• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 13:05

Туризмдегі деректерді есептеуге ЖИ көмектеседі

20 рет
көрсетілді

Алматы тау кластеріне, Бурабайға тағысын-тағы демалыс аймақтарына шетелден туристер көп барды деген статистиканы жиі оқимыз. Енді осындай мәліметтерді жиып, дәлме-дәл есептеу үшін жасанды интелект пен мобильді деректер көмекке келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қай өңірге неше турист барғаны, олар қандай орындарды аралап, қызықтағаны туралы ақпарат туризмді дамытуды ойластырған ірі компанияларға ғана емес, жеке кәсіпкерлерге де қызық. Себебі қонақтар туризмнің қай бағытын дұрыс көрсе, елдегі туристік компаниялар сол бағытта жұмыс істесе еңбек өнеді. Статистика неғұрлым нақты болса, турист жиі баратын өлкенің инфрақұрылымына, қызмет көрсету сапасына соғырлым ерте көңіл бөлуге болады.  

Жуырда өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумында туристік ағындарды бақылау үшін мобильді деректерді пайдалануға арналған панельдік сессия өтті. Онда Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев пен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы жасанды интеллект пен мобильді деректерге негізделген туристік статистиканың жаңа моделін енгізу туралы хабарлады. Жобаны Ұлттық статистика бюросы «Kazakh Tourism» ҰК АҚ, Дүниежүзілік банк және Позитиум өкілдерінің қатысуымен іске асырып жатыр.

Туристер ағынын бақылайтын қазіргі жүйе тек қонақүйлерде тіркелген туристерді ғана анықтай алады. Соның өзінде қонақүйлердің барлығы толық және уақтылы ақпарат бере бермейді. Салдарынан кейбір туристер статистикаға енбейді. Енді мобильді деректер енгізілген соң, туристер туралы ақпарат толығып, қонақтардың келген-кеткені есептен тыс қалмайды. Бұл қадам –туристік ағындарды неғұрлым толық әрі сенімді түрде көрсетуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ танымал маршруттарды, маусымдық ауытқуларды және бағыттарды анықтайды.

Алдын ала талдау нәтижелері ұялы байланыс операторының деректері ресми статистикадан айтарлықтай асып түсетінін көрсетті. Мысалы, Алакөл курорттық аймағында мобильді деректер 658 мың қонақты тіркеген. Бұл ресми көрсеткіштерден 2,4 есе көп. Балқашта да жағдай шамамен осындай. Қонақ үйлерде 135 мың қонақ түнесе, жаңадан енгізілетін ұялы байланыс деректері бойынша 534 мыңнан астам турист келіп, қонақ саны 4 есе көп тіркелген. Бурабайда орналастыру орындары бойынша 346 мың турист тіркелсе, ұялы байланыс деректері 1,5 миллион туристі қамтыған, яғни бес есе көп деген сөз. Осылайша, еліміз ТМД елдері арасында туризм статистикасына ЖИ пен мобильді деректерді біріктірген бірінші мемлекет атанып отыр. Ал тәжірибе қаншалықты ұтымды болады деген сұрақтың жауабы уақыттың еншісінде.