Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жобасы – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров жобаның ауқымы мен ерекшелігі туралы толығырақ айтып берді.
– Ұлттық жоба шеңберінде «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының негізгі атқаратын рөлі қандай?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба аясында еліміздің барлық өңірінде 217 жаңа үлгідегі мектеп салынады. Оның ішінде 208 нысанның құрылысын бірыңғай оператор ретінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жүзеге асырып отыр. Бұл компания тек тапсырыс беруші ғана емес, толық циклге, яғни жобалаудан бастап, құрылысты жүргізу мен заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруға дейінгі бүкіл үдеріске жауап береді.
2024 жылы бірыңғай дирекциямен жүзеге асырылған 104 мектеп қолданысқа тапсырылды. Бүгінде бұл көрсеткіш 172 мектепті құрап отыр. Енді 36 білім ошағы жыл соңына дейін халық игілігіне беріледі.
Мұндай механизм әлеуметтің құрылыс саласында алғаш рет қолданылып отыр және бұл тиімділігін көрсетті. Бір орталықтан басқарудың арқасында жобалау жұмыстары оңтайландырылып, шығындар қайта қаралып, қажетсіз тармақтар алынып тасталды. Соның нәтижесінде қазіргі таңда 156 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделіп, мемлекет қазынасына қайтарылды. Бұл – халықтың игілігіне қайта жұмсалатын үлкен ресурс. Яғни «Samruk-Kazyna Construction» бірыңғай дирекциясы бұл жобаға тек құрылыс тұрғысынан ғана емес, экономикалық тиімділік тұрғысынан да үлкен серпін берді.
– Мектептерді уақытында тапсырып, сапаны бақылауға қандай тетік енгізілген?
– Бұл жоба еліміздің құрылыс саласында жаңа кезеңді ашты деуге болады. Ең алдымен, елімізде алғаш рет EPC-келісімшарттар жүйесі енгізілді. Оның ерекшелігі, бұрынғыдай жобалау бөлек, құрылыс бөлек жүргізілмейді. Бір компания барлық үдерісті, яғни жобалаудан бастап, толық жабдықталған дайын мектепті «кілтімен» тапсыруға дейін өз мойнына алады.
Жобаның тағы бір ірі жаңалығы – «e-Qurylys» цифрлық платформасы. Елімізде алғаш рет іргетастан бастап ғимарат толық пайдалануға берілгенге дейінгі барлық кезең электрондық жүйеде тіркеліп, ашық бақыланады. Орындаған жұмыстардың актілері алғаш рет цифрлық форматта бекітіліп жатыр. Әр мердігер компания фото мен есептерді жүйеге жүктеп отырады, ал құзырлы органдар, авторлық және техникалық қадағалау өкілдері құрылыстың барысын онлайн көре алады. Бұл – ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қаражаттың әр тиынын мақсатты жұмсауға мүмкіндік беретін тың шешім.
Сапаны бақылау да кешенді жүргізіліп жатыр. Әрбір нысанда тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау камералары орнатылған. Сонымен қатар әр құрылыс учаскесіне үш тәуелсіз техникалық сарапшы бекітіліп, олар күн сайын жұмыстарды тексеріп, апта сайын электрондық жүйеге есеп жүктейді. Мердігерлерге қосымша талаптар қойылды, олар құрылысқа бес жыл, жабдықтарға үш жыл кепілдік береді. Егер қандай да бір ақау табылса, оны өз қаржысы есебінен жоюға міндетті.
Осы жоба аясында отандық құрылыс материалдары мен жабдықтар кеңінен қолданылып жатыр. Үкімет қаулысына сәйкес олардың үлесі 75-90%-ға жетеді. Мәселен, Қызылордадағы шыны зауытының өнімдері, Түркістандағы травертин, Алматыдағы желдеткіш жабдықтары, сондай-ақ барлық мектепке орнатылған жиһаз – толықтай отандық өнім. Бұл қадам мектептерді заманауи стандартпен салуға ғана емес, отандық өндірісті қолдауға да мүмкіндік берді.
– Бұл жоба ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға қалай ықпал етеді?
– «Келешек мектептері» жобасының ең басты миссиясының бірі – қала мен ауыл арасындағы білім теңсіздігін жою. Ұлттық жоба аясында көзделген 217 мектептің 40%-ы ауылда бой көтеріп жатыр. Бастысы, жаңа мектептер елдің барлық өңірінде бірдей стандартпен салынуда. Яғни мегаполистегі бала да, шалғай ауылдағы оқушы да дәл сондай заманауи әрі қауіпсіз мектепке барады.
«Келешек мектептерінің» техникалық қамтамасыз ету деңгейі қарапайым мектептерден 4 есе жоғары. Мемлекеттік мектептердің құрылысына бөлінетін қаражаттың шамамен 6%-ы ғана жабдықтарға жұмсалса, бұл жоба бойынша көрсеткіш 20%-ға жетті. Ғимараттардың жалпы аумағы да 20%-ға ұлғайған. Бұл сыныптар мен дәліздердің кеңеюіне, логопед пен педагог-психологке жеке бөлмелер қарастыруға, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін қолайлы орта жасауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге мектептің сыйымдылығына қарай спорт залдарының саны да көбейтілді. Атап айтсақ, шағын, 300 орындық мектепте – бір үлкен және бір шағын зал болса, 2000 орындық ірі мектепте – екі үлкен және екі шағын зал бар. Әрбір мектепте STEM-зертханалар, роботтехника кабинеттері, хореография залдары, оқушылар мен мұғалімдерге арналған коворкинг-аймақтар бар. Ең басты ерекшелік – мектепке дейінгі дайындық, бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек-бөлек блоктарда оқиды. Олардың әрқайсысына мектепке кіретін есіктер, асхана және спорт залдары жеке қарастырылған. Күн ұзаққа ауыр сөмке көтермес үшін барлық оқушыға жеке шкафтар берілген.
Әңгімелескен –
Бекзат ҚҰЛШАР,
«Egemen Qazaqstan»