Астанада «ҚР-ның жаңа Су кодексі және оны іске асыру жоспарлары» атты оқу семинары басталды, 10 қазанда аяқталады. Негізгі мақсат – су саласы мамандарына жаңа су заңнамасын және оны іске асыру тетіктерін түсіндіру. Семинарды Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған іс-шара БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ), Германия Үкіметінің Халықаралық климаттық бастамасы аясында Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы (МСШҮК) ғылыми-ақпараттық орталығының, сондай-ақ Халықаралық су ресурстарын бағалау орталығының қолдауымен ұйымдастырылған.
Сала министрлігінің мәліметінше семинар бағдарламасы төрт негізгі бағыттан тұрады: мемлекеттік басқару және стратегиялық жоспарлау; су нысандарын қорғау және Су кодексінің салалар бойынша қолданылуы; сондай-ақ елді мекендердегі сумен жабдықтау мен су бұру мәселелеріне арналған бөлім. Бұл тақырыпты ҚР-ның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мамандары қарайды.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің су ресурстары және төтенше жағдайлар жөніндегі маманы Ниғмят Нұртазаның айтуынша ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің негізгі бағыттарының бірі – еліміздің су ресурстарын біртұтас басқару жүйесін дамыту.
«Осы мақсатта біз жаңа Су кодексін әзірлеу барысында техникалық қолдау көрсеттік. ЕҚЫҰ Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамаларын толықтай қолдайды. Кодексті бейімдеу, түсіндіру және оны тәжірибеде тиімді қолдану ісіне бірлесе атсалысып келеміз. Бүгінгі семинар осы ынтымақтастықтың айқын көрінісі. Сонымен қатар офис су ресурстарын біртұтас басқару саласында бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр. Біздің басты мақсатымыз – бассейн инспекциялары мен бассейн кеңестерінің осы процеске белсенді қатысуын күшейту. Өйткені дәл осы құрылымдар су ресурстарын тиімді басқарудың негізгі орындаушылары», деді Н.Нұртаза.
Есіл бассейн инспекциясы басшысының орынбасары Гүлден Исмагулованың сөзінше жаңа су заңнамасы енгізілгеннен кейін, бассейн инспекцияларында, яғни бізде көп сұрақ туындап отыр, өйткені кодексте жаңа баптар мен жаңа ұғымдар бар.
«Осы мәселелерді талқылайтын семинар ұйымдастырылғанына қуаныштымыз. Іс-шараның негізгі мақсаты – су саласының тұрақты дамуын және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа су заңнамасын түсіндіру», деді Г.Исмагулова.