Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасына қарасты «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағының мәліметінше, мемлекеттік орман қоры санатына жатады және ерекше қорғалатын табиғи аумақтың бір бөлігі саналатын Баум тоғайында 104 429 ағаш және 5081 бұта бар, деп жазады Egemen.kz.
АШМ Орман шаруашылығы ғылыми-инновациялық институты дерегі бойынша апатты жағдайда тұрған ағаштардың үлесі жалпы көрсеткіштің 9 пайызынан сәл ғана асады. Келер жылы аумақты абаттандыру аясында тоғайдың жасыл қорын толықтыру және табиғи шығынды өтеу мақсатында мыңнан астам жаңа ағаш егу бағдарламасы жүзеге асады.
Ағаштарды санитарлық сауықтыру барысында қурап қалған және зақымданған бұтақтарды кесу, зиянкестер мен ауруларға қарсы күрес жүргізе отырып, санитарлық мақсатта кесу, екпелерді өңдеу және ағаш діңінің айналасын алдын алу тазалау жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар ағаштардың саулығын, пішінін және ұзақ тіршілік етуді сақтауға бағытталған. Тоғайдағы жұмыстар табиғи ортаға мейлінше зиян тигізбеуге бағытталып отыр.
Абаттандыру жұмыстарында цемент-бетон бұйымдарын қолданбай, экологиялық материалдар пайдаланылады. Экологиялық жүргінші жолақтары мен энергоүнемдегіш жарықтандыру орнатылып, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция бекеттері мен бейнебақылау жүйелері қарастырылады. Тоғайды қалпына келтіру жұмыстары қатар жүрп жатыр. 2023 жылы еріктілер Сиверс алмасы мен жапырақты тұқымдардың 1430 көшетін, былтыр емен, шырша және өрік ағаштарының 720 көшетін отырғызды. Жұмыс еріктілер мен демеушілер есебінен жүзеге асып жатыр. Осылайша, Баум тоғайындағы барлық іс-шара тек бірегей табиғи аумақты сақтау, сауықтыру және қалпына келтіруге бағытталып, тұрғындардың демалыс орнын қаланың жасыл нышаны ретіндегі рөлін арттыру жұмыстары жалғасын таба береді.
АЛМАТЫ