлде – авто­көлік маңғыстаулық шабандоз Нұрсұлтан Құмаров тізгіндеген «Мұздай» тұлпарына бұйырды.

Ал қазақ күресінде Алмаз Батырхайыров «түйе палуан» атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Осы аталым бойынша Райымбек Нұрғалиев күміс жүлде иеленсе, Мерген Задоров қола жүлдеге қол жеткізді.

«Ғұмар тойы ғибратқа толды», дейді осы мерекелік іс-шаралардың басы-қасында жүрген көпшілік. Аз ғұмырын халқының жарқын келешегіне толайым арнаған тұлғаның тойы басқаша болуы мүмкін емес те секілді.

 

Батыс Қазақстан облысы